Қазан айында Оралдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Мектептерге күн энергиясы» жобасы басталады. Бұнда қуаттылығы 100 кВт/с болатын фотоэлектрлік панельдермен жабдықталған арнайы тұрақтар орнатылады.
Жоба энергетика министрлігі, «Шелл» компаниясы және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ бірлескен меморандумы аясында жүзеге асуда. «Шелл» әлемдік мұнай-газ брендінің «Мектептерге күн энергиясы» пилоттық жобасы 2018 жылдың 1 желтоқсанында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ 10 жылдық мерейтойына арналған «Ұлы дала мұрагелері» форумында ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевқа таныстырылған еді.
2019 жылы жобаға бірінші болып Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебі қосылды. Күні кеше Каспий жағалауында орналасқан білім ордасында күн станциялары іске қосылды. Енді оқу орнының территориясына орнатылған 320 панель тұтынылатын электр энергиясын 30%-ға дейін үнемдейді.
– Зияткерлік мектептерде екінші жыл жүзеге асырылатын «Мектептерге күн энергиясы» жобасы біз үшін басымдық. Бұл STEM-білім беруді енгізу үшін және ең бастысы, оқушыларымыздың экологиялық мәдениетін, табиғатқа жауапкершілікпен қарауды тәрбиелеу үшін табысты жоба. Бүгінде орнатылған күн жүйелері мектептердің энергия тұтынуын шамамен төрттен бір бөлікке төмендетуге мүмкіндік береді және бұл жасыл экономиканың жаһандық мәнін дәлелдейтін көрсеткіш, – деді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқармасының төрайымы Күләш Шәмшидинова.
Айта кетейік, «Шелл» компаниясынан энергиясын алғашқы болып 2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебі алды. Биыл Атырау, Алматы қалаларындағы білім ошақтарында осындай күн станциялары орнатылады.
Оралдағы Назарбаев Зияткерлік
мектебінің баспасөз қызметі