11.12.2019, 16:37
Оқылды: 28

Тоңдырды мені, тоңдырды сені

Қасіретті Желтоқсан оқиғасына биыл 33 жыл толады. Еске салатын болсақ, 1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның ОК алқалық мәжілістің шешіміменелге беймәлім Геннадий Колбин бірінші хатшы болып тағайындалды. Сол күні жүздеген студенттер мен жас жұмысшылар Тәуелсіздік алаңына алқалық мәжілістің шешімін өзгертсін деген талаптармен шыққан еді.

jeltoqsan (2)

Бейбітті шерумен басталып, соңы милициялар мен студенттер арасындағы қатаң қақтығысқа ұласқан тартыс үш күн жалғасты. Көтеріліске қатысушыларды ешкім естімеді, қатаң жазаға тартты. Көтеріліс басқа қалаларда да болды.Қазақ елінің басшылығына қазақ азаматының отыруын талап еткен кінәсіз жастардың төгілген қаны еліміздің тәуелсіздік алуына түрткі болды. Сол қанды оқиға кезінде Алматыда студент болған жерлесіміз Қаныбек Мұқамбетжанов көргендерін былай еске алды.

–Ол кезде мен Алматыдағы АГМТ-ның 2-курс студенті едім. Бірақ оқиғаның дәл ортасында болмадым. 16 желтоқсан күні таңертең оянғанда бүкіл ұстаздарымыз жатақханада жүрді. Сол кезде көтеріліс болып жатқанын естідік. Бұдан 1-2 күн бұрын көтеріліске шақыру қағаздарын көрген едік.Біздің жоғары оқу орнының әкімшілігі есікті жауып тастады. Барлық оқытушылар қарбаласта жүріп, сабақтар дұрыс өткен жоқ. Олардың сол кездегі басты міндеттері – студенттерді оқу орны мен жатақханалардан шығармау еді. Бірақ оған қарамастан терезе, есікті бұзып шыққандар болды. Алғашқыларын ұстап алып кетті. Кейінірек шыққан біздер орталыққа қарай бет алдық. Жақындап келгенде көше бойынақойылған автобустардың қасынанқаруланған әскерилерді көрдік. Осы жерге техникумның басшысы Майдан Әміржанұлы келіп, автокөліктің төбесіне шығып:«Бұл жерде ештеңе шешілмейді, қайтыңдар»,– деді.

Көнбей қарсыласқандары ұрып құлатып жатты. Содан бізді кері айдап апарып оқу орнының үлкен терезесі жоқ акт залына қамады. Қатар-қатар тұрмыз, артымызда бір-бір сарбаз. Артық қимыл жасасаң соққы аласың. Жоғары шенді азаматтар ортаға шығып сөз сөйлеп жатты. Студенттер де ортаға шығып өз ойларын айтты. Сол жерде бірнеше сағат ұстап, кейін бөлмелерімізге таратты. Бөлмемізден шығармады,дәліз толы сарбаз. Келесі күні КГБ-ның жеке тергеулері басталды.Әртүрлі сұрақтар қойып, түсініктемелер алды. Сондағы ойлары – кім бастады, қалай болды, соны анықтау. Мұғалімдердің барлығы кезекшілікке қойылып, бізді жатақханадан шығарған жоқ. Сол күні жатақханаға кімнің келгені, кімнің келмегені тексеріліп, көптеген жиналыстар өткізілді. Кейін алаңға барған студенттерді жаппай оқудан шығару басталды. Мен бюроға шақыртылып, комсомол қатарынан шығарылдым, карточкамды көзімше өртеп жіберді. Өзім қарулы қақтығысты көзіммен көрген жоқпын, себебі жатақханадан шығарылмадық. 1-2 күннен кейін сабақ қайта жалғасты, алайда кезекшілік, бақылау 1 айдай уақытқа созылды. Қайда барсақ да қолхатпен шығатынбыз. Алаңдағы жастарды суретке түсіріп алған екен, сол бойынша оларды іздеп жатты. Қалада үрей орнады. Қазақтар мен орыстар арасында алакөздікпен орын алды. 2-3 қазақ әңгімелессе оларға күдікпен қарайтын болды. Автобусқа жиналып мінеміз ғой, сол кезде сыртымыздан бақылау көп екенін сезетін едік, – дейді Қаныбек аға.

Қ.Мұхамбетжанов2016 жылы аудан әкімі С.Алиев Желтоқсан оқиғасының куәгері ретінде «Желтоқсанның 30 жылдығы» естелік медалін табыстаған болатын. Қазір Қазақстан  Көк байрағы желбіреген азат елге айналды. Ел іші тыныш, іргеміз бүтін болсын. Мұның бәрі Қаныбек аға секілді қазақтың қайсар қыз-жігіттерінің арқасы екенін естен шығармағаныыз абзал.

Болатбек Сапарғалиев

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале