25.10.2018, 12:52
Оқылды: 55

Облыстағы төрт кәсіпорын 46 қызметкерге 37,176 млн. теңге жалақы қарыз

Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Батыс Қазақстан облыстық еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Арман Тұйғынбетовтің қатысуымен  баспасөз мәслихаты өтті.

rsk arman

Арман Орашұлының сөзінше жыл басынан бері еңбек кодексі нормаларының бұзылуының орын алуына және еңбек заңнамасы бойынша түсінік беру мәселесіне байланысты 719 арыз-шағым мен өтініш тіркелген. Жалпы еңбек заңнамасының бұзылу фактілері бойынша түскен арыз-шағымдар мен құқық қорғау, мемлекеттік органдардың талаптары негізінде әр түрлі меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда 273 тексеріс жүргізілген. Тексеріс нәтижесінде еңбек қатынастары, қауіпсіздік және еңбекті қорғау, жұмыспен қамту салаларында еңбек заңнамасының бұзылуы бойынша 310 дерек анықталған. Мәселен, еңбек қатынастарына қатысты 234 заң бұзушылықтың бірі жалақына уақытында және толық көлемде төлемеу болса, жұмысшыларды еңбек келісімшартынсыз қабылдау, еңбек келісімшартының Еңбек кодексінің нормаларына сәйкес болмауы секілді тағы да басқа заңсыздықтар бар. Сонымен қатар еңбек қауіпсіздігіне қатысты 59, ал жұмыспен қамту бағытында 17 заңбұзушылық анықталған.  Спикер айтып өткендей, тексерістердің нәтижесінде заң бұзушылықтарды жою туралы 197 нұсқама берілген. Осы ретте заң бұзушылықтарға жол бергендері үшін 55 тұлға әкімшілік жауапқа тартылып, оларға 8,1 млн. теңге айыппұл салынғанын айта кеткен жөн. Ал 85 жұмысшы жұмыстан шеттетіліп отыр. Бұған олардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқудан, нұсқау алудан, білімін тексеруден өтпеулері себеп.

Арман Орашұлы өз сөзінде қызметкерлердің әлеуметтік жағдайларын жақсартатын шаралардың бірі жұмыс беруші мен қызметкерлердің арасындағы ұжымдық шарт екенін атап өтті. Яғни жұмыс берушi тараптар қол қойған күнiнен бастап бiр ай мерзiм ішінде ұжымдық шартты еңбек заңнамасына сәйкестігін тексеру үшін еңбек инспекциясына ұсынады. Бүгінде ұжымдық шартпен 130 мыңнан астам адам қамтылған.

Спикер еңбек саласында көпшілікті мазалаған  негізгі мәселелердің бірі жалақыны уақытында, толық көлемде төлемеу деп атап өтті. Еңбек кодексіне сәйкес, жалақы айына бір реттен сиретпей, келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей төленеді. Жалақы төленетін күн еңбек шартында, ұжымдық келісімшартта көзделуі керек. Жалақыны уақытында және толық көлемде төлемеу әлеуметтік маңызды мәселе болып табылады. Жұмыс беруші төлем кідіртілген кезең үшін жұмыскерге берешек пен өсімпұл төлейді. Сондай-ақ жалақыны толық көлемде және еңбек шартында белгіленген мерзімдерде, берешек пен өсімпұлды төлемеген жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал жалақыны толық көлемде және белгіленген мерзімде төлемеуді әлденеше рет қайталаған жағдайда жұмыс берушіге қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. Жыл басынан бері 741 жұмысшыға қатысты 185 кәсіпорын мен ұйымнан 228,235 млн. теңге жалақы бойынша берешек өтелген. Бүгінде облыстағы төрт кәсіпорын 46  қызметкерге қатысты  жалақы бойынша 37,176 млн. теңге қарыз. Соңғы үш жылдың және өткен тоғыз ай ішінде 935 кәсіпорында 1307,210 млн. теңге қарыз өтелген болса, 8855 жұмысшының құқығы қорғалған.

zhaikpress.kz,

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале