Облыстық мәслихаттың кезекті ХХV сессиясы өтті. Сессияда 2018 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылғаны жөнінде есеп тыңдалып, облыстық мәслихаттың «2019-2021 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізілді.
2018 жылғы облыстық бюджеттің атқарылуы жөнінде баяндаған облыстық қаржы басқармасының басшысы Дулат Имашев былтыр облыстық бюджетке 133,9 млрд. теңге кіріс түскенін және бұл қаржының 133,1 млрд. теңгесі өңірдің дамуы үшін жұмсалғанын атап өтті.
Оның айтуынша, түсімнің негізгі көздері – трансферттер, республикалық бюджет салығы түсімдерінің займдары және жәрдемқаржы (субвенция). Салық түсімдерінің басым бөлігі, яғни 92,6 пайызы жеке табыс және әлеуметтік салықтан жиналған. Жеке табыс салығы 13,8 млрд. теңгені, әлеуметтік салық 21,7 млрд. теңгені құраған. Сондай-ақ 1,5 млрд. теңге әкімшілік айыппұлдардан түскен. Былтыр облыстық бюджеттің 30,1 млрд. теңгесі немесе жалпы шығындардың 22,6 пайызы әлеуметтік салаға, 16,9 млрд. теңге білім саласына жұмсалған. Білім беру жүйесін ақпараттандыру бойынша шығыстар 53,6 млн. теңгені құрап, 381 мектеп кең жолақты интернетке қосылған. Сондай-ақ өткен жылы Деркөл кентінде 600 орындық мектеп, Бәйтерек ауданының Дариян ауылында 300 орындық мектеп-интернат пен Орал қаласындағы Сарытау шағынауданында 900 оқушыға арналған мектеп салынды. Ал әлеуметтік қорғау және әлеуметтік қамтамасыз ету саласына 4,4 млрд. теңге бөлініп, жұмсалған. Мемлекеттік атаулы көмекке 519,6 млн. теңге бағытталып, аталған қаржы 16 815 тұрғынға берілген. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау шараларына 446 млн. теңге жұмсалған. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде ауылдардағы кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу үшін 4,0 млрд. теңге шамасын да бюджеттік несиелер берілген. Сондай-ақ ауылдық елді мекендерде және шағын қалалардағы тұрғындарға 1144 шағын несие берілген. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялауға 3,5 млрд. теңге қарастырылып, жұмсалған.
Сессияда қаралған келесі мәселе – «2019-2020 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу төңірегінде өрбіді. Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараевтың мәліметінше, облыстық бюджеттің параметрлерін нақтылау үшін республикалық бюджеттен берілетін трансферттер және жергілікті бюджеттің түсімдерін түзету қажет. Нақтылануға жататын 22,7 млрд. теңге келесідей басым салаларға бағытталуы керек. Біріншіден, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт салаларының қызметкерлерінің, әкімшілік мемлекеттік қызметкерлердің төменгі буынының жалақысын өсіруге 6,8 млрд. теңге, аз қамтылған көп балалы отбасыларға тұрғын үй сатып алуға және салуға 2,4 млрд. теңге, «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым бойынша іс-шараларды іске асыруға 1,2 млрд. теңге жұмсалмақ. «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде Ақжайық ауданының Чапаев ауылында бес нысан (жарықтандыру құрылысы, жалпы білім беретін №1 орта мектепті күрделі жөндеу, Тәуелсіздік, Шурихин, Меңдалиев, Қазақстан көшелеріндегі кентішілік жолдарды күрделі жөндеу), Тасқала ауданының Тасқала ауылында екі нысан (Қ.Сәтбаев атындағы ЖОББМ ғимараты мен Садық Жақсығұлов атындағы ЖОББМ ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізу) және Теректі ауданының Федоров ауылында үш нысанға (Абай, Орталық және Достық көшелерінің жолдарына күрделі жөндеу) құрылыс жұмыстары жүрмек. Сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек төлеуге және еңбек нарығын дамытуға 3,5 млрд., білім саласына 1,5 млрд. мәдениет, спорт және ақпараттық кеңістік саласында іс-шараларды өткізуге 222 млн. теңге бөлінеді. Ақжайық, Теректі, Қазталов, Тасқала, Шыңғырлау, Бәйтерек аудандарының тоғыз елді мекендерін сумен жабдықтау және Орал қаласының бір нысанының су бұру жүйелерін дамытуға 1,6 млрд. тең- ге, газ тасымалдау жүйесін дамытуға 458 млн. теңге қарастырылды. Көлік инфрақұрылымының басым жобаларын жүзеге асыру мақсатында облыс орталығының және Сырым, Жаңақала, Теректі, Бәйтерек аудандарының автожолдарын күрделі және орташа жөндеу, сонымен қатар Орал қаласының Зашаған кентіндегі Балауса және Сарытау шағынаудандары автожолдарын және Бөрлі ауданы Ақсай қаласының 14 көшесіндегі жолдардың құрылысын қаржыландыруға 4,1 млрд. теңге жұмсалады.
Биыл облыстық бюджет 173,3 млрд. теңгені құрамақ. Сондай-ақ сессия барысында облыс бойынша жер үсті көздеріндегі су ресурстарын пайдаланғаны үшін 2019 жылға арналған төлемақы ставкаларын бекіту, 2019-2021 жылдары субсидиялауға жататын аутокөлік қатынастар тізбелерін айқындау, Бөрлі ауданының кейбір елді мекендерінің әкімшілік-аумақтық құрылымына өзгерістер енгізу, облыстағы кейбір білім беру ұйымдарына атау беру секілді бірқатар мәселе қаралды.
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер