Ақжайық ауданының Қабыршақты ауылында көпшілікті елең еткізген ерекше бір шара өтті. Бұл осындағы онжылдық мектепті бұдан жарты ғасыр бұрын тәмамдап, ақшуақ арман қанатында үлкен өмірге беттегендердің кездесуі еді.
Адамның рухани жан-дүниесі әлбетте, атажұртынан, туған топырағынан қуат алады. Бұған аталған дидарласу тағы бір өте анық көз жеткізді. Өңіріміздің әр шалғайынан туған ауылға асығып жеткендердің көшелер бойына, аққулы Көшім өзенінің жағасына жанарларына жас іркіліп қараған келбетін айтсаңшы. 50 жыл бұрынғы үйлерді, жол қиылыстарын іздегенінен де қастерлі сезімінің сәулесін көру қиын емес-ті. Ауыздығымен алысқан арғымақ уақыт-ай... Адамды толғауы тоқсан тіршілік өзінің әр қиырына ала қашып, содан тіпті көп жыл жүздестіре қоймағанына да таңдануға бола ма. Мысалы дейсің, Тасқаладан сағыныш туын желбіретіп жеткен Күләш Қасымова осы кездесуді ұйымдастырушы Тимур Қалмұрзинмен (Чапаев ауылы) осымен екінші рет көрісіп тұр екен. Оның «математикадан мықты Тимурдан талай көшірдік қой»,- деп, қызығы да мол, шыжығы да жетерлік балдәурен кезден әңгімесі, Теректі ауданынан келген Бақытжамал Тәжиеваның тура 50 жылдан соң бір-бірін әрең таныған Қанат Өрекешовке (Қабыршақты ауылы) «әй, сен баяғы «ұзынтұра» деп атайтын Қанатсың ғой»,-деп, сонау жақын да алыс жылдардағы қағытпа, әзілдерді еске түсіруі, осы туған жерде құрылыста мастер, прораб болып еңбегімен танылған Ғарифолла Мирмановтың, бұрынғы кеңшардың мал шаруашылығында жауапты қызметтер атқарған Сәрсенбай Жаубатыровтың елгезектіктерін, сергектіктерін тұстастары сүйсіне баяндауы – бәрі де балауса шаққа саяхаттың сұлу сәті емес пе.
Қазақ музыкасының биігіндегі әйгілі Шәмші Қалдаяқов пен Әсет Бейсеуовтің қаншама жыл өтсе де ескірмейтін есті әндері әуелеп, қуаныштары тасқан түлектер арасынан Райса Құспанғалиеваның (Қабыршақты) бір мезетте ақ фартук тағып, мектеп формасын киіп шығып, қалықтап билей жөнелгенде, балалық шақтың тап ортасына бәрі түсе қалғандай, мәз-мейрам болғанын айтсаңшы.
Тек бұлардың емес, Қазақстанның бағына, мақтанышына айналған сыныптастары Сайлау Мұқашевтың еркін күрестен елдің әлденеше рет чемпионы, КСРО біріншіліктерінің жүлдегері атанып, маңдайы жарқыраған жылдар да әрине, бәрінің есінде. Қазақтың осындай топжарған балуан ұлының бүгінде сырқат болса да Қабыршақтыға келгені кездесудің бәсін тіпті арттырды. Мүгедектік кресло-арбадағы оны алып келген кезіндегі күрес кілеміндегі шәкірттері: КСРО спорт шебері, бұрын ауданымызда, көршілес Теректіде жауапты жұмыстарда болған, бүгінде Астанада, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Талғат Сидық пен қазір БҚО грек-рим, еркін күрес және әйелдер күресі федерациясының төрағасы Бауыржан Бегайдаровқа жұрт алғыстарын жаудырды.
«Әттең, бүгінде арамызда болса...», деп жиналғандар бір кездегі мектеп директоры Рақым Аманбаевты, бақилық тағы басқа да ұстаздарын, араларынан ерте кеткен Серік Амалов, Бисенбай Бисенғалиев, Төлеген Атошев, Қабес Сабырғалиев, Болат Өтеев және Нығмет Ахтановты еске алып, жарқын келбеттерін жаңғыртты.
Өздеріне өмірде жол меңзеген барлық мұғалімге риясыз көңілден ризашылықтарын арнады. 1967 жылдан өздерінің тәрбиешісі интернат меңгерушісі болған, математика және сызу пәндерінен сабақ берген Әзмұқан Үмбетовтің де естелігі сол шақтың суреттерін бәрінің көз алдына әкелді.
Бекем БЕКҰЛЫ,
Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН
Ақжайық ауданы,
Қабыршақты ауылы