Өткен ақпан-наурызда БҚО ішкі әкімі аппаратының аудит қызметі Ақжайық аудандық ветеринария стансасына тексеріс жүргізген болатын. Нәтижесінде, бірқатар кемшіліктер анықталды. Аудан көлеміндегі ветеринариялық іс-шараны тиісті деңгейге, сапаға көтеру өте-мөте көкейкесті болып отыр. Бруцеллез кеселінің адамға жұғуы жөнінде күрделі жағдай қалыптасып отыр.
Аудан әкімі Әділ Жоламановтың төрағалығымен ветеринария саласы мамандарымен өткізілген жиылыста осыған байланысты кезек күтпейтін істер қаузалды.
Ауданда 2018 жылдың 5 айына түліктердің пастереллез, сібір жарасы, қарасан, қойдың шешегіне қарсы егу, туберкулез ауруынан зерттеу жоспар ойдағыдай орындалды. Сондай-ақ аталған кезеңде бруцеллез ауруына ірі қараны диагностикалық зерттеу 103%-ға орындалды (жоспарды 44909 орнына 46335 бас зерттелді). 601 бас ірі қарадан кесел анықталды (былтыр осы уақытта 457 бас оң нәтиже берген еді). Тұтас аудан бойынша жоспар орындалғанмен, өкінішке қарай, Ақжол, Алғабас, Жаңабұлақ, Қарауылтөбе, Мерген ауылдық округтерінде бұл жөнінде межеден шықпай отыр. Сондай-ақ жиылыста аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Мақтауғали Нұрәлиев айтқандай, өткен 5 айда барлығы 64570 бас қой-ешкі малы зерттелуге тиіс болатын болса, 62919 бас зерттеліп, жоспар 97%-ға орындалды. Мұнда да көрсеткіштері төмен ауылдық округтер аз емес. Ал жоспарлы диагностикалық зерттеуден 105 бас уақ жандық ауруға шалдыққаны анықталды.
Нақ осы бруцеллез дертімен күресте біраз шалағайлық көптен бері жалғасып келе жатқаны айтылды. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Қанатбаевтың хабарламасында бұл кесел 2016 жылы 15 адамға, 2017 жылы 41 адамға, биылғы өткен кезеңде 10 тұрғынға жұққаны баяндалды. Осы уақыт ішінде облыс бойынша 20 адам бруцеллезге шалдыққан екен. Жай-күйді осыдан байқауға болады, яғни аталмыш ауруды жұқтырған тұрғындардың тең жартысы Ақжайық ауданында болып шықты. Е.Қанатбаев ауру малды төлдету, жүн қырқу, малдан қан алу немесе егу кездерінде, сондай-ақ түлік өнімдерін тұтыну кезінде жабысқанын сөз етті.
Отырысқа қатысқан БҚО ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағанбетов «Ақжайықта ветеринария саласында бірқатар түйінді мәселе туындап отыр. Төрт түлікті егу, қан алу жұмыстары, бұқырлау мен бірдейлендіруде кемшіліктер бар. Осындай жұмыстарды күн өткізбей ретке келтіру керек. Жоспарсыз, нәтижесіз жұмыс жасау ешкімге де пайда әкелмейді. Ол үшін мамандар ауызбіршілікте болып, түрлі түлік дертінің алдын алу, тұрғындардың денсаулығына нұқсан келмеу үшін барымызды салуымыз керек»,-деді ол.
Алмалы ауылдық округі бойынша ветеринариялық пункттің меңгерушісі Орынша Сүлейменова мамандардың көкейінде жүрген жайтты алға тартты. Оның айтуынша, ветпунктерге берілген көліктердің бұзылуы жиілеп кеткен. Оны жөндеу үшін өз қалталарынан қаражат шығарады екен. Сонымен қатар жанармай да жетіспей жатады.
АШМ ветеринариялық бақылу және қадағалу комитетінің аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Азамат Алхамбетов аудан орталығынан типті мал моласын салу туралы ұсынысын ортаға салды.
Жиылыс барысында «Ветеринария туралы» Заңның 35-бабы, 2-тармағы, 4-тармақшасына сай, бұқырлау жұмыстары мал иелерінің есебінен жүргізілуі тиіс екені мамандардың қаперіне салынды.
Бұқырлаудың сапасы қатаң қадағаланатын болады. Әйтпесе жағдай ушығатын болады. Қабыршақты ауылдық округінде бір шаруа қожалығында 51 бас, Жамбыл ауылдық округінде – 24 бас, Есенсай ауылдық округінде – 31 бас, Көнеккеткен ауылдық округінде – 23 бас бруцеллез ауруы тіркеліп отыр. Мал иелері арасында америкалық «РБ-51» вакцинасымен мүйізді ірі қара малын егу жөнінде түсінік жұмыстарын тереңдету қажет. Бұл кеселдің таралу деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді. Аталған вакцина республикамыздағы ветеринария саласындағы уәкілетті органда тіркелген, сондай-ақ Евразиялық экономикалық одаққа тіркелген вакциналармен жануарларды бруцеллезге қарсы иммунизациялауға жол беріледі. «РБ-51» вакцинасының артықшылығы – еккеннен кейін қан алуға болатындығы, РСК және ИФА реакцияларын көрсетпейтіндігі. Онымен бұзауды 4 айдан бастап, сонымен қатар барлық ұрғашы малды егуге және буаздылығына 4 ай кезінде егуге болады.
Аудан көлемінде күні бүгінге 31 бейімделген мал моласы бар. Өкінішке қарай, көпшілігінің тозығы жеткен және қазіргі таңдағы қолданыстағы ветеринариялық-санитариялық қағида талаптарына сай келмейді. Қаражат тапшылығына байланысты бұл жөнінде құрылыстар жүргізілмей отыр.
Санитариялық союды өз деңгейінде ұйымдастыруды да қаперден шығаруға болмайтыны жиылыста баса айтылып, жуыр арадағы ауқымды істер айқындалды.
Бекем БЕКҰЛЫ
Ақжайық ауданы