«Мейірім мекені» атты IV қайырымдылық гранд бал аясында өңірімізге келген қазақ эстрадасының жұлдызы Гүлнұр Оразымбетова Орал қаласындағы қарттар мен мүгедектер үйінде болып, қамкөңіл жандарға әсем әнін тарту етті.
– Оралға келген кезде әрдайым қарттар үйіне немесе балалар үйіне соғуға тырысамын. Бұл мерекеде үлкендердің ортасынан табылып, жүздерінен қуаныш сезімін ұялатудың өзі бір бақыт. Жарты көңіл жандардың еңселерін көтеруге үлесіміз тиіп жатса, қуаныштымыз. Олардың ықыласына бөленіп, ақ баталарын алғанға не жетсін?! Барлығымыз қолымыздан келгенше үлкендерге қолдау көрсетуіміз керек. Мейірімге мұқтаж қарияларға он минуттық уақытымызды қиып, жылы сөзімізді, өнерімізді арнасақ сауабы тиері анық. Елімізде қарттар үйінің болғаны көңілімізге кірбің ұялатады. Бірақ, қоғамда орын алғаннан кейін мұндағы ата-әжелеріміздің жағдайларын сұрап, көңілдерін бір серпілтіп тастау әр азаматтың парызы деп білемін. Ал жастарға айтарым, өмірге алып келген ата-аналарыңызды сыйлап, құрметтеңіздер. Мұндай орындарға олардың келуіне жол бермеңіздер. Ата-аналарымыз бұл орында болмауы тиіс, – дейді Гүлнұр Оразымбетова.
Қазіргі уақытта Орал қаласындағы қариялар мен мүгедектерге арналған арнаулы медициналық-әлеуметтік мекемеде 600-дей қария мен мүмкіндігі шектеулі жандар тұрады. Директордың әлеуметтік істер жөніндегі орынбасары Анатолий Гудниктің айтуынша, қайырымдылық айлығы аясында мекемеде түрлі шаралар жоспарланып, жүзеге асуда.
Гүлсезім БИЯШЕВА,
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!