Ұзынкөл, Аңқаты, Шалқар ауылдық округтерінде аудан әкімі К. Жақыпов, аудандық мәслихат хатшысы А.Нұрғалиев, сондай-ақ аудандық сала бөлімдері басшыларының қатысуымен «Ашық әкімдік» шарасы өткізілді. Бұған қоса мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Әр округте жұмыссыздық мәселесі белең алып тұр. Бос жұмыс орындары бар, дегенмен халық өзіне қолайлы кәсіп іздейді. Мысалы, ұзынкөлдік Б.Чартыкова, С.Ажуова осы мәселені көтеріп, «екі қолға бір күрек» қажет екендігін алға тартса, М.Әлібекова ауылдағы саябақты көгалдандыру және дәріхана мен медбикенің жоқтығын атап өтті. Расында да, әр жиын сайын Ұзынкөл ауылында медицина қызметкерінің тапшылығы айтылады. Бұл жағдайдың оң шешімі табылатын уақыт та жеткен сыңайлы. Аудан басшысы К.Жақыпов айта-айта жақ талған мәселені назарда ұстаймын деп уәде берді.
Аңқаты ауылдық округіндегі Мәдениет үйінде халық қарасы көп болды. Олардың дені бөлім басшыларына жолығып, шаруаларын оңтайлап жатты. Ауыл тұрғыны А.Ықсанова анасының құжаттарын қайта рәсімдеу жолы туралы мамандармен кеңессе, Б.Жұмағазиева өзгенің атында тұрған баспанасын өз атына рәсімдеу жолы хақында ақпарат алды. Ал С.Таубаева аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы А.Тасеновадан көп балалы аналарға мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақылар жөнінде мағлұмат сұрады.
Шалқар ауылдық округіндегі ашық есікке келген М.Серікқалиқызы мен А.Майталова жұмыссыздық мәселесін шешіп беруін сұрайды. Аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Т.Нұрғалиевтен ауыл тұрғыны А.Қажығалиев жекеменшік жер құжаттары туралы туындаған сауалдарына жауап таба білді.
Әділет ӘЛІБЕКҰЛЫ
Теректі ауданы
zhaikpress.kz