(Болған оқиға желісімен)
Таң атысымен Айнара тысқа шықты. Көңілді. Рауан шапағы оның өмірін нұрға бөлейтіндей көрінді. Күн сайын үмітпен ерте оянатыны да сондықтан. Әйтпесе, көңіліне кірбің ұялатып, жанына маза бермей жүрген нендей мұң екенін өзінен басқа ешкім де білмейтін-ді. Жалынды жас өмірі болса да, күнде кешетіні сол баяғы бір тірлік. Бүгінгі ұйқысыз түннің кешегіден еш айырмасы жоқ. Ол есік алдындағы ағаш сәкіге жаймен жайғасты да өз-өзімен іштей сырласты. Айналасындағы құстар үні мен жапырақтар сыбдыры оның ойын бұза алмады. Түндегі мазасыз ойлар көңіл түкпірінде әлі сайрап тұр. Үркіту-қорқыту мен зорлық-зомбылыққа еті өлген жас өмірі жүрек зынданында қамалып жатыр. Жан баласына сездіргісі келмейді. Ұнжырғасы түсіп, қас қарайғанша далада жүретін.
Аула іші тым-тырыс. Айнараның үйге кіргісі жоқ. Іште жатқан өгей әкесіне деген ыза-кегі басылар емес. Амалы құрыған ол қорқа соқтап үйге еніп еді, арақ исі мүңкіген, шашылған бөлмеде теледидар дауысын барына қойған өгей әкесі шалқалап жатыр екен. Айнара қолы дірілдеп, айналасындағы заттарды жинай бастады. Әкесі қозғалған сайын өзіне тап беретіндей сезініп, қатты қорқып тұрды. Осы тұста «Әй, қыз! Бері кел. Саған айтарым бар» деген өгей әкесінің зілденген дауысы шықты. Жәймен жақындап еді, әкесі: «Анада болған оқиғаны шешеңе айтатын болсаң, көзіңе көк шыбын үймелетемін, жетімек» деп желкесінен түйіп жіберді. Көз жанары жасқа толған Айнара қорыққанынан «Жарайды, айтпаймын, тек қолымды жіберіңіз» деп ұстаған қолын жұлқи тартып, жатын бөлмеге кіріп кетті. Артынан «Өй, жетімек, өлтіремін мен сені» деген өгей әкесінің дауысы қатты шығып жатты. Алқаш, қаны қарайған, арам ойлы өгей әкенің қорғансыз қыздың тұп-тұнық, таза әлемін бүлдіріп, пәк өміріне қол сұққалы қашан?! Айнараның оны ойлауға да дәті бармады.
***
Айнара әкесінен айырылғанда небәрі алты-ақ жаста болатын. Қашанда қызының қабағына қарап, еркелететін. Айықпас дертке шалдыққан әкенің өлімі Айнараға ауыр тиді. Соңғы уақытта қалың ойға беріліп, тіпті күлмейтін жағдайға жетті. Анасы әкесінің жылынан кейін басқа біреумен тұрмыс құрды. Айнара қанша жерден қарсылық білдірсе де анасы өз таңдауын өзгерткен жоқ.
Осыдан кейін Айнара жар қайғысын жұтқан анаға сүйеніш, әкесіз қалған өзіне қорғаныш болар деген үмітке тоқталды. Бірақ бәрі бұл ойлағандай болмады.
Өгей әке өгейлігін жасап, бұларға сор болды. Кеш болса болды, олардың үйі алқаштардың мекеніне айналды. Анасы Айғайша таңнан қара кешке дейін жұмыста. Ал қаршадай Айнараның әр күні ананы күтумен, әкені сағынумен өтуде.
Бұрын анасыз көз ілмейтін Айнара бірде өз бөлмесінде алаңсыз ұйқыға кетті. Шамасы есікті іштен ілуді ұмыт қалдырса керек. Бір мезгілде сықырлаған дыбыстан оянып кетті. Көз алдына әлдебір бейнелер елестей бастады. Жәймен қарап еді, елес бейнені өгей әкесіне ұқсатты. «Жоқ, мүмкін емес» деді іштей күбірлеп, жанына келіп денесін сипай бастағанда орнынан ұшып тұрды.«Не істеп жүрсіз, шығыңыз» дегенде өгей әке қарулы қолымен қорғансыз қызды бір бүктеп, қарсылық білдіргеніне қарамастан, арам пиғылын жүзеге асырып, бөлмеден шығып кетті. Ән сағатта астан-кестең болған осы оқиғадан кейін есінен айырылып, талып қалған Айнара бөлме ішінде қансырап ес-түссіз жатты.
Ойында еш нәрсе жоқ Айғайша жұмыстан келген бойда көзіне түспеген қызының қайда екенін сұрап еді, жақтырмаған күйеуі: «Әй, қатын, мен қайдан білейін?! Жүрген шығар бір жерде. Күні ұзаққа маған тамақ та берген жоқ. Тіл алмайтын қырсық қызды қайдан туғансың» деп жекіріп тастады.
Айғайша қызы жататын бөлмеге беттей бергені сол еді Айнараның ес-түссіз жатқан күйін көріп, шошып кетті. Не болғанын түсіне алар емес. Жалма-жан тездетіп «жедел жәрдем» шақырды да ауруханадан бір-ақ шықты. Дәрігерлер анасына Айнараның жағдайының жақсы еместігін және тез арада психологке қарату қажеттігін айтты. Аурухана дәлізінде әрі-бері сенделген ана байғұс бұл жағдайдың қалай болғанын түсіне алмай әлек. Ессіз күйеуін кінәлайын десе батылы бармайды. Қызының жанына келіп: «Бұл қалай болғаны? Сені осыншама қорлауға кімнің дәті барды?» деп күбірлей берді.
Айнараның нәзік қолдарына анасының ыстық жасы тиген сайын, бала жүрегі қиналып шарасыз күйге түседі. Басында ол өгей әкесінің арсыз әрекетін анасына айтып бергісі келіп біраз оқталды да, кейін оның алдағы тағдырына алаңдап, жабулы қазан жабулы күйінде қалған еді.
Уақыт деген қолға ұстатпас сынап қой. Осылай өз өксігін өзгеден жасырып жүргенде күндерден күндер өтіп, айлардан айлар асып, жылдардан жылдар зулап жатты. Айғайша екінші күйеуінен егіз қыз босанды. Ал Айнара мектептен келе салып, егіз сіңлісіне қарайлап жүрді. Олар бұрынғыдай емес, өкінішті күндердің бәрі артта қалып, шат-шадыман күй кешті. Бірі сабақтан, бірі жұмыстан оралып, кешкілікте дастарқан басы емен-жарқын әңгімеге толатын.
Иә, тағдырына мойымаған Айнара жас күнінен жетімдік тауқыметін бір кісідей татқасын, қиындықпен кездескен қатал тағдырына қатты өкінеді. Бірақ өкініштен не пайда?! Ол тағдырын талақ етіп, жас өміріне қастандықпен қақпан құрған өгей әкеден мүлдем жиіркеніп кетті. Оңаша қалса екі көзден аққан жасқа ерік беріп, сағыныш пен өкініштің көз жасын төгіп алғанды ұнатады. Бірде қолына қалам алып, анасына хат жазды.
Анашым, әкем тірі кезде біз бақытты отбасы едік. Әкем дүние салғаннан кейін мен бала болсам да сіздің тұрмысқа шығуыңызға кедергі болмадым. Кішкентайымда ылғи қолдарым көгеріп, талып қалып, аурухана жиі түстім. Сіз сол кезде менен барлық жәйтті сұрадыңыз. Бұл жолы да мен сіздің бақытыңызды ойладым. Сіздің жолыңызды жапқым келмеді. Бірақ өгей әкемнің айтқанын ғана тыңдадыңыз. Тіпті менің сөздеріме мән бермей, сол кісінікін ғана дұрыс санадыңыз. Мен енді бойжеттім. Сіз шаң жуытпайтын өгей әкемнің қорлық, зорлығы балалық шағымнан жарасы болып жанымда әлі тұр. Ол мені қатты қорқытып, соғып, қорлайтын. Әрине, сіз жоқта. Мен түн демей, күн демей жылап, тысқа шығып марқұм әкем мен әжеме айтатынмын. Екі қызы бар, ұмытқан шығар дедім. Жоқ, бәрі мен ойлағандай емес екен. Тіпті, ол мені жақсы көретінін айтып сандырақтады. Әрине, сізге айтқым келмеп еді. Бұның бәрі болашақта жалғаса берсе, біз бір отбасы бола алмаймыз. Мен өз жолыммен кетемін. Қош, қош, анашым! Мен сізді жақсы көремін, - деп жазды да анасының жастығының астына қойып кетті.
Жұмбақ тағдырын жұдырықтай жүрегіне сыйғызған Айнара кейін анасы мен өгей әкесінен, қос бірдей бауырынан саналы түрде алыстап, өз жолымен бөлек кетті. Ол қашанда жалған өмірдің сынағына мойымауға әзір тұрды. Сөйтіп, жанын жегідей жеп, алаңсыз күлкісін ұрлаған мазасыз ойлардан арылып, жаңа өмірдің даңғыл жолын бастады.
Бойжеткен Айнараның зымыран уақытпен жарысқан арман-мақсаты, қуанышы мен өзі ғана түсінетін мөлдір мұңы бар. Ол бақытты күндерінің алыста емес екеніне сенімді болды.
Шіліңгір жаз өтіп, қоңыр күз де, қылышын сүйреткен қыс та артта қалып, күлімдеп көктем туды. Уақыт өте келе Айнара жоғары оқу орнын тәмамдап, өзге үйдің босағасын аттады. Өз алдына отау болып, шаңырағының түтінін түтетті. Шағын ауылда тұратын Айнара бәріне сыйлы келін. Жар құлағы жастыққа тимей жүретіні де содан. Келген жері оны жетім деп желкесінен итермей, бауырларына басты. Айнараның бақытты өмір сүріп жатқанын сырттай естіген Айғайша қызына риза болып, ішінен тәуба деді.
Балалығы еске түскенде Айнараның өзі өскен шаңыраққа анда-санда барып, мауқын басып қайтатыны бар.
Бұл жолы да ол ауылына барып, үйіне қарай бет алды.
Қара шаңырақта түтін будақтап тұр. Тек ол түтіннің иелері басқа жандар еді...
Ащы да тәтті қайран балалықтың белгісі-ай!
Жұлдыз Асқар
Қазталов ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер