Жаңарған наубайхана және жаңа өнімдер мекенінде
Елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға көңіл бөлінуде. Өйткені кәсіпкерлікті дамыту экономиканы дамытуға және әлеуметтік-саяси жаңғыруға бастайды. Бастысы кәсіпкерлікті көптеп құру қоғамдағы жұмыссыздықты азайтады, нарықты қажетті тауарлармен қамтуда, экономиканы тұрақтандыруда оң ықпал етеді. Соңғы жылдары түрлі мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде кәсіпкерлерге қолдау-көмек көрсетудің арқасында жаңа кәсіпорындар құрылып, жұмыс істеуде. Осыған орай. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыстық филиалы мемлекеттік қолдауға ие болған бірқатар кәсіпорынға пресс-тур ұйымдастырды.
Кабельдер мекені
Пресс-турға қатысушылар алдымен «Орал-Кабель» ЖШС-ның өндірістік базасына ат басын тіреді. Кәсіпорынның директоры Қайдар Мұғал кәсіпорынның өткен жылы іске қосылғанын, жұмыс ырғағының енді қалыпқа түсе бастағанын айтты. Қазір мұнда 65 адам жұмыс істейді. Зауыт жылына 1000 тонна мыс сымын өңдеп, кабель шығарады.
-«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы шеңберінде «Даму» қоры арқылы «АТФ банктен» алынған 600 млн. теңге несиенің пайыздық мөлшерлемесі субсидияланды. Зауыт итальяндық «MFL GROUP» компаниясының құрал-жабдығымен жабдықталған. Толықтай автоматтандырылған.
Күштік, бақылау кабельдерін, қосу-орнату, бақылау сымдарын шығарудамыз. Отандық кабельдің сыртқы қабаты өртке төзімділігімен ерекшеленеді. Сондықтан бала-бақша, сауда, ойын-сауық орталығы ғимараттарын жобалап салуда таптырмас материал. Азаматтық құрылысты және өнеркәсіптік секторды кабельмен қамтимыз. Өнімдеріміздің барлығы сертификатталған және олардың сапасын тексеретін зертханамыз бар. Негізгі шикізат - мыс сымшыбықты Ресейден, «Қазақмыс» компаниясынан алудамыз, - деді Қайдар Мұғал. Оның айтуынша, мыстың бағасы Лондон металл биржасында реттеліп отыратындықтан, валюта бағамының өзгеруіне қарай және зауыттың жағырапиялық орнына байланысты мыс сымды өндірісшілерден тиімді бағаға сатып алуға тырысады.
Аяғын тәй-тәй басқан кәсіпорын нарықтағы бәсекелестерінен өнім сапасымен озуды ойластыруда. Соған орай алдағы уақытта техникалық жаңа жабдықтар алып, кабельдің жаңа түрлерін шығару жоспарланған. Содан кейін өнімді экспортқа шығару қолға алынбақ. Әзірге «Орал-Кабель» өнімдері өңірімізге, Атырау облысына шығарылуда. Маңғыстау, Ақтөбе облыстарына және Ресейдің оңтүстік аймақтарына шығару жөнінде келісімдер жасалмақ.
«Cleanser» - сауда белгісі
Өткен жылғы ақпан айынан бастап Оралдағы «Cleanser» ЖШС өзінің атауын сауда белгісі етіп алып, сұйық сабын өндірісін бастады. Кәсіпорынның өндірістік цехы 120 шаршы метрлік ғимаратта орналасқан. Серіктестік «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» шеңберінде құрал-жабдық алуға «Сбербанктен» 6%-бен 11 млн. теңге шамасында жеңілдетілген несие алған.
Сонымен қатар «Даму» қоры 4 млн. 250 мың теңге көлемінде кепілдік берілген. Осындай мемлекеттік қолдаудың арқасында несие қаржысына сұйық сабынды ыдысқа құятын және өнімге жапсырма қағаз жабыстыратын жабдықтар сатып алынған. Сұйық сабын құятын ескі жабдық та жаңалықта орнатылған. Әзірге сабын 300 миллилитрлік, 0,5 литрлік ыдыста шығарылауда. Тұтынушылардан 5 литрлік ыдыстағы сұйық сабынға сұраныс бар.
-Қазір бізде 6 түрлі сұйық сабын, ыдыс-аяқ жуғыш сұйықтықтың екі түрі және сұйық шаруашылық сабынын өндірудеміз. Өнім түрлерін молайтқымыз келеді. Жаңа бір бағытты өндірістік орындардағы жабдықтарды жууға арналған сұйықтықтар шығарып, тамақ өнеркәсібі саласындағы өндірістік ғимараттарды дезинфекциялау және жинау жұмыстарын жүргізбекпіз, - деді «Cleanser» ЖШС-ның директоры Павел Шапошников.
Қазақстанда бұл бағыттағы химия өнеркәсібі дамымаған. Сондықтан өндірісте шикізат, яғни суға қосылатын химиялық заттар Қытайдан, Малайзиядан, Германиядан тасымалданады. Қазір кәсіпорында екі адам тұрақты жұмыспен қамтылған және кей жағдайда қосымша екі адам жұмысқа тартылады. Ресейлік сұйық сабындар шамамен 360 теңге тұрса, оралдық өнімнің бағасы - 160 теңге. Жаңа өнімді Оралдағы «Әнуар», «Алтындар» сауда нүктелерінен табасыз.
Қағаз стакан өндіріледі
Оралдағы «Полиграфсервис» баспаханасы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша қағаз стакандар өндірісі желісін алуға «АТФ банк» АҚ-дан 10 млн. теңге көлемінде 15%-бен несие алды. Сол несиелік қаржының 9%-ын мемлекет субсидиялайды.
-«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша несие қаржысын алып, жоғары технологиялы түрлі-түсті офсеттік баспа құрал-жабдығын сатып алдық. Бұл жабдық өнімді дайындау мерзімін қысқартады. Мысалға, бұрын 300 мың парақшаны екі сағатта басып шығаратын болсақ, қазір оны 15 минутта басамыз. «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша Қытайдан қағаз стакан өндірісі жабдығын алдырудамыз. Елімізде мұндай стакан өндірісі мүлдем жоқ. Соған орай стаканның өзіндік құны төмендейді. Ресейде бір стаканды шамамен 7 рубльге сатылады, бізде ол 15-20%-ке төмен болады. Бұл бізге тек Қазақстанның батыс нарығына ғана емес, еліміздің өзге өңірлеріне, Ресейдің іргелес губернияларына өнімдерімізді шығаруға мүмкіндік береді, - деді «Полиграфсервис» ЖШС директорының көмекшісі Александра Усова.
Бастамасында кәсіпорын салқын және ыстық сусындарға арналған стаканның 250, 350 миллилитрлік түрін шығарады. Мұндай стакан экологиялық жағынан таза әрі қайта өңделеді. Жаңа жабдық әкелініп, іске қосылғаннан кейін айына 400-500 дана стакан шығарылады. Жаңадан үш жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Технологиясы жаңартылған наубайхана
Ақ Жайық өңіріндегілер «Х.Исаев» жеке кәсіпкерлігіне қарасты №1 наубайхана нан-тоқаш өнімдерімен танымал. Зауытта нан өнімдерінің 28 түрі өндіріледі. Кәсіпорында 200 адам еңбек етеді. Мұнда тәулігіне 5-6 мың дана нан өндіріледі. Кәсіпорын нанмен тек Оралды емес, сонымен қатар облыс орталығына іргелес аудандардың Жымпиты,Тасқала ауылдары мен Жаңақала ауданының орталығын, Ақсай қаласын қамтиды.
-Өндіріс орнындағы 50 жылдық ескі жабдықтардан арылып, техникалық жаңарту жұмыстарын жүргізудеміз. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша «Басым жобаларды несиелеу» бағытымен «Нұрбанк» АҚ-дан 15 млн. теңге шамасында несие алуға қол жеткіздік. Сыйақы мөлшерлемесі 9%-дан мемлекеттің субсидиялауымен 6%-ға түсті. Несиелік қаржыға Түркиядан төрт нан пісіретін пеш, ашытқы жабдығы, екі желі сатып алынып орнатылған. Бұдан сәл бұрынырақ итальяндық жабдықтар алынған, - деді «Х.Исаев» ЖК директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Вячеслав Филиппов.
Орынбасардың айтуынша, бұрынғы кеңестік заманның сарқытындай болып көрінетін ескі пештерде отындық газ көп шығындалған. Әрі пештерді бір мезет өшіріп тастауға болмайтын. Көбірек сынып, көбірек тұратын, екі тәулік бойы суытылатын. Ал жаңа пештер автоматты түрде жұмыс істейді. Газды да көп шығын қылмайды.
Шикізаттың жартысы нарықтан сатып алынса, қалған бөлігін кәсіпкерліктің өз өнімі құрайды. Оралда №1 наубайхананың 18 нүктесі бар.
Гүлбаршын Әжігереева
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер