4.03.2019, 17:30
Оқылды: 118

Атаулы әлеуметтік көмек қалай есептеледі?

Бұған БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және əлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алтай Құлқаев жауап берді. Оның дерегінше, қазіргі кезде ең төменгі күнкөріс деңгейі – 29 698 теңге. Ал кедейлік шегі – күнкөріс деңгейінің 50%-ы немесе 14 849 теңге. «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына орай биылғы шілде айының 1-нен бастап атаулы әлеуметтік көмек төлеудің жаңа тәртібі бекітіледі.

 rsk

Біріншіден, аз қамтылған отбасыларды, әсіресе көп балалы отбасыларды қамту аясын кеңейту мақсатында атаулы әлеуметтік көмек көрсету өлшемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50%-нан 70%-ға, 14 849 теңгеден 20 789 теңгеге дейін көтеріледі. Екіншіден, аз қамтылған отбасылардың балаларына 18 жасқа дейін ай сайын 20 789 теңге кепілдендірілген көмек төленетін болады. Егер бала ЖОО-да оқыған жағдайда бұл көмек 23 жасқа дейін жалғасады. Ал ата-анасына кедейлік шегімен отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы орташа табысының айырмасы төленеді. Үшіншіден, атаулы әлеуметтік көмек тағайындаған кезде отбасының жиынтық табысынан көп балалы отбасыларға және «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған көп балалы аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар, сондай-ақ балалардың  мүгедектігіне берілетін жәрдемақылар және стипендиялар алынып тасталады.Төртіншіден, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау рәсімі жеңілдетіліп, құжаттар «е-Халық» ақпараттандырылған жүйесі арқылы автоматты түрде алынатын болады. Өтініш беруші жеке куәлігін ғана көрсетеді.

Брифингте мамандар атаулы əлеуметтік көмекті есептеудің жаңа тәртібіне мысал келтірді. Егер 60 мың теңге кірісі бар 4 балалы толық отбасы ай сайын 29 094 теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алып келсе, 1 шілдеден бастап ол қаржы 75 640 теңгеге көбейіп, 104 734 теңгені құрайды. Тарқатып айтсақ, 60 мың теңге айлық табысты жан басына бөлгенде – 10 мың теңге болады. Балаларға 18 жасқа дейін ай сайын 20 789 теңге төленетіні белгілі. Яғни, кедейлік шегінің мөлшерін төрт еселейміз (20 789 теңге х 4=83 156 теңге). Ата-анасына кедейшілік шегі – жан басына шаққандағы орташа табыс беріледі: 20 789 – 10 000 =10 789 х 2 = 21 578 теңге. Сонда балалары мен əке-шешесінің төлемдерін қосқанда, АƏК-нің толық көлемі – 104 734 теңге. Оған үстіне 60 мың теңге жалақысы қосылады.

Тағы бір мысал, екі баласы бар толық отбасының айлық табысы 40 000 тенге болған жағдайда, ай сайын 19 396 теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алып отырады. Биылғы екінші жартыжылдықтан бастап бұл отбасы бір айға 63 156 мың теңге АӘК алады. Жоғарыда көрсетілген формуламен есептелгенде, бұл отбасының бір айлық жалпы табысы 103 156 теңгені құрамақ.Түйіндей айтсақ, толық емес отбасы болсын, жалғызбасты ана болсын, айлық табысын отбасы мүшелерінің әрқайсына бөлгенде, 20 789 теңгеден аспаған отбасыға АӘК беріледі.

Алтай Құлқаевтың сөзінше, 2018 жылы облыс бойынша 3 556 отбасына атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Соның ішінде көп балалы 544 отбасы қамтылды. АӘК алатын барлық 16 796 адамға 728,2 млн. теңге төленді. Брифингте «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ның облыстық филиалының бас сарапшысы Динара Хайретдинованың айтуынша, шілденің 1-інен бастап 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларды бағып отырған отбасына немесе қамқоршысына, сондай-ақ жасы 18-ден асқан және 1-топ мүгедектігі тағайындалған азаматты күтушілерге ай сайын төленетін 31 183 теңге жәрдемақы көлемі 30 пайызға, яки 41 578 теңгеге дейін артпақ.

Нұртай Алтайұлы,

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале