27.08.2018, 13:07
Оқылды: 64

Дарьинск мектебі гимназия болып қайта құрылды

Зеленовта дәстүрлі тамыз кеңесі өтті. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» тақырыбында өткен кеңеске аудан әкімі Асхат Шахаров та қатысты.

Tamyz (3)

Жиылғандар алдымен «Жаңартылған білім беру мазмұнын іске асыру жағдайындағы дәстүрлер мен инновациялар» атты бейне материалды тамашалады.

Алдымен сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы Серік Сафиуллин алда келе жатқан Білім күнімен құттықтап, тамыз кеңесінің жұмыс барысымен таныстырды.

Өткен оқу жылын саралап, алдағы оқу жылын жоспарлаған шарада аудан әкімі Асхат Берлешұлы да сөз алды.

            -«Еліміздің басты капиталы – білімді жастар, білімді ұрпақ болашаққа қаланған инвестиция» деген болатын. Бұл дегеніміз – білім саласына назар аударып, жалпы барлық жастағы азаматтардың білім беру жолында өзіміздің  озық жүйемізді құру, педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қазіргі уақытта қайта қарау.  Жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындау мақсатында білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын арттыру, ел азаматтарының болашағы ретінде қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеру, латын қарпіне көшу, цифрлы білім беруді дамытуға күш салуды тапсырды, - деді.

            Аудан әкімінің айтуынша, ауданда басқа салаларға қарағанда, білім саласына мол қаражат, яки 70 пайыздай қаржы бөлініп отыр. Бұл үрдіс болашақта да жалғасын табатын болады.

- Елордасы Астанамыздың 20 жылдығына орай ыңғайластырылған ғимаратта қызмет атқарған мектебіміз биылғы оқу жылында заманауи үлгіде салынған жаңа ғимаратқа көшті. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Жаңа білім ордасы 300 орындық, 100 орындық интернаты да бар. Құрылысын «Отделстрой» ЖШС жүргізді. Бұл мектепте балалардың білім алуына толық жағдай жасалған. Спорт зал, 100 орындық асхана, пән кабинеттері, шеберхана және кітапханамен жабдықталған.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында «Нұр Отан» партиясының қолдауымен мектебімізде облыс бойынша алғашқы ІТ сыныптың тұсауы кесілді, - деді Дариян мектеп гимназия-интернатының директоры Шолпан Өмірзақова.

Айта кету керек, 1998 жылы ашылып, 200-ден астам түлекті қанаттандырып, шәкірттері білім додаларында жүлдегер атанып жүрген бұл мектеп бұған дейін Дарьинск қазақ мектебі аталып келсе, енді Зеленов ауданы әкімінің 2018 жылдың 8 тамыздағы №506 қаулысымен «Дариян мектеп гимназия-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып қайта аталды.

Шара барысында аудан бір топ мұғалім арнайы төсбелгімен және аудан әкімінің алғыс хаттарымен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің және облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Нұрлыбек МҰХАМБЕТИЯРОВ,

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале