Жаңақала ауданындағы Мәстексай ауылдық ауылдық округіне қарасты Мұқыр ауылының ауылнайы, Жаңақала аудандық мәслихатының депутаты Энгельс Әлмұқанов Жаңақала аудандық «Жаңарған өңір» газетінің редакциясына хабарласып, мұқырлықтардың жанайқайын жеткізді.
Э.Әлмұқановтың айтуынша, Мұқыр өзенінің кеуіп бара жатқандығы ауыл тұрғындарын қатты алаңдатады. Кеуіп бара жатыр деген жұмсақтау айтылған, өзен тіптен құрғап қалған екен. Бұл сүреңсіз көрініске Мұқыр ауылына барған сапарымызда өзіміз де куә болдық.
Кезіндегі шағаласы шалқыған, балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған, арнасынан асып-тасып жататын Мұқыр өзенінің бүгінгі жағдайы мүшкіл. Бұрын асау өзеннің ағысына бір сәт көз тоқтатып, жағаға ұрған толқындарына таңырқап қараушы едік. Қазір аты бар да заты жоқ, лайланып, тақырға айналған түрін көріп, тосырқап қаласың.
Бұл өзеннің қасиетін осы өңірдің топырағынан түлеп ұшқан төл перзенті Закария Сисенғали ағамыздан артық жеткізе алмайтын шығармыз, сірә.
Ауылым құба құмдар аясында,
Жайқалған көк құрақтар саясында.
Қараөзен, Мұқырымнан самал ессе,
Шіркін-ай, жұпарына тоясың ба?-деп тебіренеді ақын жүрек.
«Өзен жағалағанның өзегі талмайды» дейді қазақ. Жалпы Мұқыр ауылы (ел ауызында Казарма) малды ауыл. 105 түтін, 517 тұрғын, 18 шаруа қожалығы бар елді мекенде халықтың көбі төрт-түлік малмен күн көреді. Адал еңбек етіп, атакәсіптен ажырамаған ауыл тұрғындарын толғандыратын да, қынжылтатын да Мұқыр өзенінің бүгінгі хал-ахуалы.
«Өзеннің дәл мұндай халге түскенін соңғы 50 жылда көріп тұрғанымыз» дейді ауыл үлкендері.
- Ауыл халқының негізгі күнкөрісі тікелей малмен байланысты. Адам да, мал да сусыз өмір сүре алмайды. Ашығын айтайын, ауылымызда ең бірінші өзекті мәселе, бұл - күн санап мал ішетін су мөлшерінің тым азайып кеткендігі. Бізді қинап отырғаны да сол. Биыл Қараөзенге мүлде су келмеуі жағдайды одан бетер қиындата түсті. Суы жап-жасыл, балдыр болып кетті. Айта кетсем, Мұқыр халқының малы төрт бағытта жайылады. Соның бәрі бір бағытқа тоғысып, амал жоқ жалғыз Қараөзенге келіп түседі. Бұл өз кезегінде бұрыннан да айналасын шағыл, құм басқан ауылдың экологиялық жағдайын әбден нашарлатты.
Ал Мұқыр өзені мүлдем кеуіп қалды. Осыған орай «Qazaqstan» ұлттық арнасынан журналистер шақырдым. Обалы не керек, келді. Түсірді, көрсетті. Бірақ одан нәтиже бола қояр ма екен? «Ашынғаннан шығады ащы дауысым» демекші, біздің үніміз де жоғары билік жаққа жетсін деген ниет қой. Әйтпесе, аудан көлеміндегі әкім-қаралармен жаманатты болайын деп жүрген жайым жоқ. 4 жылға депутат қылып сайлағасын, халықтың аманатын арқалағасын ауылдың мұңын айту, жоғын жоқтау бізге міндет. Сол себепті журналистерден жәрдем тілеп, біздің айтарымызды елордаға жеткізер, ондағы атағы зор атқамінер азаматтар біздің мұқтаждықтан айтқан зарымызға құлақ түрер деп үміттенеміз. Шешілмейтін түйткіл жоқ қой. Мүмкін бұл мәселе де ретімен шешіле жатар. Десек те бұл шаруаға уақыт оздырмай, білек сыбанып, бел шешіп кірісу керек деп есептеймін. Әйтпесе, күннен күнге ауылдағы халықтың жағдайы қиындап барады. Бізбен көршілес Сарыкөл ауылының тұрғындары лай судың өзіне зар болып отыр. Бұл енді қиын мәселе. Болашақта Мұқырға су келмейтін болса, ауылда адам қалмай ма деп алаңдаймын. Биылдың өзінде 5 жанұя ауылдан көшіп кетті.
Ауылда газ, жарық, мектеп те бар. Инфрақұрылым жүргізілген. Барлық жағдай жасалған. Тек енді малға су жетпегесін ауыл тұрғындары үдере көшсе, ақшаның бәрі желге ұшқандай болады. Үкіметтің ауыл халқы үшін жасаған жақсылығы зая кетеді. Бұл ойланатын жай, - дейді Э.Әлмұқанов.
- Мұқыр өзенін тақырға айналғанын, судың жоқтығын, малдың балшыққа батқанын ес білгелі бірінші рет көріп тұрмын. Бұрын мұндай проблема болмаушы еді. Қазір малға ішетін су табу мұң. Малмен ғана күн көріп отырғасын біздің басты мәселеміз де - осы. Билік басындағылар дұрыс қадағалап, өзенге су жіберуді тезірек қолға алып, жүйелі жұмыстанса, - дейді алпысты алқымдаған ауыл тұрғыны Бауыржан Меңдешев.
Алтынбек Ермекқалиев
Жаңақала-Мұқыр-Жаңақала
Суреттерді түсірген автор
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер