Бұдан алты жыл бұрын шағын кәсіпкерлікті дамытуға, қолдауға қайтарымсыз негізде берілетін қаржылық грантты иеленуге көпшілік құлықсыз-тұғын. Бүгінде ауыл-аудандардағы ағайынның «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау-көмекке сенім артқан. Расында, мемлекет әке-шешең, жомарт бауырың құсап 3 миллион теңгеге дейін тегін қаражат ұсынып, «кәсібіңді дөңгелет, дамыт» деп қолтығыңнан демеп отырса, құлағы түрік, еті тірі азаматтар кәсіп ашуға, сол арқылы бала-шағасын асырауға неге ұмтылмасқа?! Ең бастысы, жақсы инновациялық жобаңның болуы шарт. Биыл облыстық конкурстық комиссия 237 жобаны қарап, солардың ішіндегі озық деген 30 жобаны мақұлдады. Сол 30 жобаның 18-і ауыл-аймақтан (жалпы шамасы 29,5 млн. теңге), 12-сі облыс орталығынан (жалпы шамасы 17,5 млн. теңге). Бұл жобаларды іске асыру барысында 67 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
БҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бас маманы Мейрам Қабдығалиевтің айтуынша, қолдау тапқан жобалардың ішінде Орал қаласында майлық (салфетка), Зеленов ауданында жоңқа (производство щепы), Теректі ауданында жарық беретін жаяу жол плиталары өндірістерін ашу және өзге де өңірімізде бұрын болмаған өндірістік жобалар қолдау тапты. Комиссия мақұлдаған ауылдық жерлердегі жобалардың ішінде Зеленовтан – 5, Қазталовтан – 3, Бөрлі, Қаратөбе, Теректі, Сырым, Бөкей ордасы аудандарының әрқайсысында екі жобадан бар. Олардың барлығы дерлік өндіріс орнын ашуға бағытталған. Мысалға, бетон бұйымдарын, ойыншықтар, кеспе тастар, леготастар өндірісін ашу, киім тігу, жиһаз жасау, сүт өнімдерін шығару, сәндік планкендер өндірісі, экструдерленген жем өндірісі жобалары. Бұл жобалар биылғы жылдың аяғына дейін және 2019 жылы іске асырылмақ.
Гранттық қаржы шағын кәсіпкерлікті дамытуға, қолдауға, соның ішінде өз ісін бастаған жас кәсіпкерлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға және моноқалалардағы, ауылдық жердегі жасы 50-ден асқан әйелдерге барлық салада, ешқандай шектеусіз жеке кәсіп ашуға беріледі. Осының негізінде биыл 5 мүмкіндігі шектеулі жан, 7 жас, 8 әйел кәсіпкер және 6 кәсіпкер 50 жастан асқан әйелдер санаттары бойынша қолдау тапты.
– Жалпы, комиссия қарауына өткен жобалардың кейбірі барлық талапқа сай, яғни кәсіпкер зерттеп, нақты есеп-қисабын жүргізген. Ал кейбір өтпей қалған жобалардың ішінде тіпті зерттелмегені, ойға келген бағалар мен мерзімдерді қоя салғаны кездесті. Конкурсқа қатысып, бірақ комиссия мақұлдамаған жобалардың жалпы ортақ кемшіліктері қандай десек, өнім өндіру жолы нақты зерттелгенімен, өнімді өткізу нарығы ескерілмеген. Сондай-ақ өндіріс орындарын ашуға қажетті инфрақұрылымы жеткілікті ғимараттардың болмауы тән, – деді Мейрам Қабдығалиев.
Мамандардың айтуынша, конкурсқа қатысушы «Бизнестің жол картасы – 2020» немесе «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту – 2017-2021» бағдарламалары аясында өткізілетін тегін оқу семинарының сертификат иегері болуы тиіс. Сертификат иегерлеріне ешқандай жеңілдік жасалмайды, өйткені бұл сертификат конкурсқа қатысуға мүмкіндік беретін құжаттардың тізіміне кіреді. Облыстық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерге сервистік қолдау көрсету мақсатында конкурсқа қатысушыға тегін бизнес жобалар жасақтап береді. Жоғарыда айтылған қызметтердің барлығын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерге сервистік қолдау көрсету бағытында тегін жүргізеді.
Бір қызығы, біз де аталмыш конкурстық комиссияның мүшесі ретінде байқағанымыз, қатысушылардың басым көпшілігі «Бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық?» дей ме екен, кім білген, қайтарымсыз қаржыны молынан қарпып қалуға тырысады. Сатып алатын жабдығы бір
миллион теңгеге жетпесе де, максималды 3 млн. теңгені сұрайды. Гранттық қаржыға жабдықты тасымалдау, жол шығыны кірмейтінін біле тұра сөйтеді. Алайда гранттық қаржы қайтарымсыз болғанымен, оның сұрауы бар. Мемлекеттік грант қаржысының мақсатты жұмсалуын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ белгілі тәртіп шеңберінде тексереді. Дұрыс әрі мақсатты жұмсалмаса, сот арқылы кері қайтарылады. Бірақ өңірімізде мұндай әбестік жағдай әзірге орын алмаған.
Соңғы кездері кейбір аймақтардың гранттық қаржыдан бас тартқанын естуіміз бар. «Кейбір облыстардың гранттық қаржыдан бас тартуының себебі оларда өмір сүру деңгейі жоғары болып, грант қаржысы бір бизнес ашуға жеткіліксіз болуы мүмкін. Ал біздің өңірде жыл санап гранттық қаржыға республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат шамасы өсіп келеді. Сондықтан облысымызда атаулы бағдарламаға қатысушылар қатары көбейе түсуде. 2019 жылы атаулы мемлекеттік қызмет түріне қаржы бөлінеді деп сенеміз», – деді Мейрам Қабдығалиев.
Оның айтуынша, шағын кәсіпкерліктің тұрғын үй немесе ғимаратты жалға беру саласы бойынша гранттық қолдау қарастырылмаған. Ал өзге түрлері бойынша еш шектеу жоқ. Сондықтан конкурсқа қатысатын жобалардың сан алуандығы мен сапасы жыл санап жоғарылап келеді. Келесі жылы да жаңа инновациялық және ерекше кәсіп түрлерімен конкурсқа қатысып, грант иегері атанып, армандаған кәсібіңізді ашуға еш кедергі жоқ деп білеміз.
Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
«Орал өңірі»