Назарбаев зияткерлік мектебінде өткен сессияға «Назарбаев Зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымы»» АҚ-ның төрайымы Күләш Шәмшидинова «Өндірістік революция жағдайында адами капитал мен білім беру жүйесіне қойылатын жаңа талаптар» жөнінде кеңінен әңгімелеп берді. «БатысБілімTalks» алаңына облыс әкімі Алтай Көлгінов және білім беру саласының қызметкерлері қатысты.
Білім саласының өкілдері бас қосқан жиында барлық өндірісті ақпараттандыру мен автоматтандыруға көшкен төртінші революция жөнінде айтылды. «Әлемдегі өзгерістер мен технологияның қарқынды дамыған уақытында біз балаларымызға қай бағытта инвестиция салуымыз керек?» деген орынды сұрақ та көпшілікке ой салды.
Күн сайын өзгеріп жатқан жаңа технологияның заманында білім беруді болашақтың даму тенденцияларына бағыттай отырып, жаңа экономика талаптарына лайықтау міндеті бәрінен басым болып тұрғандығын тілге тиек еткен Күләш Шәмшидинова оқушыға мотивация беру, мектеп директорының жұмыс уақытын тиімді ұйымдастыруы жөнінде құнды кеңестер берді.
- Барлық әлем білім саласын жаңарту бағытында жұмыс жасауда. Сарапшылар қазір «Орта білім қандай болуы керек?» деген сұрақпен зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Мектеп пен мұғалім оқушыға дайын ақпаратты бере салмай, оны өзі тауып, ізденуге бағыттауы қажет. Әр кез ата-анамен кеңесіп, бірге жұмыстанып, бірге жауап іздеген дұрыс. Оқушыларды қоғамдық жұмыстарға кеңінен тартқан жөн. Әлемнің денсаулығы - адамның денсаулығы десек, біз әр баланы денсаулық күту мәдениетіне мектеп жасынан бейімдеуіміз керек. Тек дене шынықтыру сабағында емес, әр сабақта денсаулыққа ерекше мән берілген тиімді. Оның ішінде баланың күн тәрітібін дұрыс ұйымдастыру, тамақтану бар. Мектептегі ең басты тұлға - мұғалім. Егер мұғалімінің деңгейі орташа болса, оның түлектері де орташа деңгейде болып шығады. Мектеп басшысы мұғалімдерге топ болып немесе жеке шай үстінде әңгімелесу арқылы талдау жасауына болады. Сол арқылы қай мұғалімге қандай бағытта өзін дамыту қажет екендігін анықтау түк қиын емес. Бұл - қарапайым ғана тәсіл. Мұғалімді қасыңызға отырғызып, сабақ жоспарын бірге құрыңыз. Сол сияқты тапсырмаларды бірге орындаңыз. Бұл әдіс арқылы бір-біріңізді толықтырасыз. Ешқашан да мектеп басшысы қарауындағы мұғалімінің жақсы қасиетін үйренуге намыстанбағаны дұрыс. Сондай-ақ мұғалімдер бір-бірінің сабағына бақылау үшін емес, бір-бірімен тәжірибе алмасып, талдау жасау үшін қатысқандары дұрыс. Мұғалім өз әріптесінен «Менің сабағыма қатысады» деп қорықпауы керек. Шындығында, мектепте өтетін жиналыс, жиындардың қажетілігі аз. Тек мектеп директоры жұмыс уақытын тиімді ұйымдастырса болғаны, - деді Күләш Шәмшидинова.
- Он жылдың ішінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» дәрежесін халықаралық стандартқа көтерді. Сондықтан осы тәжірибені біз басқа мектептерге үйретуіміз қажет. Jсы мектептің тәжірибесін ауылдағы мектептерде жүргізу бойынша жұмыстанудамыз. Мұғалімдер осы жерде тағылымдамадан өтіп жатыр. Биылдан бастап педагогтың мәртебесі туралы заң жобасы талқылануда. Өйткені мұғалімнің мәртебесі көтерілмей, қоғамның дәрежесі көтерілмейді. Сол үшін де біз мұғалімдермен жиі кездесуіміз қажет. Қазіргі күнде апатты жағдайдағы мектептерді жою бағытында біраз жұмыс жасалуда. Ендігі күнде ата-анамен қоғам сапалы білім күтеді. Ең бірінші кезекте әр адам өзін дамытумен жұмыстануы қажет, - деген облыс әкімі Алтай Көлгінов мұғалімдерден «Осы демалыста қандай кітап оқыдыңыздар?» деп сұрады. Өкінішке орай, бұл сұраққа 5-6 мұғалім ғана жауап берді.
Кездесу соңында «БатысБілімTalks» алаңының спикері Күләш Шәмшидинова мұғалімдердің сұрағына жауап берді. Мазмұнды, мағыналы жиын соңында облыс басшысы кеш қонағына ықылас гүлін ұсынып, құрмет көрсетті.
Гүлжамал Жолдығали,
суреттерді түсірген Темірболат Тоқмамбетов
© zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер