Сырым ауданы бойынша ылғал жабу жоспары 13 200 гектар болса, бүгінде 13 343 гектар алқап болып, жоспар 101,1 пайызға орындалды.
Ылғал жабу жұмысына 46 агрегат және 77 жұмысшы жұмылдырылды. Ауданда қазіргі таңға 1 730 гектарға арпа, 60 гектарға жаздық бидай дақылы және 140 гектарға мал азықтық көпжылдық (жетняк) шөбі егілді.
Алқаптағы дәнді дақыл егуге 21 агрегат, 50 жұмысшы қатысуда.
Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Ахат Аралбаевтың жол көрсетуімен Алғабас және Шолақаңқаты ауылдық округтерінің егістік алқабына бағыт алғанымызда мезгілдің өзі сәске түске таяп қалған еді.
Алғашқы ат басын Алғабас ауылдық округіне тіредік. Негізгі жұмыс жайына қанық болған соң, ауыл әкімі Өркен Әменов қасымызға бас маман Жанболат Құмарғалиевты қосып, округтен 35 шақырымдай жерде дәнді дақылдар егуді бастап кеткен Милат Қыдыралин жетекшілік ететін «Милат» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен танысуға ниеттестігін білдірді.
Ауыл әкімінің ұсынысын құп алған біздер де тақтайдай тегіс дала жолымен жүйткіген «Нива» көлігінің ұшқырлығымен межелі жерге қалай келгенімізді байқамай да қалыппыз.
Жалпы «Милат» шаруа қожалығы 1997 жылы құрылып, мал, егін шаруашылығымен айналысуға түбегейлі бет бұрды. Милат Қыдыралин жетекшілік ететін қожалықтың мал бағатын жазғы жайлауы «Көтермен» болса, қыстақ орны Алғабас ауылында, егістік алқабы «Жаңа бөгет» еді.
Өткен қыста 80 өгізшені бордақылап, Атырау, Орал қаласындағы ет комбинатына тапсырған қожалық басшысы М.Қыдыралин бүгінде қолда бар сиыр, қой, жылқысын жайылысқа шығарған.
Соңғы екі жылда «Жаңа бөгет» егістік алқабында егілген дәнді дақылдардан әр гектарына 17-18 центнерден өнім алуға қол жеткізген қожалық еңбеккерлері биылғы науқанға да білектерін сыбана кірісіп кетіпті.
Егістік алқапта екі кезеңмен жұмыс істейтін диқан-механизаторлар 400 гектарға жаздық бидай, 400 гектарға арпа дақылын, 200 гектарға мал азықтық шөп екпекші.
Куә болғанымыздай, екі кезеңде жұмыс атқарылатын дала төсіндегі еңбек дүбіріне қожалықта он бір адам, 1 «К-701», 1 «ДТ-75М», 2 «МТЗ-82» тракторлары мен 1 «Камаз» көлігі тіркемесімен қатысуда.
Егістік алқабында тынымсыз еңбек етіп, алдағы кезеңде алынар мол өнімге берік негіз қалаушылар қатарынан көрініп жүрген қожалық механизаторлары Ғарифолла Мадиев, Қайрат Сәрсенов, Қайырбек Сұлтановтың «өзім дегенде өгіздей күші бар» дегендей қажырлығына риза боласың.
Қожалық жетекшісінің айтуынша, көктемгі егіс науқанына 44 тонна жаздық бидай, 48 тонна арпа, 5 тонна екпелі шөп тұқымын ертелі әзірлеп, «Батыс Арна» ЖШС арқылы арзандатылған жанар-жағар майы сұраныстары бойынша бөлінді. Қожалық еңбеккерлерін алда мал үшін жемшөп қорын әзірлеу, күздік бидай егу жұмысы да күтіп тұр.
***
Шолақаңқаты ауылдық округіндегі Қайрат Меңдіғалиев жетекшілік ететін «Правда» шаруа қожалығының жігіттері де көктемгі егіс уақытын тиімділікпен пайдалануда. Яғни, қожалықта науқанға «МТЗ-82», «МТЗ-100» және «Т-4А» тракторлары тұқым сепкіш агрегатымен қатысуда.
1150 гектар жердің ылғалын жапқан қожалықта 815 гектарға арпа, 200 гектарға екпелі шөп егілмекші. Механизаторлар Халиолла Қапашев, Мерхат Мұхамбедияров егістікке тұқым себуде жүрсе, Орынтай Есламғалиев тұқымды дер кезінде тасымалдауды қамтамасыз етуде.
Қ.Меңдіғалиев жетекшілік ететін «Правда» шаруа қожалығында егістікпен қатар мал шаруашылығы да дамуда.
Қазірде қожалықтағы қой, сиыр, жылқы жазғы жайлауда бағылуда. Қожалықтағы тұрақты жұмыспен қамтылған еңбек адамдары айлық жалақыларына көңілдері толатындығын айтады. Мәселен, егіс науқаны кезінде жалақыға 150 мың теңге төленетіндігін қожалық механизаторы О.Есламғалиев әңгіме арасында айтты.
Мүсірбек Айташев,
суреттерді түсірген Мархат Гумарова,
газеттің штаттан тыс тілшісі,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер