6.12.2019, 14:40
Оқылды: 39

«Жабайы» таксилерге тыйым бола ма?

Кез келген мемлекетке сапар шексек немесе өз еліміздің қалаларына қыдырып бара қалсақ, вокзалдан шығысымен ең бірінші танысатынымыз – такси жүргізушісі. Көлігіне отырар-отырмастан, көрікті жерлер мен тарихи орындар жайлы шағын ақпарат беріп үлгеретін мамандық иелері бүгінде аудан орталықтары мен үлкен елді мекендерде көптеп кездеседі.

DSC_0046

Ақжайық ауданы орталығында да осы қызмет түрі кең қанат жайып келеді. Кез келген қызмет көрсету саласының саны артқаны жақсы, әрине, тек сапасы сын көтере ме? Қалааралық маршруттар мәселесі ештеңе емес, әңгіме ауылішілік таксистер төңірегінде болмақ. Алдымен 10 мыңнан астам тұрғыны бар аудан орталығы Чапаев ауылдық округіне тоқталуды жөн көрдік. Аудан орталығындағы ауылішілік таксилердің қызметі сын көтермейтіні туралы бұдан бұрын да бірнеше мәрте жаздық.

Ауыл ішінде заңды такси жоқ

Чапаев ауылы көлемі жағынан басқа елді мекендерден едәуір үлкен болғандықтан, такси қызметіне жүгіну – қолдарлық жайт. Қызметтің бұл түрімен шұғылданамын дегендерге мемлекет тарапынан да еш қарсылық жоқ. Тек қана заңды талаптарға сай жұмыс жасаса болғаны. Бізде қалай? Аудандық аурухана мен «Бұлақ» дүкенінің алдын «құтты орындарына» айналдырып, «таксиміз» деп тұрғандардың заңды құқы жоқ көрінеді. Чапаев ауылдық округінің әкімі Нұртаза Набиденовтің айтуынша, қызметтің бұл түрімен шұғылданамын деген жан жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, ауылдың ішінен жер алуы тиіс. Себебі заң талабы бойынша такси қызметімен шұғылданатын адамның арнайы орны, диспетчерлік пункті, медбикесі мен көліктердің техникалық жарамдылығын тексеретін қосымша қызмет түрлері болуы қажет. Алайда бүгінгі күнге дейін ешкім жер сұрап, өтініш бермеген.

DSC_0042

«Чапаев ауылында адам тасымалымен айналысатын такси қызметі заң жүзінде жоқ. Ал егер осы қызметпен шұғылданамыз деп келген жан болса, жер тауып беруге міндеттіміз», - дейді округ басшысы. Яғни ауыл ішінде адам таситын такси қағаз жүзінде жоқ, іс жүзінде бар. Жол бойындағы автокөлік тоқтайтын орындарды күнұзақ иемденіп, жалпақ жұртқа «такси» деп жар салып тұратындар – сонда кімдер? «Сайда саны, құмда ізі жоқ» деген сөз осындай жүйесіздікке қарап айтылған-ау деген ойға қаласың. Жұмыс жүйесіз деуімізге себеп, ешқандай мекеменің аталмыш мәселеге бола толықтай бас ауыртпайтындығы. Әр құзыретті органның өзіне тиесілі тексеретін тетігі бар, сол тұрғыдан тыныш болса, қалғаны көп ешкімді алаңдатпайды. Қалай десек те, мұның астарында адам өмірі мен жол ережесі қағидаларының жиі бұзылуы жатыр. Ретсіз, жөнсіз жөңкілген автокөлік иелерінің адам тасымалдау басты кәсібіне айналса, бұл бағытты бір жүйеге келтіріп, қадағалитын уақыт жеткен секілді.

Таксист – кәсіп пе, әлде хобби ме?

«Кәсіп пе?» дейтін себебіміз, көрсеткен қызметіне ақы алып, осы жұмыспен ғана жанын бағып отырған жандар болса, түскен табыстан тиісінше мемлекетке салық төлеуі керек. Өз кезегінде құзырлы органдар да жеке кәсіпкер жұмысына кедергі келмеуін қадағалап, шашка тағынып, жағаласып жүрген «жабайы таксистер» қызметін тоқтатуы керек. Себебі кәсібін тіркеткен адам үкіметке салық төлейді және жұмысы үшін есеп береді. Ал жолдан қосылған жүргізушінің мойнында жолаушы тасымалының жауапкершілігі жоқ. Ауа райының қолайсыздығы мен күннің қай уақытында хабарласқаныңа орай жол ақысын өзгертіп отыратын жүргізушілер билет құнынан мемлекет пайдасына көк тиын да төлемейді. Тұтынушылардың құқығы туралы бас ауыртпайтыны онсыз да мәлім. Көлік орындығына жайғасқаннан кейін тегін тасып жүргендей түксиіп отырған таксистке қарап, бірдеңе сұрауға шамалы адамның батылы бара қоймасы анық. Жалпы, такси жүргізушісі болу үшін автокөлік иесіне қанша жыл тәжірибе керек? Сондай-ақ жолаушылар тасымалымен тұрақты айналысатын таксилердің тиісті куәлігі болмаған жағдайда қандай жаза қолданылуы тиіс?

Бірінші сұрақ бойынша Орал мен Чапаев арасына жолаушылар тасымалымен айналысатын «Баймурзиев» ЖК жетекшісі Руслан Баймурзиев жауап берді.

«Жолаушылар тасымалымен айналысуға арнайы рұқсат алғаннан кейін жүргізушілермен келісімшарт жасаймыз да, қатарымызға аламыз. Заң жүзінде ешқандай талап қойылмаса да, өз басым тасымалмен айналысамын деп келген адамның жүргізушілік өтілі екі жылдан аспаса, жұмысқа қабылдамаймын», - дейді Руслан. Аталмыш қызмет саласында құп аларлық ұстаным екен. Себебі кейбір жас жігіттердің жүргізуші куәлігін ала салып, адам тасымалдауға асығатындарын күніге көзбен көріп, құлақпен естіп те жүрміз. Телефонмен тапсырыс беріп, көлік салонына отырған адам тәжірибесіз жүргізушілердің кесірінен басын бәйгеге тігіп бара жатқанын білмесі анық. Осындай жауапсыздық салдарынан қара жолдан қасірет шеккендер саны жылдан-жылға артуда.

Жауаптыны жазаға тарту да қиын

Жауапсыздық пен заңбұзушылық орын алған соң, оны жазалау механизмі де болуы керек. Алайда мәселенің көкесі осы жерден басталады. Біз барып жолыққан аудандық кірістер басқармасының басшысы Бақытжан Сәлімғалиұлының айтуынша, жолаушы тасымалымен айналысуға 79 адам қызмет көрсету құқығын растайтын патент алған екен. Аталмыш патенттердің «қанатының астында» қанша көлік қызмет жасап жатқаны туралы жеке кәсіпкерліктің өзіне ғана мәлім. Бұл уәкілетті орган «жабайы такси» қызметін ҚР Әкімшілік кодексінің тек қана өздеріне қатысты 463-бабының 1-тармағымен жауапқа тарта алады екен. Бұл іс-шараны жүзеге асырудың өзінің қарама-қайшылықтары мен қиындықтары туралы бір мақала жазып шығуға болғандай. Соңғы жылы бұл бап бойынша да ешқандай хаттама толтырылмаған. Тек түсіндіру жұмыстарымен шектеліп жатқан көрінеді. Себебі жүргізушінің патентін тексеру үшін көлігін тоқтату керек. Ондай құзірет кірістер басқармасы мамандарында жоқ. Ал жол полициясы қызметкерлерінің арнайы жедел алдын-алу іс шаралары болмаса, көлденең жүргізушіні тоқтатып, тексере бермейтіні тағы бар. Ал ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің аталмыш мәселеге қатысты 609-бабы да 2017 жылдан бері алынып тасталған. Аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде маршруттық таксилердің тізімі болғанымен, олардың жұмысын қадағалап, көрсететін қызметтерінің заңдылығын тексеруге құзіреттері тағы жоқ. Тұрған тұрақтары да жол тәртібіне кедергі келтірмейді екен. Демек ауылішілік жолаушылар тасымалы дегеніміз жолақы тарифы мен қызмет бағасын ешкім қадағалай алмайтын, кез келген жүргізуші бос уақытында айналыса алатын қызмет түрі боп шыға келеді. Оның үстіне шағын және орта бизнеске жарияланған мараторийді қоссақ, кез келген кәсіппен билік өкілдеріне хабарламай-ақ, айналыса беруге болатындай.

Заң нормаларын бұзған адамды жазалауды құзіретті органдардың еншісіне қалдырайық. Менің осы мақаланы дайындау барысында журналист ретінде де жалпы такси қызметін тұтынушы ретінде де таң қалғаным, әрі түсінгенім – бір ғана мәселе. Аудандық деңгейде қанша құзыретті орган отырса да, таксистің таксист екенін дәлелдеуге пәрмені жетпейді екен. Мұның ар жағында ауылішілік көлік қозғалысы мен тұтынушылар құқығы туралы бірдеңе айтудың өзі қиын. Баяғы сол дәрменсіздік пен заң шикілігіне қарай бұра салған жеңіл ме әлде?

Осы орайда ең алдымен жергілікті атқарушы орган тәртіпке шақыру жұмыстарын оң бағытқа бұрып, жоғарыда аталған құзыретті органдар басын бір жерге тоғыстырып, заңды жеке такси қызметін ұйымдастыруы қажет-ақ. Әйтпесе қоғамдық сананы түсіндіру жұмыстарымен жаңғыртамыз деу көпшілік жағдайда нәтиже бермейтініне ширек ғасырда сан рет көз жеткіздік.

Рауан Сатыбалдиев

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале