Биылғы төрт ай ішінде БҚО-дағы банк филиалдары арқылы 91,3 млрд. теңге көлемінде несие берілген. Бұл былтырғы осы мерзімдегі көрсеткіштен 21,5%-ға артық. Өңірдегі қаржы нарығы жайында ҚР Ұлттық банкі Батыс Қазақстан филиалында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Филиал директоры Сәуле Шенолдың айтуынша, биылғы қаңтар-сәуірде облыстың банктері депозиттерге 391,1 млрд. теңге болатын салымдарды тартқан және өткен жылдың сәйкес мерзіміндегі көрсеткішпен салыстырғанда 28,3%-ға өсті. Заңды тұлғалардан 283,6 млрд. теңге (тартылған салымдардың 72,5%-ы), жеке тұлғалардан 107,5 млрд. теңге (27,5%-ы) депозиттерге салынған.
2019 жылдың 1 мамырына банктер филиалдарындағы салымдар бойынша қалдықтар 246,0 млрд. теңгеге дейін жетіп, 2018 жылғы 1 мамырымен салыстырғанда 14,0%-ға өсті. Жеке тұлғалардың депозиттері 12,6%-ға, заңды тұлғалардың депозиттері 25%-ға молайған.
Облыстағы депозиттердегі жеке тұлғалардың үлесі 87,0%-ды, заңды тұлғалардың үлесі 13,0%-ды құрады. Сондай-ақ ұлттық валютадағы салымдардың үлесі өткен жылғы 65,7%-дан 70,1%-ға жеткен. Ал шетел валютасындағы салымдардың үлесі өткен жылғы сәйкес мерзімдегі 34,3% -дан 29,9% -ға төмендеген. Мұның өзі өңірімізде дедолларизация процесінің жақсы жүріп жатқанын көрсетеді.
2019 жылғы қаңтар-сәуірде банктердің филиалдары 91,3 млрд. теңге көлемінде несие берді. Бұл былтырмен сәйкес мерзімдегі көрсеткіштен 21,5%-ға артық. Жеке тұлғаларға 42,5 млрд. теңге (былтырғы сәйкес мерзімдегі көрсеткіштен 17,6%-ға көп), заңды тұлғаларға 48,8 млрд. теңге (өткен жылғы осындай мерзімдегі көрсеткіштен 25,2%-ға өсті) несие берілді.
2019 жылы қаңтар-сәуірде шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 8,8 млрд. теңге несие ресімделген, яғни өткен жылғы қаңтар-сәуірде берілген несие шамасымен салыстырғанда 20,4%-ға өскен. Азаматтарға тұрғын үй салуға және сатып алуға берілген несие шамасы 6,3 млрд. теңгені құрады және 15,3%-ға ұлғайды (үлесі 7,0%), халыққа тұтыну мақсатына берілген несие шамасы 32,9 млрд. теңгені құрады немесе 19,1%-ға артты (үлесі 36,0%).
- «7-20-25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасы бойынша республика бойынша сегіз банк қызмет көрсетуде. Олар – «РБК Банкі», «Еуразиялық банк», «АТФ Банк», «First Heartland Jysan Bank», «Fortebank», «Халық банкі», «ЦентрКредит Банкі», «Сбербанк» АҚ-лар, олардың алтауы біздің өңірде бар. Облыстағы екінші деңгейдегі банктер филиалдарымен 3,3 млрд. теңге шамасына 372 өтінім қабылданып, соның 272-сіне банктердің келісімі беріліп, таяуда несие берілмек. Қазірдің өзінде 2,1 млрд. теңгеге 236 өтінім мақұлданды, - Ұлттық банк филиалы директорының орынбасары Қуанышбек Хамзин.
Гүлбаршын Әжігереева,
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер