Елбасы тапсырмасы бойынша биыл қолға алынған өңірдің оңтүстігіндегі Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарын облыс орталығымен байланыстыратын автокөлік жолдарының күрделі жөндеу жұмыстарыбаяу жүруде. Облыс әкімі Ғали Есқалиев аталмыш тапсырманың орындалу барысы туралы есепті тыңдағанда осылай кесіп айтты.
Бөкей ордасы мен Жәнібек ауданы әкімдерін онлайн байланыстырып, мердігер компаниялардың басын қосқан жиында «ҚазАвтоЖол» ҰК БҚО бойынша директоры Еркебұлан Жұманов баяндама жасады. Оның сөзінше, күрделі жөнделетін жолдардың жалпы ұзындығы - 245 шақырым. Соның 1-учаскесі, яғни Қазталов-Жәнібек автожолының 0-1 және 4-53 шақырымының жалпы ұзындығы 50 шақырым. Мердігер «Юнисерв» ЖШС-мен келісімшарт жасалған жобаның құны 15,2 млрд. теңге. Биыл бұл учаскеге 579 млн. теңге бөлініп, компанияға 173 млн. теңге аванс төленген. Күрделі жөндеу жоспарланған 2,8 шақырым жолдың бүгінде 1,7 шақырымы толық аяқталған. Баяндамашы айтып өткендей, қажетті техникалармен қамтылып, вахталық қалашықтар мен асфальт-бетон зауыттар учаскеде орнатылған.
Ал келесі Қазталов-Жәнібек жолының 53-95 учаскесінің жалпы ұзындығы 42 шақырым.
«Жобаның жалпы құны 10,2 млрд теңге болса, биыл 577 млн. теңге бөлінді. Келімішарт жасасқан мердігер «Теміржол жөндеу» ЖШС-ға биыл 173 млн. теңге алғытөлем берілді. Бұл учаскедегі атқарылатын жұмыстар келесі жылға құрылыс материалдарын дайындау, вахталық қалашықтар тұрғызу болып отыр. Қазір қалашық Өнеге елді мекенінің қасында тұрғызылуда. Ақтөбе қаласынан қиыршықтас әкелу жөнінде келісімшарт жасалып, теміржолмен тасымалдау сұрақтары шешілуде. Алайда бұл жұмыс ұзаққа созылып кетті», - деді Еркебұлан Жұманов.
Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиевтің айтуынша, бүгінде ол учаскеде жұмыс істейтін қосалқы мердігер «Иврус» ЖШС жұмысшыларын босатып, кетіп қалған. «ҚазАвтоЖол» ҰК БҚО бойынша директоры Еркебұлан Жұманов бұл жағдай бас мердігерді жауапкершіліктен босатпайтынын айтады. «Олар әу баста тендерге қатысқанда қосалқы мердігер ретінде «Иврус» компаниясын көрсетті. Сондықтан да компанияға мердігер алу, жұмыс қарқынын арттыру жөнінде талап күшейтілді», - дейді.
Облыс әкімі Ғали Есқалиев «Теміржол жөндеу» ЖШС-ныңжол жөндеу жұмыстарының көңіл көншітпейтінін атап айтты. Айта кету керек, аталмыш мердігер компания «Қазталов-Жәнібек» автожолының 95-138 шақырымын да жөндеуге келісімшарт жасасқан.
Ал Өнеге-Бисен-Сайхын автожолынының 0-50-шақырымын күрделі жөндеу жұмыстары бойынша мердігер - «Атырау жолдары» ЖШС. Құны 8,3 млрд. теңге тұратын жоба үшін биыл 386 млн.теңге бөлінген. Бұл компания аванс алудан өз еріктерімен бас тартқан екен. Қазір Өнеге елді мекенінде бір база жасақталуда және Бисен елді мекенінің қасында асфальт-бетон зауыты салынатын жер телімі анықталып, құжаттары әзірленуде. Аталмыш компания зауытты өз күшімен салуда. Осылайша келер жылдың сәуірінде жол жөндеу жұмысын бастамақ. Өнеге-Бисен-Сайхын автожолының 50-103 учаскесінің жалпы ұзындығы 53 шақырым. Бұл жерде келісімшарт «Ақжол құрылыс» ЖШС-мен жасалған. Жобаның жалпы құны 10 млрд теңге болса, биыл атқарылатын жұмыстарға 235 млн. теңге қарастырылған. Компания 70 млн. теңге көлемінде аванс алған. Бүгінде бұл аумақта вахта қалашығы менасфальт-бетон зауытын жерге орналастыру жұмыстары жалғасуда.
Облыс әкімі Ғали Есқалиев жол жөндеу жұмыстарымен егжей-тегжей танысты. Жиын соңында мердігерлерге вагоншалар мен құрылысқа қажетті құралдарды Оралдан, қиыршықтасты бағасы көтерсе, Ақтөбеден сатып алуға тырысу керек екенін айтты. Сонымен қатар төрт учаскедегі жол жөндеу жұмыстарын 2021 жылдың күзіне дейін бітіруді тапсырды. Ал құзырлы мекемеге республикалық маңызы бар жолдың құрылысын жүргізетін мердігер жұмыс істемейтін болса, онымен арадағы келісімшартты бұзу қажет деді.
Айта кету керек, басқосуда қыс мезгілінде жол тазалау жұмыстарына дайындық та пысықталды. Алайда бұл мәселеде де түйін бары белгілі болды. Мәселен, «ҚазАвтоЖол» АҚ филиалының директоры Еркебұлан Жұманов айтып өткендей, аталған учаскелерді қыста күтіп ұстау келісімшартқа отырған мердігерге жүктелген. Оның сөзінше, өңірде қыс мезгілінде 84 дана техника қажет болса, соның елуі «ҚазАвтоЖолдың» жанында бар. Жетіспейтін 34 дана техниканың 22-і данасын Оралдағы «Орал транс» ЖШС-дан алуға келісімшарт жасалған. Алайда облыс әкім бұл шешімге келіспейтінін айтты.
- «Орал транс» қыста облыс орталығын қардан тазалау керек. Ол қалайша аудандарға техника береді? Техниканы өзге өңірлерден шақырту да тиімсіз. Өйткені жаңбыр не қар жауғаннан кейін жолды лезде тазалау керек. Себебі екі-үш күннен соң жол нашарлап кетеді. Былтыр жол тазалау мәселесі бойынша қаншама тұрғын шағымданды? Қыста Сайқын-Өнеге-Бисен аралығында жолды ешкім тазалаған жоқ. Республикалық маңызы бар жолдар - негізгі жолдар. Егер қыста бұл жолдар тазаланбайтын болса, басқа жолдарға ешкім көңіл аудармайды. Мекемелер қыста жол аршуға толық дайын емес. Олар қажетті техниканы қайдан алатындарын нақты көрсету керек. Бір ай ішінде барлық мәселе шешілу қажет, - деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.
Сонымен қатар өз атынан министрлікке және «ҚазАвтоЖол» ҰК басшылығына үш мердігердің жұмысы баяу жүріп жатқанын, Елбасының тапсырмасы уақытында орындалмай қалуы мүмкіндігі жөнінде хат жолдауды облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы М.Шакаевқа тапсырды.
Ясипа Рабаева
суретке түсірген Эльвира Меңдіғали
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер