(Күйеуі жат ағымға еріп, қайта оралған келіншектің әңгімесі)
ОЛ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРДІ?
1995 жылы 20 жасымда Нұрболға тұрмысқа шықтым. Арамызда әдемі сезім болды. Болашақ өмірге қойған өз мақсатымыз да бар еді. Басында ауылда тұрдық. Ауылда жұмыс жоқ, қиын кездер еді ғой. 1999 жылы жұмыс бабымен қалаға көшіп келдік. Ол құрылыс саласында қызмет істеп жүрді.
Бірде кешкілік жұмыстан қайтып келе жатып, стадионда жиналған халықты көреді. Барып қараса, сол кездегі Сары әулие сеанс беріп, уағыз айтып жатыр екен. Бұл да отырып, тыңдай кетеді. Ол кезде жиын-тойларда аздап ұрттайтын, темекі де тартатын. Сол кеште келген бойда «Мен енді ішпеймін, тартпаймын, мешітке барамын» деп айтып келді. Мен қуандым. Сол кезден бастап Қызыл мешітке барып, Расми деген түрік ұстаздан сабақ алып жүрді. Намаз оқуды үйренді. Қарашығанақ кенішіне жұмысқа тұрды. Керемет өмір сүріп жаттық. Сонда жүріп, өзі сияқты намаз оқитын жігітпен танысыпты. Әлгі жігіт менің жұбайымды Алматыға 40 күн оқуға жіберетіндігін айтады. Сөйтіп, Нұрбол Алматыға жүріп кетті. Бірақ маған оның осы сапары ұнамады. Ол кезде ұялы телефон жоқ еді. «Барысымен хабарласам, звандап тұрамын» деген күйеуімнен біраз күн хабар болмады. Мен іштей алаңдап, өзі айтып жүрген Мирлан тақсырды тауып алып, ол тоқтаған жердің телефонын сұрап алдым. Сөйлесу пунктіне барып, хабарластым. Ана жақтан тұтқаны көтерген адам: «Оған ешкіммен сөйлесуге бол-майды. Қырық күн ешкіммен сөйлеспейді. Уайымдамаңыз» деп, телефонды жауып тастады. Біртүрлі күдіктеніп қалдым. Содан бірне-ше рет звондап, сөйлестірмегесін қулыққа көштім. Тағы хабарласып: «Кіші қызым қатты ауырып жатыр. Не істерімді білмеймін, тез келсін!» деп өтірік айттым. Соның өзінде 25 күндей болып қалып еді. Менің сөзімнен кейін қорықты ма, олар жұбайымды жіберіп қойды.
Нұрбол сол келгенінде тасбиық тартып, зікір салып, өзгеріп келді. Бірінші намаз оқиды, екі-үш сағат тасбиық тартады, сосын басын шұлғып зікір салады. Мен қорқа бастадым. Жұбайымның бір жақсы қасиеті маған қарсы шықпайтын еді. Бір күні оған жасап жүрген тірлігінің өзіме мүлдем ұнамайтындығын айттым. Сонда ол: «Қорықпа, үйреніп кетесің. Бұл жүректегі қара дақты кетіреді» деп жауап берді.
ЖЫН-ШАЙТАННЫҢ ОРТАСЫНА ТҮСКЕНДЕЙ СЕЗІНДІМ
Бірде Нұрболмен бірге екі қызымызды алып, жамағат жинала-тын жерге бардық. Ол ылғи кешкі тоғызда кетіп, түнгі 11-12-ге дейін жамағатта болып келетін. Қала шетіндегі бір үйге жиналады екен. Шарбағында медресесі бар. Үйге кіргенімізде төр жақта кілең ер адамдар, екінші кішкентай бөлмеде әйел адамдар отырды. Дәліздің ғана жарығы жанып тұр, екі бөлменің жарығы сөнген. Тақсырлары «Светті сөндіріңдер, көздеріңді жұмыңдар» деп айқайлайды. Арабша тағы бір сөздерді айтады. Бірінші рет барған маған қасымдағы әйелдер: «Көзіңізді жұмыңыз, қыздарыңыз да көздерін жұмсын» деп айтып жатты. Мен көзімді жұмамын, бірақ айқайлағанда ашып алып, «Мыналар не істейді екен?» деп қарап, бақылап отырамын. Олар бастарын шұлғып, бір-екі сағат айқайлап, әлденелерді айтады. Одан соң қызып кетіп, трансқа түскен әйелдер орамалдары шешіліп, шаштары жал-бырап, жылап жатты. Мен өзімді кәдімгі жын-шайтанның ортасына түскендей сезіндім. Бастарын жарға соғып, отырып-тұрып, айқайлаған бір адам. Қорқынышты. Өздерінше зікір салып жатыр. Мен төрт сағат сырттарынан бақылап отырдым. Үйге келген соң жұбайыма:
– Біріншіден, жамағат неге жасырын жиналады? Екіншіден, неге түнде зікір саласыңдар? Неге күндіз емес? Неге жарықты сөндіреді? – деп, өзімді мазалаған сұрақтарды қойып, жамағат жиынының түк ұнамағандығын айтып салдым. Осы оқиғадан кейін «тақсыр, зікір» туралы күнде ізденетін болдым. Бір газеттен олар туралы теріс пікірді оқып, қиып алып, мешіттегі имамдардан сұрасам, «Білмейміз, басқа имамдардан сұраңыз» деді. Олар «тасбиық тартамыз» дегенді «уазипа тартамыз» деп айтатын. Бірде уазипа туралы теледидардан айтып жатты. Соны бейнетаспаға жазып алдым.
«Уазипа» деген сөзбен байлау деген мағынаны білдіреді екен, яғни гипноз. Оны тақсырлары әркімнің психологиялық қабылдауына қарай қойып береді. Өйткені жұбайым үш сағат тартса, оны бес-сегіз сағат тартатындар да бар екен. Мен жазып алған бейнежазбаны жұбайыма көрсетіп, «Сен байланып жатырсың» деп түсіндіріп айттым.
25 МЫҢ СТАВКАҒА КЕТЕТІН
Нұрбол 40 мың теңге айлық алады. Ол сол кезде көп ақша болатын. Пәтерақының өзі 3 мың теңге. Бірақ сол 40 мыңның 25 мыңын ай сайын тақсырларға апарып табыстайды. Мен ашуланып: «Еңбектеніп тапқан табысыңды неге біреулерге апарып бересің, үйге неге әкелмейсің?
Қол-аяғы балғадай адамдар неге өздері еңбек етпейді?» – деп ренжимін. Бірақ ол «Алла разылығы үшін беремін» деп бет бақтырмай жүрді. Ай сайын ставкасын беріп тұрды. Берілмей қалса, қай мезгілде болса да, үйден келіп алып кететін. Тіпті кейде жамағаттың адамдары «Алла разылығы үшін 5 мың берші» деп алып кетіп, кері қайтармайтын. Мен ренжіп: «Бәріңнің көздеріңді байлап, осылай ақша алады» – деп айта бердім күйеуіме. Өзі де шаршап кетті ме, ойлана бастады.
Бір күні тақсырмен теміржолда кездесіп, сөзге келіп қалыпты. Содан кейін ол жамағатқа барған жоқ. Бір күнде бәрін тастады, уазипа да, зікір де салған жоқ. Мешітке барып, намаз оқып жүрді. «Өзім күресіп, өзім шығарып алдым» деп қуанып жүрдім.
АРАДА 10 ЖЫЛ ӨТКЕН СОҢ…
Он жылдай қатардағы отбасылар сияқты тату-тәтті тұрып жаттық. Қазақ ауылынан жер алып, үй салып алдық. Ағайын-туыспен араласып, жақсы болып жүрді. Мен жеке кәсібімді аштым. Ол машина алып, такси айдап жүрді.
Тұрмысымыз жақсы еді. Жұбайым-ның қолы шебер, құрылыс жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізеді. Оны өзге қалаларға да таласып алып кететін. Бірде құрылысқа барып, енді бірде таксимен адам тасып, ақша тауып жүрді. Сөйтіп жұмыс бабымен жүргенде бір ер адаммен танысады. Оның саяжайына барып, құрылыс жұмыстарын істеп келеді. Бірақ еңбек-ақысын алмайды. «Ол кісі маған басқа тапсырыстар тауып беріп жатыр. Мен ақша алмаймын. Қанат ақи – мықты адам» деп айтып жүрді. Мен сол кезде «ақи» деген сөзді бірінші рет естідім.
Қысқа балақты, сақалды, жылтырбас Қанат ақи біздің үйге күнде келетін болды. Бір күндері жұба-йым «Түкірік жинайды, жын-шайтан ұялайды» деп балағын қысқартты. Жайлап сақал өсіре бастады. Сақалды достары күннен-күнге көбейе берді. Бәрі үйлерін салғызып алып, ақша төлемейді. Қайтадан тегін жұмыс істей бастады. «Ақи – ауыр деген сөз. Біз бір-бірімізге бауырмыз. Мен олардан ақша сұрай алмаймын» деп айтатын болды. Таңмен ақилар звандап, машинамен алып кетеді, кешке әкеліп тастайды. Осылай ол күннен-күнге көз алдымда өзгеріп бара жатты.
ШАҢЫРАҚТАҒЫ ШЫРҒАЛАҢ
Бір күндері ол жайлап «Намаз оқы» деп айтатын болды. Маған көп бата алмағанымен, қыздарымды мәжбүрлеп, тиісе бастады. Мен ертеден кешке дейін жұмыста жүремін. Сол кезде қыздарымды «Намаз оқы» деп сабайды екен. Бірде қыздарым айтып қойып, мен оған қатты ұрыстым. Ол «Енді мамаларыңа айтсаңдар, бұдан да қатты таяқ жейсіңдер» деп қорқытыпты. Сөйтіп, қыздар маған айтпай, мен жоқта ұзын көйлек, хиджаб киіп, намаз оқып жүріпті.
Бір күні үйге ерте келсем, екі қызым ұп-ұзын көйлек киіп алған. Шошып кеттім. Жүгіріп барып, орамалдарын жұлып алдым. Кейін білгенім, олар күнде мен жұмысқа кетісімен ұзын киімдерін киіп жүреді екен. Дүкенге де солай барады. Кешкілік мен жұмыстан келерде күнделікті киімдерін киіп алып жүріпті.
Осы оқиғадан соң біздің шаңырақта шырғалаң басталды. Нұрбол 15 метр қара мата алып, қыздарға қап-қара мектеп формасы мен қап-қара хиджаб тіктіріп қойған. Мектептегі мұғалімдермен айқайласқан. Мен «қара киім кигізбеймін» деймін, ол «киеді» дейді. Балалар да шаршап кетті. Мен бері тартам, ол әрі тартады. Жұбайым адам танымастай өзгерді. Кәдімгі зомби сияқты. Мінезі қатайып, ашуланшақ боп кетті. Бес жасар ұлыма ойыншық мылтық, бомба, қанжар әкеліп береді. «Сосын оған «Ертең жиһадқа барамыз, намаз оқымайтындарды өлтіру керек» деген бағытта әңгімелер айта бастады. Балам да «Әкешім, анау кәпір, дә? Өлтіру керек, жарып жіберу керек» деп айтатын болды. Төрт қыз, бір ұлымыз бар еді. Мен «Күйеуімді жоғалтқаным өз алдына, енді балаларымды да жоғалтып алам ба?» деп қорқып, ойлана бастадым.
Бар білетінім – мешіт. Алланың үйіне келіп, имамдардан ақыл сұраймын. Олар «72 ағым бар, қайсысында екенін білу үшін жұбайыңды көруіміз керек», дейді. Кейіннен «Қыз бала 15 жастан тұрмысқа шығуы керек. Светский оқу керек емес. Олар бала туып, үйде отыруы керек» деген әңгіменің шетін шығара бастады. Енді мен бойжетіп қалған қыздарымның тағдыры үшін алаңдай бастадым.
Осы уақытта жақындарымыз, көршілеріміз, достарымыз бізбен араласпай қалды. Бәрі бізден қорқатын болды. Үйге ақи достары келсе, біз басқа бөлмеге кіріп кетеміз. Олар өздері тамақ ішіп, шығып кетеді. Ағаларым үйге келсе, «көруге болмайды» деп, мені шығармайды. Ет жемейді, бауырсақ пісірмейді. Тойға өзі бармайды, біздің баруымызға да қарсы болды. «Теледидар қарауға болмайды» деп антеннаны лақтырып тастады. Мен жаңа антенна әкеліп, тығып қойып, ол жоқ кезде қарап жүрдім. Әнұран айтқызбайды, шырша құрғызбайды. «Болмайды» деген тыйымдары көп.
Мен оған «Бұрынғы өзімнің Нұрболымды көргім келеді, қазіргі Нұрбол ұнамайды» деп айтып жүрдім. Ал ол болса, өз тұңғиығына бата берді.
«ЖОҒАЛЫП КЕТСЕМ, МЕНІ ІЗДЕМЕ!»
Ол енді «Бір күні жоғалып кетемін, сен мені іздеме» деп жиі айтатын болды. Мен оған: «Сен малсың ба, құссың ба, жоқ болып кететін? Адам иті жоғалып кетсе де іздейді ғой. Аспанға ұшып кетсең де, аспаннан түскеніңді күтемін» дейтінмін. Бірақ ішімнен «Неге олай айтады, неге жоғалып кетемін дейді?» деп ойлаймын. Санамда сан сұрақ. Кімнен көмек сұрарымды білмеймін. Мықты деген психолог, теологтармен сөйлестім. Оның қай жол, қай ағымда екендігін де көпке дейін біле алмай жүрдім. Мен оның жанына не керектігін түсіне алмай, өзім-ше зерттеп әлекпін. Ал ол мені психологиялық тұрғыда дайындап жүр. Өзімше «Бірінші ағымнан алып шықтым, бұдан да алып шығамын» деп ойлап жүрмін ғой. Бірақ қатты қателесіппін. Салафиттердің ағымына түскен адамды бір адам алып шыға алмайды екен. Соны түсіндім.
Бір күндері «Жиһадқа кетемін» деп ашық айтты. Психологтарға көрсеттім. «Осы мықты» дегендеріне де апардым. Бір өкінішітісі, бәрі орыс тілді. Сосын діннен хабары жоқ. Психологиялық тұрғыдан жақсы білгенімен, дінді білмейді. Теолог та солай, дінді жақсы түсіндіріп бергенімен, психологияны білмейді. Ұққаным, теолог әрі психолог болу керек, психолог болса, ол әрі теолог болуы керек. Сонда ғана олар жат ағымға кеткендерге көмектесе алады. Сол психологтардың бірі «Бұл – әбден беріліп кеткен адам. Дәл қазір бұл кісіге ешкім көмектесе алмайды. Қатты соққы алған жағдайда немесе түрмеге түсіп барып, түсінуі мүмкін. Сіздің бұл кісіден алыстағаныңыз жөн. Балаларыңызды ойлаңыз!» деп кеңес берді. «Ажырасамын» деп арыз жаза салу оңай ғой. Бірақ бес балаңның әкесімен бірден ажырасып, қолыңды бір сілтеп кетіп қала алмайды екенсің…
Шырғалаңның шырмауымен жүре беріппін
Арада тағы біраз уақыт өтті. Бір күні жұбайым, шынымен де, жоқ болып кетті. Электрик болып жасап жүріп, бір ауданға жұмыс бабымен кетіп еді. Содан «келемін» деген уақытында келмеді. Арада тағы біраз күн өткен соң жұмыс берушілерге хабарластым. Сөйтсем олар: «800 мың жалақысын алып, кетіп қалды әлдеқашан» дейді. Мен оның тіпті сондай көп ақша алатынын да білмейді екенмін. Сирияға жол тарт-қанын сезіп, құзырлы орындарға хабарластым. Көп кешікпей, шекарадан ұсталды. Сақалын қырып тастап, кәдімгі костюм-шалбар киіп алған. Телефондары мен бұрынғы киімдерін лақтырып тастаған.
Содан «Сақалым өскенше шыға алмаймын» деп, үйде бір айдай жатты. Есіл-дерті – Сирия, жиһад. «Сонда барып кәпірлерді өлтірсем, мен жұмаққа барамын» деп айта береді. Ал мен болсам, «Бес балаңды жақсы адам қылып тәрбиелесең, соларға жағдай жасасаң, сол ғой жұмақ» деп шырылдаймын. Ал ол болса, өзінікін дұрыс деп есептейді. Күндіз-түні телефонына ақилар жүктеп берген уағызды тыңдайды. «Біз не ішіп, не жеп жатырмыз, бес ба-ласының тамағы, киімі бар ма?» Бұл жағы оған енді бәрібір еді…
«СЕСТРАЛАР» ТЕК ӨЛІМ ТУРАЛЫ АЙТАДЫ ЕКЕН
Бірде мен олардың әйелдер жиналатын жамағатына бардым. «Олардың әйелдері қандай болады? Не айтады екен?» деп көргім келді. Күйеуім мен де өз қатарына қосылады деп ойлап, қуанып кетті. Бірақ мен күнделікті киіммен бардым. Кілең қара жамылып, беттерін тұмшалаған әйелдер екен. Өздері бір-бірін «сестра» деп атайды. Бір әйел маған: «Шашың жалбырап, бұл не жүріс? Күйеуіңді аямайсың ба? Егер хиджаб кимесең, күйеуіңе басқа әйел алып береміз» деп ұрысты. Мен де өз уәжімді айттым.
Олардың әңгімесін тыңдаған адам өмірден түңіліп кетеді. Таңнан кешке дейін айтатындары – өлім. Саналары әбден уланған. «Ана дүниеде жұмаққа барсақ, жәннатқа күйеуімізбен бірге кірсек» деген мағынада айта береді, айта береді. Одан қалды, «Әйел бала туып, үйде отыруы керек» деп, өз заңдылықтарын тықпалайды. Шаршап шықтым сол үйден. Тағы да үш-төрт рет өзге «сестралар» жиналған жерге бардым. Бірақ маған түк ұнаған жоқ. Күйеуіме де солай айттым.
Шиеленіс күшейіп бара жатқасын бір күні мен оған: «Сен бөлек шық. Мүмкін, сонда түсінерсің» деп, заттарын жинап, «еншісін» бе-ріп, бөлек шығардым. Балаларға да «Уақытша осылай көрейік. Бірақ әкелерің сендерге келіп тұрады» деп түсіндіріп айттым. Кейін ол өзінің қызындай қызбен некелесті. Бірақ көп тұрған жоқ. Өйткені Сирияға кетіп бара жатқан жерінен, көрші мемлекеттердің бірінің шекарасынан ұсталды.
ТҮРМЕДЕН КЕЛГЕН ХАТ
Нұрбол тергеу абақтысында жатып, адвокатқа менің нөмірімді беріпті. Мен «Қолымен істегенін мойнымен көтерсін» деп, көпке дейін бармай жүрдім. Адвокатқа да: «Өзіңіз қорғап алыңыз, мен қорғамаймын. Бес жыл бере ме, он жыл бере ме, барсын» деп жауап бердім. Бірақ балаларыңның әкесі болғасын, қанша көңілің қалса да, іштей алаңдайсың ғой. Арада біраз уақыт өткен соң ол маған «Сенімен сөйлескім келеді. Балам мен кішкентай қызымызды көргім келеді» деп хат жазыпты. Бұдан бұрын да мен балаларға: «Әкелеріңді жек көріп кетпеңдер. Алқаш, наркоман, қылмыскер болса да, әр балаға өз әкесі қымбат. Әкелеріңе тамақ апарып тұрыңдар, мен пісіріп беремін» деп айтатынмын. Үлкен қыздарым тамақ апарып, барып жүрді.
Мен балаларды алып, кездесуге бардым. Ұлым әкесін қатты сағынып қалыпты. Ер бала әкеге жақын ғой, негізі. Кіші қызымыз сол шырғалаң жылдарда өмірге келді. Әкесін дұрыс көрмегесін оны танымайды да. Бірақ әкелі-балалы екеуі біраз мауқын басты. Кездесу біткен соң күйеуімнің қолына кісен салып, алып кетті. Сол кезде балам бақырып жылады. Бұл, шынында да, 5-6 жасар бала үшін ауыр соққы еді. Сол жылы ол соттың үкімімен өзге қалаға бес жыл қатаң режімде жазасын өтеуге аттанып кетті.
«БРАТ» ПЕН «СЕСТРАЛАРДЫҢ» БІРЛІГІ КҮШТІ
Біз бірнеше жыл шырғалаңның шырмауында жүріп, осы жолда мехнат көрсе де, өз мақсатынан таймаған күрескер келіншектен «Адамдар неліктен жат ағымның шырмауына кетеді?» деп сұрадық.
– Біріншіден, оған ақшаға қиналып жүрген адамдар кетеді. Сол кездері біздің отбасында да ақша жағы қат болды. Үй саламыз деп несие алдық. Екіншіден, әртүрлі жағдайлармен қиналып жүргендер қармаққа бірінші түседі. Ақилар «Бауырым, мен саған көмектесемін» деп өзіне тартады. «Алла разылығы үшін, ала ғой» деп, бір-екі рет ақша береді. Әрі қарай өз уағызын жүргізеді. Сондықтан көшедегі адамның әңгімесін тыңдамау керек. Сосын басыңдағы жайды ешкімнен жасырмай, ұялмай айту керек. Жат ағымның соңында әбден кетіп қалса да, ағайын-туыс теріс қарап кетпей, өзіне тарта беруі керек. Теологтар да жұмыс сипатын өзгерткені дұрыс деп ойлаймын. Тек құр уағыз айтпай, бір күні фитнеске, бір күні кафеге шақырып, сосын бейнежазбаларын тыңдатып, оларды қызықтырған жөн.
Ағымға бір арбалған адамның шығып кетуі қиын. Менің жұбайымның кері оралуына түрмедегі өмір әсер еткен сияқты. Өйткені ол онда бір жыл бойы ешкіммен сөйлеспеген. Камерадағы 7-8 адаммен де сөйлесуге рұқсат етілмеген. Өзгелер өзара сөйлескенімен, бұған сөйлеуге болмайды екен. Егер олардың бұған немесе Нұрболдың оларға сөйлегенін біліп қойса, қатаң жазаланатын болған. Сондықтан «Бір жыл бойы қатты қиналдым. Басымды жарға соқтым. Бірақ мен ойландым. Адасқанымды түсіндім», – дейді өзі.
Жат діни ағымдағы «брат» пен «сестралардың» ауызбірлігі мықты. Күйеулері түрмеде отырған, қара жамылған «сестраларға» «браттар» үйлеріне тамақ апарып, ақша беріп, көмектесіп отыр. Олар көп балалы отбасыларға тамақты «ГАЗельмен» жүріп үлестіреді. Сондықтан ол әйелдер «Еңбек етейін, қоғаммен араласайын» деп ойламайды да. Өйткені тегін тамақ, тегін ақша өзі келіп жатыр.
САНАСЫ УЛАНҒАН ҰРПАҚ ӨСІП КЕЛЕДІ
– Бірде көшеде келе жатып, көп қабатты үйдің ауласында ойнап жүрген балаларға көзім түсті. Соның ішінде өзгелерден бөлектеніп, орамал жамылып, ұзын етек киген үш қыз ерекше назарымды аударды. Үлкені – 7-8, ортаншысы – 5-6, кішісі 3-4 жас шамасында. Үшеуіне де қылғындырып, орамал байлап қойған. Аяқтарын жазып, жүгіре де алмайды. Шұбатылған көйлектері кедергі. Бір кезде сырғанақтан зырлап бара жатқан ортаншы қыздың орамалы сымға ілініп қалды. Сол кезде әлгі қыз үрейі ұшып, «Бисмилла», тағы да бір сөздерді айтып, шашын ұстап, жылап, орамалын тезтез байлап жатты. Ата-анасы «Шашыңды көрсетуге болмайды» деп сәби санасына әбден құйып тастаған ғой.
Тағы бірде аутобуста 5-6 жасар баланың үлкен қызды көрсетіп: «Астафиралла, ана қыздың орамалы жоқ қой» дегенін естідім. Осындай санасы уланған ұрпақтың өсіп келе жатқаны қорқынышты, – деді терең күрсінген кейіпкеріміз.
ОРАЛУ
Әкесінің қолына кісен салып, түрмеге әкеткенін көрген күннен бастап балам өзгерді. Мінез-құлқы да тұйықталып, бірақ жаутаңдап, менің көңіліме қарағыштап, ерте есейіп кетті. Кейде түнде қыстығып жылап шығатын. Әкесінің жағдайы қыздарымнан гөрі ұлыма қатты әсер етті. Мектептен жылап келетін болды. «Спорттық үйірмелерге басқа балаларды әкелері алып келеді, мені сен әкелесің» деп бармай қойды. Өзінен-өзі ішінен тынып, үндемейтін болып кетті.
Мен балаларға тамаққа ақша табу үшін түнде тез тамақ дайындайтын жұмысқа кірдім. Өйткені күндіз кішкентай қызымның қасында отыратын адам жоқ еді. Балалар сабаққа кетеді. Тағы бір жерде күзетші болып жұмыс істедім. Оңай болған жоқ. Өйткені баламен үйде отырғасын, жұмыс өтілім де жоқ еді. Бәрінен шаршап кеттім. Сосын арпалысып, тістеніп жүріп, өз ісімді аштым.
Арада жылдар өткен соң, Нұрбол түрмеден шығып, бірден үйге келді. Оның қашан, қай күні шығатынын білмейтінмін. Есікті ашсам: «Сен бұрынғы Нұрболды көргім келеді дейтін едің ғой, мен енді бұрынғы Нұрболмын, кешірші» деп тұр. Қанша ренжісем де, ашуымды ақылға жеңдіріп, «Қош келдің» деп үйге кіргізіп, ас салып, шай бердім. Әкесін көрген ұлдың қуанышын айтып жеткізу мүмкін емес. Бірақ оның намазды бұрынғы теріс бағытта оқып жүргенін байқап қалып, қайтадан үйге кіргізбей қойдым. Дегенмен сырттай бақылап жүрдім. Бірде сақалын қырып келді. Сонда да сенбедім. Әбден жүрегім шай-лыққан ғой.
– Бір күні ол маған келіп, бәрін айтты. Түрмеде көрген қиындықтарын, онда Әбу Ханифа мәзхабымен намаз оқығандығын, келгенде ақилар күтіп алып, бір ай қонақ қылғандығын, әрі-сәрі күйде жүргенін, енді ойланғанын айтып, «Бәрінен шаршадым, мен енді олармен араласпаймын, оларға бармаймын, осы сөзімді халық алдында жариялауға дайынмын» деді. Менен, балаларынан кешірім сұрады. Сол күн-нен бері оның беті бері қарап келеді. Қазір екеуміз бірігіп, өз ісімізді бастадық. Ол енді ақилармен араласпайды. Онымен теолог, психолог мамандар жұмыс істеуде. Санасы тазарып, ниеті түзеліп, дұрыс бағытқа түсіп келеді. Аллаға шүкір, бәрі жақсы болады деген сенімдемін, – дейді Нәзира.
Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,
* Мақаладағы кейіпкерлердің аты-жөні өзгертілді
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!