12.12.2019, 21:26
Оқылды: 15

Елдіктің елең-алаңында

Міне, тәуелсіздік мерекесінің тағы бір таңы атып келеді. Осы мереке бүгінде ауданымызда көп мейрамдардың бірі болып өте шықпай, ерекше мазмұнда аталатыны, бүкілхалықтық сипат алғаны бек қуантады. Қазір ойлап отырсақ, ол уақыт, яғни егемендіктің алғашқы жылдары қоғамдық сана сеңдей соғылысқан, бұлыңғыр кезең еді. Өндірістік, тұрмыстық комбинаттар, колхоз-совхоздар, автокөлік кәсіпорны, кірпіш зауыты, өзге де үлкен-кіші кәсіпорындар жұмысын тоқтатып, жаппай жұмыссыздық белең алды. Бәріміз де жұмырбасты пендеміз ғой.

DSC_0004

Сол жылдары ел «еңбек биржасы» деп атаған аудандық халықты жұмыспен қамту орталығында істеп, жаңа жұмыс орындарын, әркім өз кәсібін ашуға көмектесу, адамдардың шарасыздыққа бой алдырмай, жаңа жағдайға, нарықтық қатынастарға тез бейімделуіне, әлеуметтік қорғалуына жәрдемдесумен айналысып жүрсем де, шыны керек, мен де өзгелер сияқты алғашында бұл заман не боп кетті деп абыржу, өткенді көксеу, жаңаға күмәндану, үрке қарау секілді көңіл ауанын бастан кештім. Кеңсеміздің шағын бөлмелеріне бірде жұмыссыз жүрген 30-40 тігіншіні, келесі күні автокөлік жүргізушілерін, т.б. алуан мамандық иелерін топ-тобымен жинап, қалыптасқан жағдайға қолымыздан келгенше, толық түсінік беруге тырысатынбыз, олардың әрқайсымен алдағы тірлік жайлы ойласатынбыз. Тұрмысы әбден тығырыққа тірелген қайсыбіріне шұғыл көмек ұйымдастыруға тура келді. Әрине, еңбек биржасының шағын ұжым болып атқарған бұл ісіміз елдің бәрін жұмыспен қамтып, тойындырып-киіндіріп тастамағанмен, қарлығаштың қанатымен су сепкендей әрекет екені белгілі ғой. У-шумен өтетін сол жиындардан кейін екінші күні «мен мына іспен айналыссам деймін» деп 2-3 адам биржаға соқса, несие алуға ниет білдірсе, балаша қуанатын едік. Аудандық еңбек биржасының қолдауымен Чапаев ауылы тұсынан Жайыққа алғаш түсірілген шағын паромды, қателеспесем, Т.Әбенов деген азаматымыз кәсіпкерлік негізде жүзеге асырды. Елдің бәрі Даша апа атаған іскер зейнеткеріміздің бірі бос қалған бұрынғы тұқым сұрыптау мекемесінің кеңсесін жалға алып, көз жауын алатын ұлттық нақыштағы көрпе-жастықтар жасауды жолға қойды. Чапаев және Тайпақ ауылдарында отырғыш, үстел жөндейтін орындар, Чапаевта «Қуаншалиев» нан пісіру цехы ашылғаны – бәрі де күні кешегідей есімізде. Түрі тым қарапайым қолжуғыш (умывальник) жасаушы жігіттердің өнімі үлкен сұранысқа ие боларын сонда кім білген!? Ең бастысы – өстіп сең қозғалды, білек сыбанып батыл іске кіріскеннің жолы болатынын уақыт көрсетті.

Үкімет те өз тарапынан жағдайды сауықтыру үшін, күн сайын десе болады, жаңа заңдар, ережелер мен ұсыныстар қабылдап жатты. Жаңа заңдарға қайшы келмейтін, бірақ отбасына табыс әкелетін қандай да бір кәсіппен айналысу еркіндігі елге жарияланды. Сол кездегі аудан әкімі Ә.Б.Сәтбаев, оның бірінші орынбасары Мұрат Асхатұлы енді-енді қалыптаса бастаған «нарықтық қатынастардың қалтарыс-бұлтарыстарын неге бірден түсіне кетіп, кәсібіңді ұршықша үйіріп әкетпейсің», деп адамдарға кінә арту – үлкен қателік болатынын, басшылықтағы әрқайсымыздан халықпен жұмыста шыдам, төзім, өзара түсіністік қажеттігін үнемі  айтып отырды. Алдыңа келген жанды тыңдай білуді, ұстата  саларың болмаса да, тіпті жәй жанашырлық танытудың өзі маңызды екенін қатаң талап етті.

Бастан өткен мына  бір оқиға ешқашан ұмытылмайтын шығар. Жергілікті өндірістің бір кездегі көшбасшысы – өндірістік комбинат жұмысын толық және біржола тоқтатқаны туралы хабар алысымен, жұмысшылардың жұмыссыздық жәрдемақысын алып беру үшін дереу кәсіпорынға келдік.

Қаржы деген мүлдем жоқ. Дайын өнімдерінен қоймада тек бірнеше жүз кәдімгі байпақтардың жұбы ғана қалған. Тиісті құжаттарын рәсімдеп, өнімді «кәмпескелеп»,  биржа кеңсесіне әкелдік. Ойымыз – жұмыссыздарға алажақ жәрдемақысы есебінен үлестіру. Бірінші күн, екінші күн, әлгі кеңестік үлгідегі су жаңа аяқ киімдерімізді алуға ниет қылған бір жан жоқ. Ақша талап етеді бәрі. Сөйтіп, үшінші күн дегенде, бізге бір ой келді. Күн сайын елең-алаңда биржа кеңсесінің алдына жиналатын 20-30 шақты әйелдердің ішінен сөзі өтетін пысық біреуін оңаша алып шығып, мән-жайды түсіндіріп, байпақты алған адам ертесіне базарға апарып сатып, ақшалап алатын мүмкіндік барын құлыққағыс етуіміз сол екен, бас-аяғы бірер сағатта тауарды халық талап әкетті. Келесі күні аудан орталығындағы жайма базарда байпақ саудасы қызды. Ал біз, биржадағы бес қызметкер, жоспарымыздың жүзеге асқанына қуандық. Кейін арнайы келіп, рақмет айтып кеткендер болды. Әрине, бүгінгі оқырман үшін бұл жәйт күлкілі де шығар. Алайда сол қиын уақытта мұндай биржадан «байпақ үлестірген» күндеріміздің қайсыбір отбасылар үшін тура мағынасында тағдыршешті маңызы болғаны – бұл да шындық.

Мекемемізге жүктелген жұмысты кезінде ойдағыдай атқаруға уақытпен санаспай атсалысқан Қ.Хабулов, М.Аманғалиев, І.Сапаров сияқты ағаларымызды, Гүлнұр Мұқамбетқалиқызы, Дабыс Тілекенұлы, Зейнеп Арыстанқызы, Амангелді Аймурзин, т.б. әріптестерімді мейрам қарсаңында риза көңілмен жиі еске аламын.

Аудан орталығында жиі өткізіліп тұрған тұрғындар жиынында әбден тұйыққа тірелген тұстарымыз да аз болмаушы еді. Сондайда жоғарыда аталған аудан басшыларымен бірге Хасен Жақауұлы, Ұзақбай Мақанұлы, Хаби Сәрсенғалиұлы, Әнес Өтемісұлы, Ғилаж Еспембетұлы сияқты талайды көрген көкірегі қазына, ойы салмақты, өмірі үлгі үлкендеріміз мінберге көтеріліп, ұлардай шулап кеткен көпшілікке басу айтатын, жөнге салатын. Ендеше, сол кезде-ақ егде тартқан жасына қарамастан  олар да тәуелсіздігімізге тікесінен тұрып қызмет еткендер, ауданішілік тұрақтылыққа өлшеусіз үлес қосқандар. Сол ағаларды – олардың басым бөлігі бүгінде дүниеден өтті – аракідік еске алып қойсақ, артық болмас еді.

Бітпестей көрінген қиындықтар енді артта қалды. Бүгінгі Қазақстанымыз, Аллаға мың шүкіршілік, басынан қасірет-қайғысы арылмаған көршілес көп «стандардың» бірі емес. «Бұл қиындықтар уақытша, ертең өмір өзгереді, жағдай түзеледі», деп елді шыдам мен төзімге, бірлігімізге бекем болуға шақырған тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың көрегендікпен айтқаны келді. «Мәңгілік Ел» болу мұратына ұмтылып еңбек етіп жатқан, еңсесін тіктеген, жастарымыз мақтан тұтуға артығымен лайық іргелі елге айналдық. Адамзатқа көшпенділер мәдениетінің озық үлгісін сыйлаған атажұртымыз бүгінгі Ұлы Дала Елінің дамыған 30  елдің қатарына, әлемдік өркениеттің алдыңға легіне қосылар күн де келер. Сол күн жақын болсын. Сол жақсылыққа аман жетейік. Мереке құтты болсын, ағайын!

Бақтығали Қоспаев

журналистика ардагері

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале