Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәжіліс залында облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаеваның, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ стратегиялық даму департаментінің директоры Гүлбағила Болатбекованың және мемлекеттік құрылымдардың, кәсіподақ ұйымдарының, қоғамдық және салалық бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру туралы» заң жобасын жаңа редакцияда талқылау бойынша кеңес өткізілді.
Елбасы 2018 жылдың 10 қаңтарындағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі әлеуметтік төлемдердің мөлшері мен еңбек өтілі арасындағы өзара байланысты күшейтуге тапсырма бергені мәлім. Соған орай Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы мен тұжырымдамасын, сонымен қатар оған қоса берілетін «Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірледі.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі Қазақстанда 2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істейді және жұмыспен қамтылған азаматтарды әлеуметтік қорғаудың қосымша деңгейі болып табылады. Бүгінде еліміздегі мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры 6 миллионға жуық адамды қамтып отыр. Жыл сайын 770 мыңнан аса адам жалпы шамасы 160 млрд. теңгеге жуық төлем алады. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі іске қосылғаннан бергі 13 жыл ішінде әлеуметтік төлемдердің жалпы шамасы 905 млрд. теңгені құрады. Жүйенің қызмет ету уақытында әлеуметтік төлемдерді тағайындау параметрлері тұжырымдамалық түрде қайта қарастырылмаған. Бүгінде әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі жиналған тәжірибе мен қазіргі жағдайы осы параметрлерді қайта қарауға мүмкіндік береді.
– Еліміздің Конституциясы шеңберінде әлеуметтік қамтамасыз ету заңдылықтары бойынша әлеуметтік қатерге тап болған азаматты мемлекет өз қамқорлығына алады. Сол кезден бастап оған мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бюжет есебінен әлеуметтік төлемақы төленеді. Бұны асыраушысынан айырылған, бала күтімімен отырған, еңбекке жарамсыз, мүгедек жандардың алу мүмкіндігі бар. Ал жұмыс істейтін тұрғындар әлеуметтік қатерге ұрынғанда оның әлеуметтік төлемақысы көбірек болады. Өйткені ол бюджеттен алады және жұмысқа тұрар кезде жұмыс берушімен арадағы жасалған еңбек келісімшарты бойынша жұмыс беруші оны әлеуметтік қатерден сақтандырады. Сондықтан жұмыс беруші өз қалтасынан ай сайын мемлекеттік әлеуметтік қорға әлеуметтік аударымдар аударып отырады. Биылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік аударымдар шамасы 3,5%-ды құрайды. Алайда іс жүзінде байқағанымыздай, ең төмен мөлшердегі әлеуметтік төлемдер алатын адамдардың қатары қалың. Бүгінде «Кім көп жұмыс істесе, жоғары төлем алады» қағида қолданылмайды. Жүйені қолданысқа енгізіген кезде адамдардың еңбек өтілі аз болды. Енді Елбасы Жолдауындағы әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі әлеуметтік төлемдердің мөлшері мен еңбек өтілі арасындағы өзара байланысты күшейту жөніндегі тапсырмасына орай заң жобасын талқылаудамыз, – деді Гүлбағила Болатбекова.
Оның айтуынша, заң жобасының басты мақсаты – қордан тағайындалатын әлеуметтік төлемдердің параметрлерін қайта қарау арқылы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін күшейту. «Көрсетілген мақсатқа жету үшін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі мен әлеуметтік төлемдердің мөлшері арасындағы өзара байланысты күшейту, жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғауды арттыру, заңды жұмыспен қамтылудағы еңбек мотивациясы мен қызығушылықты арттыру міндеттері қойылып отыр», – деді Гүлбағила Қоңырбайқызы.
Жобаны қабылдау және жүзеге асыру мемлекеттік бюджет қаражатынан қосымша қаржылық шығынды қажет етпейді.
Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер