4.03.2019, 18:10
Оқылды: 299

Нұртөре Жүсіп: «Тасқа басылған сөзге сенген ұлтпыз»

Танымал публицист Нұртөре Жүсіп бүгін «Жайық Пресс» медиахолдингінде өткен шеберлік сағатында осылай деді. Қазақстанның құрметті журналисі, Халықаралық ПЕН клубының вице-президенті, республикалық «Айқын» газетінің редакторы тіл, журналистің рөлі, мерзімді басылымдардың маңызы турасында сөз қозғады.

nurtore jusip (5)

         Кездесуге бас редакторлар клубы мүшелері мен медиахолдинг журналистері қатысты.

         - Басылымдардың барлығы бір сарынды. Газет жұмысы оңай емес. Бәріміз бір көгенделген қозыдай келе жатырмыз. Бұл көңілге қонбайды. Шығармашылық адамының әр қайсысы бір әлем. Әлемнің еркіндігі - қоғамның қозғаушы күші. Журналистердің белгілі бір қоршауы қалыңдап, бейіктеген сайын ынтасы төмендейді, ықыласы кемиді. Сол бір соқпаққа түсіп, сонымен кете беретін жағдайлар болады. Олардың билікті, қоғамды қалғытпау үшін жасайтын ықпалы өте үлкен. Өкінішке орай, осы функциялар қазір азайды.

         Газеттің өміріндегі ең маңызды нәрсе - қаржы, жарнама, күнкөріс тетігі. Қазір қаражат мәселесі 90-шы жылдарға қарағанда тұрақты. Бізде жарнама табу мәселесі ақсап тұр. Бұл жерде қазақ тілді басылымдар ұтылып келеді. Өйткені, жарнама тілі – ресми тіл, - деген журналист бұл мәселені Украинамен салыстыра айтып берді.

         Мәселен, Украинада көшедегі жарнаманың барлығы тек украин тілінде. Ал жарнаманы басқа тілде бергіңіз келсе, өз еркіңіз. Тек ақысын үш есе төлейсіз. Қалтасы көтермеген тапсырыс беруші амалсыздан жарнаманы украин тілінде береді.

         - Бізде ондай жағдай әлі орнықпады. Тіпті журналистің еңбегі бағаланбайды. Нарықта журналистика жоқ. Нарықты өлшемді енгізу қажет деп ойлаймын. Журналистердің еңбегі халықпен бірге өмір сүреді. Әрбір жақсы тіркес, жақсы ой, көтерілген мәселені ел ұмытпайды. Қазақстандағы журналист қауымының қолынан келетіні және міндетті нәрсесі – қазақтың мәселесі. Арманын, жанқайын жеткізу, - деді Н.Жүсіп.

         Қаламы қарымды публицист жас журналистердің тіл байлығы нашар әрі сөзді орынсыз қолдану жиі кездесетінін, көмескі сөздерді қолданбайтынын айтты. Иә, көнерген сөздердің көмбеде қалып жатқаны рас.

         - Төрт түлік малға қатысты сөз тіркестері, мақал-мәтелдер, барлығы отырықшы өмірді тастап, қазіргі заманға бейімделген кезде керексіз болып, қолданыстан шықты. Тілдік айналымда бар нәрсенің түбіріне мән бермей қалдық, - деген журналист заманның әсерінен жас ұрпақтың қалыптасқан тіл байлығынан алыстап кеткенін айтты.

         - Газет - пайдасы, тиімділігі, ықпалын біліп, жасалған дүние. Технология дамыған заманда ақпарат ағыны да тез. Дей тұрғанмен әлемнің ең озық мемлекеттері Жапония, Кореяда газет тиражының саны көбеймесе, кеміген емес. Шетелде қай жерде болмасын газетті көресіз. Неге? Газеттің сөзі, желідегі жел сөзге қарағанда сенімді. Себебі тексерілген, сұрыпталған, әдеби қалыпқа түскен, сөзі орнықты. Қазақ тасқа басылған сөз дейді. Біз тасқа басылған сөзге сенген ұлтпыз. Осы жүйе шетелде мықты сақталған. Бұл үрдіс елімізде жалғаса берсе, газеттің ғұмыры қысқармақ. Екіншіден, оқу мәдениетін қалыптасыру керек,-деп түйіндеді сөзін журналист.

         Ол қысқа ғана уақыттың ішінде елдің дамуына кері әсерін тигізіп жатқан мәселелер, тіл саясаты, патриотизм жайында айтып берді.

nurtore jusip (10)nurtore jusip 11

суретке түсірген Темірболат Тоқмамбетов

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале