Қазталов аудандық мәдениет үйінде Астананың 20 жылдығына арналған мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы байқаудың аудандық кезеңі өтті.
Байқаудың ашылуында сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков:
- Сіздер қоғамнан ешқандай шет қалып жатырған жоқсыздар. Бойларыңызда түрлі қасиет бар. Ол - халыққа қызмет етеді. Соның бір айғағы өнер деген ұлы ұғымды биікке ұстап жүрсіздер. Сондықтан да бүгінгі байқауда осы өнерді халық алдына шығарғалы отырсыздар. Сіздерге мемлекет барлық қолдан келген қамқорлықты жасай береді. Байқауда сәттілік! - деген тілегін жеткізді.
Бұдан соң байқау жалғасын тауып, үміткерлер «Үздік қолөнер», «Эстрадалық байқау», «Көркем сөз оқу» және «Музыкалық аспапта орындаушы» номинациялары бойынша сынға түсіп, өнерлерін ортаға салды. Байқау нәтижесінде аталмыш номинациялар бойынша Қансұлу Сапарова, Елжан Рахатов, Ахан Досболатов, Дана Әділбековалар топ жарып, облыстық кезеңге жолдама алды.
Байқау соныңда Қазталов аудандық жұмыспен қамту және бағдарламалар бөлімінің басшысы Мирлан Құсайынов сөз сөйлеп, үміткерлерге алғысхаттар мен арнайы сыйлықтар табыс етті.
Гүлнұр ҚАЗБЕК,
Қазталов ауданы