Енді бұл жерге келген кез келген адам смартфонмен арнайы кодты сканерлеу арқылы Құныскерей үңгірі туралы толық ақпарат алады. Тақтайша Қаратөбе аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың ұйымдастыруымен бүгін орнатылды. Айта кетерлігі, бұл Батыс Қазақстан облысы бойынша киелі орындарға қойылған алғашқы QR-код тақтайша.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы және Қаратөбе ауданының 90 жылдығы аясында Егіндікөл ауылдық кітапханасында ұрпақ бойына туған жерін сүюге, оның табиғаты мен табиғат байлықтарын қорғауды, туған жердің тарихы мен мәдени құндылықтарын терең тани білуге баулуды мақсат еткен «Туған өлкем – тұнған шежіре» атты шара өтті. Шара барысында «Ауылым – алтын бесігім» атты тақырыптық көрмесінде Егіндікөл ауылының тарихы, киелі жерлері мен мектебі туралы үш тілде баяндалды. Көрменің «Ауылымыздың мақтаныштары» бөлімінде өлкеден шыққан талантты тұлғалар мен жауынгерлердің өмір жолы туралы айтылды. Сонымен қатар, мектеп оқушыларының «Құныскерей тұлғасы» атты сахналық қойылымы көрермен назарына ұсынылды. Шағын ауылдың бай тарихынан сыр шерткен шарада ауыл ақсақалы Ертай Сердалин сөз сөйлеп ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Рухани жаңғыру адамның туған жерінің тарихынан басталатынын айтқан ол, жастардың бойына патриоттық сезімді ұялатуда осындай шараның маңызды екенін атап өтті.
Аталмыш шара ауыл іргесінде жатқан «Құныскерей үңгірі» аталып кеткен тарихи орында өз жалғасын тапты. Құныскерей үңгірі – Егіндікөл ауылынан 4-5 шақырым жерде орналасқан. Өз кезеңінде билік тарапынан қуғынға ұшыраған Құныскерей батырға пана болған деседі бұл үңгірді. Жергілікті халық бұл айтулы тұлғаның ғажайып оқиғасын естерінде сақтап, осы жерді Батыс Қазақстан облысының киелі жерлеріне жатқызады.
Ажаргүл ӘЛИЕВА,
Қаратөбе ауданы