Батыс Алашорданың 100 жылдығына арналған жиын «Күнбатыс Алашорданың идеологиялық маңызы» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласты.
Конференцияда алғаш болып сөз алған аудан басшысы Т.Төреғалиев Жаһанша Досмұхамедовтың Орал облыстық съезінде сөйлеген сөзінен үзінді келтірді: «Азаттықтың таңы атты, Тілекке құдай жеткізді. Бұрын біз құл едік, бүгін, міне, теңелдік. Біздің мақсатымыз – ел билеуді халықтың қолына беру. Қазақ алдағы уақытта өз тағдырын қолына алады. Желбіреген бостандықтың туы бәрімізді бірлікке, туысқандыққа шақырады. Қазақ шаңырағы бәріне пана бола бермек. Тек ауызбіршілікте болайық, ағайын!».
Сырым ауданының құрметті азаматы, өлкетанушы Жайсаң Ақбай: «1913 жылы Әлихан Бөкейханов бастаған алаш қайраткерлері «Біз екінші жапон боламыз» деген екен. Жапонияда аз уақыттың ішінде мэйдзы реформасының негізінде феодалдық ел артта қалып, дамып, 1905 жылы Ресей империясына соққы берді. Алаш қайраткерлеріне тағылған кінә «жапон тыңшысы» деген ат болды. Халық жауы, ұлтшыл болып қудаланып, жазаланған арыстарға тағылған бір кінә осы. Жаһанша, Халел және үш серігі алаш қозғалысы тоқтатылғаннан кейін, үй жағдайындағы тұтқында отырып, Сталинге түсініктеме берді. Халқымызға не істедіңдер деп қапа болып, халықтың мүддесі үшін күрескендерін дәлелдеген. Сол құжаттың соңында «Сіздер қаншама тонды теріс айналдырып, қазақ халқына бостандық береміз десеңдер де, қазақты орыс халқының құлдығында қалдыратын болсаңдар, біз ешуақытта күресті тоқтатпаймыз» деген. Міне, осы сөз олардың үкімі болы. Бес арысты орыс үкіметіне зияны тиеді деп, ату жазасына кесті. Міне, бүгінде сол алаш арыстарының алдына қойған мақсаттары орындалды» деп тарих беттерінен сыр шертті.
Әдебиеттанушы ғалым, Мақсат Тәж-Мұрат ауданның тарихшы мұғалімдерін, музей қызметкерлерін, оқушыларды алаштың тарихы жайлы елдің аузында жүрген әңгімелерді көбірек жинауға шақырды. «Алаш қозғалысы ешқашан үзілген жоқ. Тіпті кеңес әдебиетінің өкілдері Ғабит Мүсірепов, Хамза Есенжанов, Тайыр Жароков, Жәрдем Тілеков сынды қаламгерлеріміздің шығармаларында да алаш тарихы суреттелді. Мәскеудің он бір мұрағатында Батыс Алашорданың тарихы туралы мәліметтер көп. Ең үлкен 3000 адамнан тұратын әскери жасақ Күнбатыс Алашорданың құрамында болған. Жымпитыдағы прапорщиктер мектебі мен Ойылдағы юнкерлер мектебінің – өзі үлкен тарих»,- деді.
Конференцияда БҚИТУ профессоры Дәметкен Сүлейменова, Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің директоры Светлана Бахишева, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың Жәңгір хан атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Нұржан Төлепов, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров, «Орал өңірі» газетінің тілшісі Нұртас Сафуллин қатысып, Алашорда Үкіметі, Жаһанша туралы пікірлерін ортаға салды.
Мақсат Әнесұлы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының Президенті Мұрат Жұрыновтың Алашорда Үкіметінің 100 жылдығы мен Алаш автономиялық Республикасының 100 жылдығына орай «Алаш» мерекелік медалін Сырым ауданы әкімі Т.Төреғалиевке, Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі А.Ойшыбаеваға, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дің оқытушысы Е.Хайдаровқа, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың тарих кафедрасы меңгерушісінің орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, А.Байболсыноваға табыс етті.
Шынар МОЛДАНИЯЗОВА,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!