25.05.2018, 15:13
Оқылды: 40

Ақжайықтық кәсіпкерлер Жұбан орталығының құрылысын қолға алмақ

Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта жерлестер форумы өтті. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор серпіліс әкелген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылған басқосу мәнді де маңызды шаралармен айшықталды.

Жерлестер форумы «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттарын салтанатты құттықтау мен концерттік бағдарламаға ұласты. Алдымен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы хақын баяндаған бейнефильм ұсынылды.

Өлкенің дамуына өзіндік үлес қосқан бірқатар азамат  «Жомарт жүрек» сыйлығының әртүрлі аталымдарымен  және аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Мысалы, Бударин ауылындағы балабақшаға құны 1500000 теңге тұратын ойын алаңын салып бергені үшін «Көшім» шаруа қожалығының иесі Жангелді Баянов «Аялы алақан» аталымымен қошеметтелді. Жыл сайын тұрмысы төмен, көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты қарияларға қаржылай және мал азығымен қол ұшын беріп келе жатқан Алғабас ауылындағы «Адай-Бекет» шаруа қожалығының жетекшісі Ерболат Құрманғалиев «Шапағат»  аталымымен марапатталды. Ол сонымен қатар әр жылдары ондаған отбасына қомақты қаржымен көмектесіп келеді. 8 отбасының 25 адамын жұмыспен қамтып, 10 тұрғын үй салып берген жомарт адам. Дәл осындай еліне қашанда қамқор бола білген 20-дан астам азамат көтермеленді.

Осында форумның басты қонағы, аудан түлегі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Шафхат Өтемісов сөз сөйлеп, осындай шараға атсалысқан баршаға алғыс айтты. Келешекте де туған елді көркейтуге шақырып, ел бірлігі, тұтастық хақында ой-толғамдарымен бөлісті.

Қазақ руханиятына, тарихына, дамуына қан жүгірткен Елбасымыздың аталмыш құжаты ел өміріне көптеген өзгерістер әкелгені шындық. Міне, ел ертеңіне алаңдаған азаматтардың туған жерде бас қосып, келелі кеңес өткізгені соның бір айғағы. Осы форумда қатысушылардың қолдауымен биыл қолға алынған 52 жобаның көпшілігі жүзеге асатын болды. Одан бөлек алдағы уақытта кәсіпкерлердің атсалысуымен ауданымызда ақиық ақын Жұбан Молдағалиев орталығының құрылысы қолға алынбақ.  Дәл мұндай рухани орданың мәдениетіміздің дамуына, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге зор септігін тигізері сөзсіз.

Сондай-ақ форумда «Нәзік намыс» аталымымен марапатталған жеке кәсіпкер Әлия Шоқанова аудан орталығынан балабақша ашатынын мәлімдеді. Еңселі елордамыз Астана қаласының 20 жылдығына орай бұл балабақшаға бас қаламыздың аты берілмек.

Бекболат ҚАЛЕНОВ

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале