28.01.2019, 18:03
Оқылды: 166

Сырым ауданында аң аулаудан тұңғыш біріншілік өтті (СУРЕТ)

 Сырым ауданында «Ата кәсіп – елге нәсіп!» атты кәсіби және әуесқой аң аулаудан тұңғыш рет аудан біріншілігі өтті. Біріншілікті Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы мен «Сырым жастары» жастар қоғамдық бірлестігі және Сырым аудандық аңшылар және балықшылар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

syrym an (14)

 

Елбасы Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында қазақ тарихының іргелі негіздеріне тоқталғаны белгілі. Сырым ауданында өткен аңшылар біріншілігін ұйымдастырушылар, біз айтып отырған қазақтың ата кәсібі аңшылықты насихаттау мен аңшылар арасындағы ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыруды біріншіден мақсат етсе,екіншіден табиғатпен табиғаттың тілінде сөйлесуді үйрететін дала мектебінің әуелгі даңқын қайтаруға да үлес қосқысы келіпті.

Аңшылар сайысы үшін Бұлан ауылдық округіне қарасты Жамбыл ауылының жанындағы Бұлан тоғайы таңдап алынды. Тоғайдың ішінен өтетін Бұлан өзенінің үстіне аңшылар шатыры тігілді. Шараның салтанатты ашылуы да осы жерде болды. Ашылу салтанатында Сырым аудандық аңшылар және балықшылар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсот Бисенғалиев, аудан аңшыларының ақсақалы, кәсіби аңшы, белгілі ақын Махмет Қажиахметов, Сырым ауданының полиция бөлімі бастығының орынбасары Жанболат Мырзашев сөз сөйледі.

Қатысушыларға сайыстың шарттарын және қауіпсіздік ережелерін аудандық аңшылар мен балықшылар бірлестігінің өкілі Ақеділ Нұрмашев таныстырды. Қауіпсіздік дегеннен шығады, шараға Сырым ауданының полиция бөлімі де үлкен қолдау көрсетіп, аңшылардың сайыс барысында мылтық қолдануына рұқсат берген екен. Жарысқа заңды аңшылық мылтығы және Сырым ауданы аумағында аң аулауға жолдамасы бар аңшылар ғана жіберілді.

Аң аулау сайысы аңшылардың емес, аңшы иттердің аң аулауынан басталды. «Жүйрікке жел қамшы» атты тазылардың жүйріктігін сынайтын кезеңде жымпитылық Сәбит Өмірзақовтың Көкқұтан атты тазысы қосқан нысанаға алты тазыдан бұрын жетіп, жеңімпаз атанды. Көкқұтанның ізін ала жеткен өлеңтілік Төлеби Қайыржановтың Сұңқар атты тазысы екінші орынды, итбегі Рүстем Мағзомовтың Лашыны үшінші орынды иеленді. Иелері жүгіріп, бой қыздырып алған тазыларын Жамбыл ауылының іргесіндегі қамысты сайға апарып, қоянға салды. «Қоянды шалмай алар құмай тазы» сайысы тазылардың жүйріктігін ғана емес, иісшілдігін, із кесу шеберлігін де сынады. Айта кетейік, тазыларға қарлы сайларды тіміскілеп шығу жүгіру жолағында жүгіргіндей оңай болмады. Бауырдан келген қар олардың шалт қимылдап, шабысқа салуына кедергі болды. Қатқан қардың бетімен қоян қуамын деген екі-үш тазының тірсегін мұз тіліп кетті. Ұйымдастырушылар жер жағдайының қолайсыздығын ескеріп, тазыларға бірер сағат қана уақыт берді. Иттер берілген суақыттың ішінде олжалы болып үлгермеді.

Есесіне, мылтықтарын асынып, дүрбілерін іліп, аяғына шаңғы байлап, бірі тоғай сүзіп, бірі өзеннің қамысын жағалап кеткен кейбір аңшылар межелі екі сағаттан кейін орталық нүктеге қанжығаларын майлап қайтты. «Саятшылық сабырлыға жарасар!» атты сайыста басқалардан олжалырақ болған Сәкен Сұлтангереев жеңімпаз атанды. Жымпитылық аңшылар Махмет Қажиахметов, Ерлан Шүкіров, Талғат Жакупов белсенді қатысқандары үшін марапатталды. Салауатты өмір салтын ұстануда бір кісідей үлгі, табиғатты қорғауда бір кісідей жанашырлық танытып жүрген жымпитылық Еркін Шүренов «Ақсақал аңшы», ал жетікөлдік Есмұрат Әділет «Ең жас аңшы» аталымдарына ие болды.

         Саятшылықтың салтанаты, аңшылықтың қызығы жайлы небір әңгімені дастарханның басында отырып аңшылардың өз ауыздарынан тыңдадық.

Қазақта «Мылтығыңның күмісін айтпа, тиісін айт!» деген жақсы сөз бар. Аңшылардың арасындағы мергендікті анықтайтын сайыс дәл осылай аталды. Бұл жерде, сырымдық аңшылар ұшатын нысананы көздеуден ана бір қиналды деп айта алмаймыз. Тіпті, үш мүмкіндікті мүлт жібермеген 4 мерген тағы да финалдық кездесу жасап, тәжірибелі аңшы жетікөлдік Киікбай Қайырғожин мергендер сайысының жеңімпазы атанды.

Қатысушыларды Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Нұртілеу Болат және «Сырым жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сәкен Мұса марапаттады.

Аңшылар біріншілігі алдағы уақытта дәстүрлі шараға айналмақ.

syrym an (17) syrym an (24)

syrym an (6)

syrym an (3) syrym an (4) syrym an (5) syrym an (8) syrym an (9) syrym an (10) syrym an (12) syrym an (13) syrym an (15) syrym an (23) syrym an (25) syrym an (26) syrym an (28)

Махмет Қажиахметов, кәсіби аңшы, ақын:

Менің әкемнің өзі аңшы болған кісі. Өзім де бала күнімнен мылтық алып, аңға шықтым.

Аңшылықтың шарты – табиғатты бүлдіру, аңды құрту емес. Керісінше, аңшылар адам мен табиғаттың арасындағы елшіге айналуы керек.  Мен заңды аңшылықтың жағындамын. Басқа аңшылар да бұл кәсіпке адалдықпен, тазалықпен келсе екен.

Аудандағы аңшылардың тұңғыш біріншілігі өте жоғары деңгейде өтті. Алдағы уақытта мергендік дәстүрдің бір түрі – садақ тарту, жамбы ату өнерінен де жарыстар өтсе деймін.

Ақеділ Нұрмашев, аңшы, Сырым аудандық аңшылар және балықшылар қоғамдық бірлестігінің өкілі:

Қазір мылтығы бар адамның бәрі аңшы болып кетті, бұл олардың бәрі заңды аңшы деген сөз емес. Сырым аудандық аңшылар мен балықшылардың қоғамдық бірлестігінің полиция инспекторларымен жасаған рейдтік шаралары кезінде 2018 жылы аудан аумағында заңсыз аң аулаған 4 азаматтың үстінен хаттама толтырылды. Ескерту берілгені қаншама.

Аңшылар біріншілігінің де басты ұраны – заң! Бәрі заңды өтті. Түсінгенім, аңшылар үшін де, қоғам үшін осындай шаралар керек екен. Бұл шаралар арқылы біз заңның үстемдігін, тәртіпті, табиғатқа деген жанашырлықты насихаттаймыз.

 

Рүстем Мағзомов, тазы баптаушы:

Тазы баптаумен айналысқаныма үш жылдай уақыт болып қалды. Лашын атты қазақы тазым облыстық көрмелерге, сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр.

Қазақ «Ит – жеті қазынаның бірі» деп тегін айтпаған. Қазір сол қазынадан айырылып қалу қаупі тұр. Өйткені, Қазақстан аумағында таза қанды деген статусқа ие, ресми тіркелген тазылар аз. Оның үстіне иттің бұл тұқымынРесейдің патенттеп алмақ ниеті бар.

Батыс Қазақстан облысында 100 шақты тазы бар. Бұл қайта көбейгені. «Ата кәсіп – елге нәсіп!» атты аудандағы аңшылар біріншілігі жыл сайын ұйымдастырылып, болашақта тазыларды сақтап қалуға қызмет етсе екен. Асыл тұқымды осындай иттерді сақтап қалу, оның таза тұқымын көбейту ісіне әрбір қазақ араласса, тілектес болса қандай жақсы. Тазы да – жылқы секілді қазақтың бір құндылығы ғой.

Бауыржан Ширмединұлы,

суреттерді түсірген автор

Сырым ауданы

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале