-Сенбілік таңертеңге қарамай әсіресе жастардың көп жиылғаны қуантады. Тек біздің облыс емес, басқа қалалардан да, басқа елдерден де қатысушылар бар. Облысымыздың аудандарынан, Алматы, Астана, Ақтөбе, Атырау, Павлодардан, тағы басқа қалаларымыздан арнайы келген қатысушылар бар. Марафонға Италия, Ресей азаматтары да қатысуда. Бұл – жартылай марафон. Алдағы уақытта толық марафон өткіземіз. Астананың 20 жылдығына арнап дуатлон жасадық, енді триатлонға көшеміз. Мақсатымыз – Елбасымыздың бұқаралық спортты дамыту жайлы үндеуін қолдау, тұрғындардың денсаулығын нығайту. Спортпен айналысқан адамның ойы да таза болады. Оның үстіне, бұл марафон қайырымдылық бағытында да ұйымдастырылуда. Қатысушылардан жиналған қаражат денсаулығында кінараты бар, қаржыға мұқтаж кішкентай балаға көмекке жұмсалатын болады. Жастарды спортқа шақырамын! Мереке құтты болсын! – деді марафонға қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов.
-Жүгірудің Қазақстанда трендке айналғанына өте қуаныштымын. Жүгіру көптен бері АҚШ, Еуропа, Австралия халқы арасында кең танымал. Оларда таңмен танымал тұлғаларына дейін көшеде жүгіріп бара жатқанын көресің. Тоқсаныншы жылдары бізде жүгіретіндер өте аз болды. Бәрін сатып алсаң да, денсаулықты сатып ала алмайсың. Оны өзің еңбекпен тауып, нығайта аласың. Жүгіру барлық спортта бар. Жүгіру – мереке. Орал көркейген, тұрғындар саны артқан. Қатысушыларға айтарым, жаңа бастап жатсаңыз күш салмаңыз. Ең бастысы, жүгіру сізге ләззат сыйлауы керек,-деді Азия, Африка, Автралия құрлықтарының ең үлкен шөлдерін жалғыз өзі жүгіріп шыққан әлемге танымал марафоншы Марат Жыланбаев.
Марафон П.Атоян атындағы стадион алдынан басталып, Карев көшесімен Достық-Дружба және Еуразия даңғылдары арқылы сол стадионнан мәреге жетті. Бір айналым 5,25 шақырым болса, 10,5 және 21,1 шақырымдық жарыс бөлек-бөлек қорытындыланды. Сондай-ақ 440 метрге кішкентай балалар жүгірді. Қатысу жарнасы 21,1 шақырымға 2 мың теңге, 10,5 шақырымға 1 мың теңге болды.
Жарыс барысында Атоян атындағы стадионда марафоншыларға екі дәрігер, бір «Жедел жәрдем» көлігі Абай алаңында, екіншісі Чагано-Набережная мен М.Ықсанов көшелерінің қиылысында көмек көрсетуге әзір тұрды.
Жартылай марафон жеңімпаздарына бағалы сый-сияпат жасалды. Жарыстың жалпы жүлде қоры 2,5 млн. теңгені құрады.
Нұрлыбек Рахманов,
суретке түсірген Динара Аманғали
zhaikpress.kz