27.08.2019, 15:49
Оқылды: 64

Теректілік 155 түлек оқу грантының иегері атанған

Теректі ауданы орталығында «Жаһандық құндылықтар және сапалы білім – болашаққа бастар жол» тақырыбында аудандық білім беру жүйесі қызметкерлерінің тамыз педагогикалық кеңесі өтті. Оған аудан әкімі Әділ Жоламанов, аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері, бөлім-мекеме басшылары және ұстаздар қауымы қатысты.

IMG_0020

Мәдениет үйінің фойесінде 2018-2019 оқу жылында жетістікке жеткен оқушылардың марапаттары мен фотосуреттері көрсетілген бұрыш жасақталды.

Тамыз кеңесін ашқан аудандық білім беру бөлімінің басшысы Жанаргүл Хусайнова ұстаздарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

-Білім бәсекесіне бейім шәкірт тәрбиелеу - біздің өмірлік мақсатымыз. Аудандағы 38 мектеп һәм сол секілді мектепке дейінгі ұжымдар осы мақсатты орындау үшін жұмыстанып келеді. 2018-2019 оқу жылы 6095 оқушы мектеп бітірсе, білім сапасы 58,4 пайыз. Ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер де өте көп болды. Бірақ, біз бір орында тоқтап қалмауымыз қажет. Жаңа оқу жылы жақсылықтарға толы болады деп сенемін, - деді Жанаргүл Жеңісқызы. Бөлім басшысы ардагер ұстаздарға құрмет көрсетіп, гүл шоқтарын табыстады.

Теректілік ұстаздарға БҚО білім басқармасының мектепке дейінгі, жалпы орта техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің әдіскері Шынар Бауетдинова ізгі тілегін арнады. Кеңес аясында «Білім беру саласындағы STEM инновациялар» тақырыбында облысқа танымал «STEM Academia» жобасының менеджері Любовь Кушнер-Чекалина, «Оқытудың жаңартылған мазмұнын енгізу: іс-әрекет және нәтиже» тақырыбында Шаған мектебі директорының орынбасары Баршагүл Жұмағалиева, робот жасау технологиясы, аудан мектептерін сапалы компьютермен жабдықтау бойынша «LABORTECH INTERNATIONAL» ЖШС бас директоры Бекжан Қабдығалиев, «Мектеп және ата-ана:бала тәрбиесінің негізі» тақырыбында бес баланың анасы Жанна Әлдібаева баяндама оқыды. Подстепный №1 мектебінің тарих пәні мұғалімі Бекнұр Бекқалиев жас мамандар атынан сөз алды.

IMG_0088

Кеңеске арнайы қатысқан аудан әкімі Әділ Жоламанов өткен оқу жылының қорытындысы бойынша 155 түлектің оқу грантының иегері атанғанын атап өтті. Сонымен қатар оқушылар арасында өз-өзіне қол жұмсау фактілерінің орын алмауын назарда ұстап, ол үшін секция, үйірмелердің жұмысы жандануы тиіс екендігін тілге тиек қылды. Бұл аудандық білім беру бөлімі мен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне берілген тапсырма.

Аудан басшысы Әділ Тауфиқұлы сахна төрінде Теректі аудандық лингвистикалық гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әлия Хасанованы, Абай атындағы мектептің география пәні мұғалімі Гүлмира Утеғалиеваны, Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Фарида Рысқалиеваны және Теректі аудандық лингвистикалық гимназияның орыс тілі пәні мұғалімі Венера Тоқтарованы әкім премиясымен марапаттады.

Тамыз кеңесінде табысқа кенелгендердің қатары өте көп болды. ҚР білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасын аудандық білім беру бөлімінің оқу-әдістемелік кабинеті меңгерушісінің міндетін атқарушы Гүлайым Асқарова, аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Ұлдай Сәрсенова, Ұзынкөл мектебінің география пәні мұғалімі Гүлжан Артықова, Шаған мектебінің технология пәні мұғалімі Медет Бисекенов, Федоров қазақ мектебінің биология пәні мұғалімі Дариға Бекетова, Шаған мектебі директорының орынбасары Баршагүл Жұмағалиева, Теректі аудандық лингвистикалық гимназиясының директоры Нұрбөбек Кереева, Подстепный қазақ мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Марат Сыхов, Хамза Есенжанов атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Самал Тулешова және Шаған мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Елена Плотникова еншіледі.

Бірқатар ұстаздар ҚР білім және ғылым министрлігінің Алғыс хаттарына ие болды.

Теректілік ұстаздардың бір легі аудан әкімінің  Алғыс хаттарын еншілесе, бір легі облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Аудандық білім беру бөлімі ұйымдастырған «Балалар мен жасөспірімдерді сауықтыру және жазғы демалысты үздік ұйымдастыру» байқауында Шаған мектебі ұжымы жеңімпаз атанса, «Жаңа оқу жылына дайындықты ұйымдастырудың үздік мектебі» байқауында Ұзынкөл мектебі директорының шаруашылық меңгерушісі Мизамғали Елекбаевтың еңбегі ескерусіз қалмады.

Әділет Орынбасаров,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале