Бұл туралы Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетов тұрғындар алдындағы есебінде айтты. Шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғали Есқалиев, облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар, бірқатар басқарма басшылары қатысты.
-Ауданда ірі қара өсіретін 44, жылқы өсіретін 7, қой өсіретін 2 асыл тұқымды шаруашылық жұмыс жасауда.
Шетелден асыл тұқымды мүйізді ірі қараның аналығын сатып алуға бағытталған «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 14 шаруашылық 1050 басқа 536,5 млн. теңге несие алды. Қыр төсіндегілердің ұмтылысына мемлекеттен жәрдемақша көлемі айтарлықтай өсуде. Айталық, 2012 жылы шаруалар 106 млн. теңге жәрдемақшаға қол жеткізсе, 2018 жылы өтінімдер бойынша бұл 649 млн. теңгені құрады. Соңғы кезде ауыл шаруашылығы құрылымдары өз мекендерінде электр қуатының мәселесін шешу үшін 24 дана модульды гибридтік стансасын, 23 дана күн сәулелі панель орнатты (151,3 млн. теңге). Осындай ілгерілушілікті, алға басуды, озық тәжірибені басқа шаруалар, кәсіпкерлер, ауылдардағы жастар арасында насихаттауды өрістеткен абзал,- деді аудан әкімі.
Аудан басшысы есеп барысында мал арасындағы бруцеллез ауруына байланысты алаңдаушылығын білдірді. Есепті кезеңде 225 бас қой-ешкі малы сол кеселге шалдығып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 3 есеге азайғанымен, ірі қараның алдыңғы жылмен салыстырғанда залалдануы 0,3 пайызға артып (1146 бас) отыр. Бәрінен қиыны бруцеллездің адамға жұғуы тиылмай келеді. Ветсанитарлық қағида шеңберінде аса қырағылық керек, мамандар малдың қозғалысын бақылауда ұстап, тиісті бақылау және қадағалауды күшейтуі керек. Жазда мал бағымын ұйымдастыруды жолға қоятын уақыт жетті.
Болат Қосжанұлы,
Ақжайық ауданы
© zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер