24.08.2018, 15:13
Оқылды: 102

Жәнібекте Жанғалидың жыр кеші өтті

 

Zhanibek Zhangali (3)Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан жаңаша бастау алатын «Туған жер» бағдарламасы негізінде ақын, журналист Жанғали Мырзәлиевтің 70 жылдығы аясында туған жері Ақоба ауылында «Жырдың шамын маздатып...» атты облыстық ғылыми-шығармашылық конференция оздырылды.


Жерлес ақын Жанғали Мырзәлиевтің шығармашылығын насихаттау, жеткіншек ұрпаққа өлеңдерін жіті таныстыру мақсатында өткен шарапатты шараға аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов, алыстан ат терлетіп келген қонағымыз, ақын, Қазақстан  Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» және «Қадыр Мырзәлиев» медальдарының иегері, ҚР мәдениет қайраткері Айтқали Нәріков, «ҚР ғылымына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің және «Қадыр Мырзәлиев» медалінің иегері, «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дің филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Зейнолла Мүтиев, республикалық ақындар айтысында екі мәрте бас жүлдені қанжығасына байлаған, облыстық  ақындар айтысының 7 дүркін жеңімпазы Мұрадым Мирланов, облыстық «Орал өңірі» газетінің тілшісі, ҚР Журналистер одағының мүшесі, ақын Нұртай Текебаев, әуесқой сазгер Алтынбек Харесов қатысты.

Zhanibek Zhangali (2)Конференция басталмас бұрын қонақтар мен қатысушылар ауылдық Мәдениет үйінің ауласында орналасқан «Белгісіз жауынгер» монументі маңына жиналды. Мұнда аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов пен құрметті қонақ Айтқали Нәріков, Зейнолла Мүтиев және ауыл ақсақалы Мұрат Мұханбетқалиев Ұлы Отан соғысында шейіт болған ата-бабаларымыздың рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Жиынға қатысушылар Мәдениет үйінде ақынның баспасөз беттерінде жарияланған туындылары, ақын туралы мақалалар жинақталған көрмені тамашалады.

Zhanibek Zhangali (1)Жанғали ақынның өлеңдерін Х.Халиуллин атындағы жалпы білім беретін орта мектебінің бір топ оқушылары мәнерлеп оқыды. Ақобалықтар асыға күткен сәт - ақынның «Асау» атты өлеңдер жинағының лентасын қию рәсімі аудан әкімінің орынбасары  Жақсылық Абдолов пен ақын Айтқали Нәріковке ұсынылды.

Конференцияны ашқан аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Кәримоллаұлы  алыстан келген құрметті меймандарға қош келдің айтты.

-Елімізде әрбір күн сайын дамудың  шыңына  жету үшін жасалып жатқан нақты қадамдар мен халық игілігі үшін атқарлып жатқан шаралар көрініс беруде. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарияланғалы бері бастамалардың қарқыны артып, жеміс бере бастады. Соның бірі - Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан полк комиссары, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған Хаби Халиуллин, Кеңес Одағының Батыры Николай Чуриков, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Қапан Мусин, халық ақыны Халима Өтеғалиева сынды асылдардың кіндік қаны тамған Ақоба ауылының тағы бір төл перзенті, талантты ақын Жанғали Мырзәлиев өлеңдерінің жинақталып, «Полиграфсервис» ЖШС арқылы «Асау» атты кітабының жарқырап жарыққа шығуы. Бұл тұрғыда ақынның әр жылдары шыққан өлеңдерін бірнеше жыл бұрын жинақтап, қызығушылық танытып, зерттелуін армандап, жинақтың шығуына ұйытқы болған өлкетанушы, журналист Ахмедияр Батырхановтың үлесі зор. Міне, бүгін ақынның 70 жылдық мерейтойы аясында  бәрімізге ортақ үлкен қуанышты бөліскелі отырмыз. Осы ретте ақын өлеңдерін баспадан шығаруға материалдық тұрғыдан мүмкіндіктерінше қол ұшын созған ақобалықтарға алғыс білдіремін, - деп жерлестерін қуаныштарымен құттықтады.

Zhanibek Zhangali (4)Өз кезегінде кітаптың алғы сөзін жазған ақын Айтқали Нәріков жылы лебізін білдірді.

-Ақындар поэзияға лек-лек боп келеді. Әрісін айтпай, соғыстан бергі кезеңге көз жіберсек, Жұбан Молдағалиев, Сырбай Мәуленов, Сағынғали Сейітов сияқты ағаларымыз майданнан ақын болып оралды. Елуінші жылдары ақын болып елге танылды. Алды классикалық дәрежеге жетті. Одан кейінгі лек болып келген Қадыр Мырзәлиев, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Сағи Жиенбаевтар дүниені дүбірлетіп, қазақ өлеңін асқақтатты. Бұдан кейінгі лекті Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереева сынды ақындар жалғаса, олардың ізін Темірхан Медетбеков, Кеңшілік Мырзабеков, Жарасқан Әбдірәшев, Күләш Ахметова сынды біздің замандастарымыз басты. Осы қалың топтың арасында  бүгінгі атап өтіп отырған Жанғали Мырзәлиев те болды. Ол ҚазГУ-де оқыған жылдары қазақ поэзиясын аспандатқан соңғы лектегі жігіттермен, қыздармен бірге өсті. Жарыса жыр жазды. Жатақхананы күңірентіп өлең оқыды. Адам баласының тағдыры әртүрлі. Мына біздің Жанғали сол керемет талантты топтың арасынан бөлініп, туған жерге оралуға мәжбүр болды. Егер Жанғали Алматыда оқып, сол  құрбылардың қатарында қалған жағдайда, қазір қазақтың аса көрнекті ақыны болып қалыптасар еді. Оған оның жалынды жырлары куә. Жанғали шығармашылығының бастауында буырқанған күш, поэзияның желі азынап тұрған мықтылық байқалады, -деп биік баға берді. Ақын ақынның аруағы риза болсын деген ниетпен  жүрекжарды туындысын тыңдарманға тарту етті.

Zhanibek Zhangali (5)М.Өтемісов атындағы БҚМУ филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Зейнолла Мүтиев өз сөзінде Жанғалидың жырларымен танысқаннан кейін таңқалғанын жасырмады. Баяндамашы Жанғали Мырзәлиев жәй ақын емес, мықты зерек ақын екеніне көз жеткізгенін айта келе, өлең жырларын ғылыми түрде талдап, ақынның қырын ашып берді. Зейнолла Жақсылықұлының баяндамасы қарапайым халықты елітіп әкетті. Жанғалидың талантына іштей бас иді.

Шараға қатысушылар Ақобаның төл перзенті, Жанғали ағамыздың сырлас інісі, бүгінгі таңда Астана қаласында ҚР Ұлттық музейі имидждік-ақпарат қызметінің басшысы,  журналист, ақын, өлкетанушы Дәулеткерей Құсайыновтың жолдаған бейнесәлемдемесін тамашалады. Ақынның көзін көрген замандасы, ақобалық айтыскер ақын Мұрат Мұханбетқалиев, көршілес Күйгенкөл ауылынан келген сыныптасы Райхан Зәкәрияқызы, бір сынып төмен оқыған замандасы, ардагер ұстаз Жұпар Қарақызы Жанғалидың бала кезден байқалған ерекшелігін, зеректігін айтып, естеліктермен бөлісті.

Zhanibek ZhangaliМәдениет үйін домбыраның күмбірімен дүр сілкіндіріп, халықтың көңіліне қуаныш ұялатқан айтыскер ақын Мұрадым Мирланұлының арнауы ақобалықтардың мерейін асырды. Ал жергілікті жас ақын, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың І курс студенті Төрехан Нәсиевтің жыр-шашуы да Жанғалидың ізін талай дарын жалғастыратынын дәлелдегендей болды.

Кешті ұйымдастырушылардың бірі, жыр жанашыры Нұртай Текебаев ақынның шығармашылығына өзіндік сұрағын қоя отырып, ақын өлеңдері арқылы жауап берді. Жырмен сусындап өскен ақобалықтар Нұртай оқыған ақын өлеңіне ұзақ қол соқты.

Аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов құрметті қонақтарға алғыс айтып, Айтқали Нәріков пен Зейнолла Мүтиевтің иықтарына шапан жапты.

Конференциядан соң қонақтар Ақоба ауылының көркемөнерпаздары қойған концертті тамашалады.

Ә.ҚУАНҒАЛИЕВА

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале