Облыс әкімі Ғали Есқалиев Эстонияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Хейти Мяемеэс, кеңесші Эрки Вайсманнмен және Балтық сауда үйінің өкілдерімен кездесті.
Жиында алдымен облыстың тыныс-тіршілігімен таныстырған Ғали Есқалиев Қазақстан мен Эстония арасындағы достық байланыс аймақтық деңгейде де жалғаса беретінін жеткізді.
-Батыс Қазақстан облысында мұнай-газ кен орындары шоғырланған. Облыс орталығы Орал қаласында еуропалық стандарттар бойынша инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Жыл өткен сайын Эстониямен ынтымақтастық байланысымыз артып келеді. Бір миллион 300 мың доллар тұратын келісімшарт жасалып, өңірімізгебалық пен балмұздақ тасымалдануда. Тың жобалар болса, әріптестік байланыс орнатуға пейілдіміз,- деді облыс әкімі.
Өз кезегінде елші Хейти Мяемеэс өңірдегі машина құрастыру, туризмді дамыту, сауда-саттық секілді салаларда бірлесіп жұмыс жасаудың тиімділігіне тоқталды.
-Орал қаласына осымен екінші рет келіп тұрмыз. Импорт, экспорт мәселесі бойынша серіктестік байланыс орнатуға Эстониядан кәсіпкерлер де келді. Олар ауыл шаруашылығы, машина жасау, ет өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша ортақ жобаларды жүзеге асыруға ниетті. «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-мен осы кезге дейін ынтымақтастық байланыс орнатып келдік. Болашақта тек бизнес саласынан өзге, мәдени-рухани байланыс орнатуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ Орал қаласында Эстония республикасының елшілігін ашу мәселесі бойынша келіссөздер жүріп жатыр,- деді Хейти Мяемеэс.
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер