Несие серіктестіктерінің қаржылық есептерін және бережақтарын мезгілінде төлуін қамтамасыз ету, осыған бақылауды күшейту мәселесіне арнап, аудан әкімі Әділ Жоламанов кеңес өткізді. Оған ауылдық округ әкімдері, аталған серіктестіктердің төрағалары, «Орал» ӘКК Ұлттық компаниясы АҚ мен басқа да тиісті сала өкілдері қатысты.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы 2011 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Бағдарламаның 2-бағыты «Кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру және тірек ауылдарды кешенді дамыту» бойынша ауданның 426 тұрғынына 858,0 млн. теңгеден астам төмен пайызбен несие берілген болатын.
Алайда бүгінгі таңда шешімін таппай жүргені – 2012 жылы берілген несиенің қайтарымы. Сол жылы 82 несие серіктестігі құрылып, 511,0 млн. теңге кепілсіз несие бес жылға берілді. Биылғы 1 шілдедегі мәлімет бойынша, жалпы бережақ – 65 несие серіктестігінен 100,9 млн. теңге.
Яғни, бес жылға бөлініп, осы уақытқа дейінгі барлық төленуге тиісті қаражат 227,6 млн. теңге болса, соның 140,7 млн. теңгесі төленіп, 1 тамызға 59 несие серіктестігінен берешек 86,9 млн. теңгені құрап отыр. Кеңесте мына жайт еске салынды: бағдарлама бойынша несие төлеу алдында, яғни 18 ай (1,5 жыл) демалыс мерзім беріліп, өткен жылдың наурызынан төлем уақыты басталған болатын.
Аудандық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Бақтыгүл Ержанова айтқандай, «Орал» ӘКК өткен жылдың аяғында аудан бойынша 19 несие серіктестігін 2014 жылдың 31 желтоқсанына құралған берешек бойынша сотқа берген болатын. Бүгінде сот шешімі «Оралдың» пайдасына шешіліп, енді сот орындаушылар жүмыстануда.
«Оралдың» заңгері Қуандық Нүсенов серіктестер төрағаларына келісімшартты сақтаудың маңызын қаперге салды. Әділет басқармасының басшысы Бақтыгүл Ағылманова несие серіктестігін заңды түрде жабу немесе мүшеліктен шығу жолдарын, кірістер басқармасы бақылу бөлімінің басшысы Нұрлан Төлегенов тоқсан сайын тапсырылатын есепті орындамаған жағдайда салынатын айыппұл туралы түсініктеме берді.
Мәселені тұжырымдаған аудан әкімі Ә.Т.Жоламанов жұмыспен қамту орталығына 20 қыркүйекке дейін әр ауылдық округтерді аралап, несие серіктестік мүшелерімен кездесіп, қазіргі таңдағы жағдайын анықтап, нәтижесін баяндау керегі айтылды.
Болат ЕСҚАЛИЕВ
Ақжайық ауданы