28.05.2019, 15:57
Оқылды: 189

Алаш ардақтысы Ахмет Мамытұлының жинағы тұңғыш рет жарық көрді

Алаш ардақтысы Ахмет (Ахметғали) Мамытұлы (1895-1938) – ағартушы, ақын, журналист, қазақтың алғашқы дәрігерлерінің бірі еді. Ол қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметованың әкесі ретінде де белгілі.

 ahmet mamytuly

«Айқап», «Қазақ» басылымдарында өлеңдері, мақалалары басылған қайраткер «Қазақ» газеті арқылы үндеу  тастаған Ә. Бөкейхан, А. Байтұр сынұлы, М. Дулатұлы, Ж. Жәнібековтер қатарында жүрді. 1916 жылғы дүрбелеңде жәбір-жапа шеккен елге әлеумет көмегін жұмылдыру мақсатында еңбек етті. Ұлт зиялыларының тарихи қызметін «Алашқа сәлем» өлеңінде «Ақ Алаш, азат Алаш, даңқты Алаш!» деген намыс толғауымен жеткізді. Санаткердің әдеби және ғылыми мұрасы – қазіргі рухани жаңғыру үдерісіндегі ұлттық бірегейлігімізді барынша үстей түсетін құнды қазына.

Таяуда А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми

кеңесі, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Алаш» мәдениет және рухани даму институты ұсынуымен «Алашорда» қоғамдық қорынан Ахмет Мамытұлының шығармалары тұңғыш рет жинақталып, жарыққа шықты.

Кітаптың кіріспе сөзін, түсініктерін тілші ғалым, филология ғылымдарының докторы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты грамматика бөлімінің меңгерушісі Орынай Жұбаева жазды. Атақты «Ғалия», «Хұсайыния» медреселерінде, Саратов университетінің медицина факультетінде білім алған дарынның саналы ғұмыры ұлт тарихындағы күрделі кезеңдермен біте қайнасып жатыр. Қалың оқырман қолына тиіп отырған еңбек елдік мүддеге адал қызмет еткен қайраткердің сан қатпарлы әдеби, ғылыми шығармашылық тұлғасын тануға мүмкіндік береді. Жинақта Ахмет Мамытұлының «Кеңес» (1913) өлеңдері мен көркем тәржіма жинағы, «Әйелдерге кеңес» (Қызылорда, 1932), «Теңге қотырдан сақтану жолдары» (Қызылорда, 1932), «Соз ауруы» (Қызылорда, 1935), «Тырақома (көз ауруы)» (Қызылорда, 1935), 1925-1929 жылдары «Еңбекші қазақ», «Ауыл тілі» газеттеріндегі жарияланымдарының автор тарапынан іріктеліп алынған мақалалары жинақталған «Денсаулық жолында» кітапшалары қамтылған.

Алматыдағы Тері және жұқпалы аурулар ғылыми-зерттеу институтының тұңғыш директоры қызметін атқарған білікті маманның А.Зубрилиннен «Өсімдіктер һәм олардың өмірлері» (Мәскеу, 1924), А. Бессерден «Егін өсіру жолдары (жерге су сақтап жию)» (1924), Д. Анучиннен «Адам тегі» (Мәскеу, 1925), В. Фалькнерден «Балалар саулы ғыңды сақта!» (Қызылорда, 1930) аударылған кітаптары бүгіндері де ауыл шаруашылығы, медицина саласы мамандары үшін маңызын жойғаны жоқ. Медицина саласындағы термин жасамдары да қазақ тілін ғылым тіліне айналдырудағы қажыр-қайратын көрсетеді.

kitap

 

«Егін өсіру жолдары (жерге су сақтап жию)», «Адам тегі» кітаптары СССР халықтарының кіндік баспасынан Әлихан Бөкейхан алғысөзімен басылып шықты. Бұл басылымдардың қазақ оқырманы үшін маңызын Алаш көсемі «Бессер кітабы оңтүстік, сәскелік Россия егіншісіне бір есе керек болса, біздің қазақ егіншісіне он есе керек. Бұл кітаптың сілтеген беті егіншіні адастырмайтын қасқа жол… Өмір заңы,өмір салты талас, әдіс тартысы. Шаруа сақтауға келе жатқан шөл, жойқынға қарсы келе жатқан амал, әдіс қылу керек. Осы амал, әдіс Бессер кітабында көрсетілген» деп бағалады.

«Емле, пән атаулары туралы», «Ыйсатай-Махамбет», «Оқыушылар, бетіңді ауылға бұр!», «Бұл кімнің міндеті», «Қызылордаға көрініс бәгөні келді», «Бізге де уақыт» мақалалары халқының рухани жан азығына, тән саулығына сергек қараған сан қатпарлы сана сорабын танытады.

«Сезімге әсер берерлік суретті өлеңдер көбінесе Мағжан, Міржақып, кейде Сұлтанмахмұт һәм Ахмет Мәметовтікі. Бұлардың, өлеңінде өзгеше бір сарын бар. Жүрегінің сезімін суреттейтін, жалғастырып әкететін артықша бір маңыз бар. Бұлар – сыршыл (лирик) ақындар» деп жазыпты кезінде Жүсіпбек Аймауытұлы. Ал Мұхтар Әуезов «Абайдан соңғы ақындар» мақаласында Ахметтің 1913 жылы Қазан қаласында басылып шыққан «Кеңес» жинағына айрықша екпін жасаған. Міне, осы «Кеңес» жинағы да араға ғасыр салып, туған халқымен қайта қауышып отыр. «Кеңес» – әлеуметшіл ақынның ұлттық ояну дәуірінің рухындағы қалам қарымын, азаматтық ұстанымын танытатын жинақ.

«Жан ашыған сөзім,

Нанбасаң аш көзің.

Миың болса басыңда –

Ұмтылатын кезің», - деп тиегі ағытылған кітаптың «Сөз басындағы»:

«Мен жаздым тыңдағанға арнап мұны,

Тыңдамай жек көргенге болмас бұлы.

Мен емес, жалғыз сөзі алынбаған,

Болармын сол айтылған көптің

бірі;

Жөн сөзді айту міндет алмаса да,

Жек көріп құлақтарын салмаса да,

Ойлаймын үлкен пайда болар ау деп,

Түсініп біреу оқып аңдаса да», -деген өлең жолдары А. Байтұрсынұлының «Маса», Ғ. Қараштың «Бала тұлпар», М. Дулатұлының «Оян, қазақ!» кітаптарындағы елшілдік мұрат-мақсатпен үндесіп жатыр.

«Бірлік – ынтымақ», «Күншілік – хасад», «Ұят – хия», «Ғылым нәрсе?», «Қазақ хақында», «Атқа мінген ағаларымызға», «Өткен халлардан», «Жалған – өтірік», «Өтінішім» өлеңдерінде ұлт бірлігі, имандылық, оқу-ағарту, ғылым мәселелері жырланады. «Төрт мезгіл» өлеңінде табиғат тылсымына бойлаған ақындық қиялдың сыршыл әлеміне қанығамыз.

Қазақ топырағындағы Абай, Ыбырай, А. Байтұрсынұлының көркем аударма дәстүрін жалғастырған Ахметтің Крыловтан аударған «Түлкі мен жүзім», «Тауық пен маржан», «Қиындық сүйген аю», «Қарға», «Қозы», «Жылан мен кісі», «Күтуші мен бөрі», «Арыстан мен түлкі», «Тышқан мен сүт», И. Хеменцериден тәржімалаған «Бұлбұл мен сары шымшық» мысалдары тәржімалық шеберлігіне тәнті етеді.

Крыловтан жасаған аудармаларын ұлттық бояуымен қатар отаршылдықтан туындап отырған саяси-әлеуметтік түйткілдерді қазақ қоғамы шындығымен қиыстыра берудегі көркемдік нәрі ерекше берудегі көркемдік нәрі ерекше-

лейді. Оны:

«…Жігітке сүйкімділік тәуір қылық,

Алдында үлкендердің болу сынық.

Көрінсең мінезіңнен жек көрініш,

Бұныңыз болып шықпас адамшылық» («Күтуші мен бөрі»).

«Мысалы, түлкі біздің надан халық,

Қорыққан әкімдерден естен танып,

Жығылып аяғына көрген жерде –

Тақсырлап есі кетіп қолын алып…» («Арыстан мен түлкі»), өзге де аудармаларындағы көркемдік түйіндер айқын көрсетеді.

Тұтастай алғанда, Ахмет (Ахметғали) Мамытұлының тұңғыш рет

жарық көріп отырған шығармалар жинағы Алаш ардақтысына деген үлкен құрметтің айқын бір үлгісі. Ендігі кезекте оның сан салалы мұрасы жүйелі зерттеліп, тағылымды өмірі кеңінен насихатталуы, ұлықталуы керек. Ел үшін еңбек еткен ерді ардақтау – ұрпақ парызы.

Сағымбай Жұмағұл,

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ

«Алаш» мәдениет және

рухани даму институтының

ғылыми қызметкері,

Астана қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале