25.11.2019, 16:38
Оқылды: 53

Таң менен бесін арасындағы тағылымды кеш

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, "Ерен еңбегі үшін", "Мәдениет саласының үздігі" төсбелгілерінің иегері, халықаралық және республикалық айтыстардың жүлдегері, "Сырым ауданының құрметті азаматы", ақын Бауыржан Халиолланың 40 жас мерейтойына арналған "Таң менен бесін арасы" атты кеш Сырым аудандық мәдениет үйінде жалғасты.

syrym aitys (9)

Кешті ақын халықаралық, республикалық ақындар айтысының жүлдегері Талант Арынғали жүргізді.

Кеште Жүрсін Ерманның телевизиялық айтысты қайта жандандырған кезінен басы-қасында жүрген досы Құсайын Омаров, Алматы қалалық мешітінің бас имамы Еркінбек Шоқай, біздің өңірімізде бас имам қызметін атқарған Бауыржан Әлиұлы, Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз хатшысы, "Ақпарат саласының үздігі" Нұрбол Қапешов, жерлесіміз, танымал заңгер Абзал Құспан, танымал тележүргізуші Мәди Манатбек, кәсіпкерлер Құсайын мен Ержан Бақтияровтар, айтыстың ақ апалары Шолпан Қыдырниязова, Дариға Мұштанова, Үзілдік Елеубаева, Қадыр Мырза Әли атындағы қоғамдық қордың директоры Донеділ Қажымов, және бір топ айтыскерді жүргізуші көптің қошеметімен орындарынан бір көтеріп қойды.

syrym aitys (3)

Шарада "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, жыршы, Сыр сүлейлерінің сынығы Берік Жүсіпов, халықаралық, республикалық жыршы-термешілер байқауының лауреаты, жыршы, термеші, Фархат Оразов, республикалық, халықаралық ән байқауларының лауреаты Қайрат Кәкімов өнер көрсетті. Ж.Досмұхамедов атындағы мектептің оқушылары Бауыржан Халиолланың өлеңдерін оқып, әдеби монтаж қойды.

syrym aitys (8)

Қырықтың қырқасына шыққан ақынға да микрофон ұсынылды. Бауыржан Ергенұлы кешке жиылған жұртшылыққа алғыс білдірді.

– Кешті өткізудегі мақсатым – Асанәлі, Жүрсін, Алтынбек ағаларымыз бастаған аты әлемді мойындатқан, ат беріп, атанмен алдыра алмайтын белді азаматтарды елге әкеліп, өздеріңізбен жүздестіру еді,-деді Бауыржан Халиолла.

Ақын сөзінен кейін ұстаз тұтқан шәкірттері – айтыскерлер сахнаға шықты. Атыраулық Шалқарбай Ізбасаров пен сырымдық Бауыржан Ширмединұлы жұп болып, айтысқа сусап, асыға күткен халықты бір қиқулатып, думанға бөледі. Айтыс соңында Бауыржан Шалқарбайға шапанын жауып, ақын деген халықтың бір-біріне ыстық ықыласы қандай болатынын көрсетті. Атыраудан ат арылтып келген Шалқарбай Ізбасаров Бауыржан Халиоллаға атыраулық ақындар атынан шапан жауып, ат мінгізді.

syrym aitys (7)

Одан кейін Мұхтар Ниязов пен Түркістаннан келген Бекарыс Шойбеков те халыққа аға мен іні арасындағы зілсіз әзілі бар айтыс ұсынды.

Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев сырымдықтар атынан келген қонақтарға алғыс айтты.

– Біз, Сырым елі, Бауыржанмен мақтанамыз. Ол – өзінің еліне, жеріне, қоғамға жанын сала еңбек етіп келетін тұлға. Бауыржан басқаратын Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы өңірдің рухани сусындауы үшін сүбелі үлесін қосып келеді. Облыс әкімі де Бауыржан Ергенұлына құрметін көрсетті. Бүгін елдің атынан Бауыржанның иығына шапан жауып, астына тұлпар мінгізуге рұқсат етіңіздер, - деді Төлеген Серікқалиұлы.

"Таң менен бесін арасы" Бауыржан Халиолланың "Жымпиты жыры" әнін "Ерен еңбегі үшін" сыйлығының иегері, Дастан Есентеміров пен халықаралық, республикалық байқаулардың жүлдегері Ернар Өмірәлінің әдемі орындауымен аяқталды.

Шынар Молданиязова

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале