19.12.2019, 11:17
Оқылды: 116

«...Баланың әрбір талпынысы, әр жеңісі – маманның сансыз жұмысы мен ана үмітінің жемісі»

Көзі қарақты оқырманға жақсы мәлім. Бөкей ордасы аудандық "Орда жұлдызы" газетінің өткен сандарында «Ауруын жасырған...» тақырыбында мақала жарық көрген еді. Бүгінгі мақала соның жалғасы десе болады.

orda bala (2)

–Екі балама бірдей ақыл-ой дамуында тежеліс бар деп диагноз қойды. Балам мектепте көп оқып, қарық қылған жоқ. Алып жүре алмады. Қазір жасы жиырмаға келді. Ас-суы болса, жатар орны болса болды, ешкіммен, ештеңемен шаруасы жоқ. Кіріп-шығып жүре береді. Тек темекісі бітіп қалса, ашуланып, есікті итеріп, бұрқылдап қалады. Мына қызым да кісікиік. Мектептегі мұғалімдердің бағыттауымен психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетіне барып, тіркелдік. Қызымды апарып жүрдім. Тіфә-тіфә деп қояйын, қызым біртіндеп ашылып келеді. Мектепте сыныптағы көптің бірі болды. Мұнда апайлары жеке өзімен шұғылданады. Содан ба, білмеймін, нәтиже бар. Қызымды апарғанымда Айнаш Атаева «ЗПР деген үкім емес. Қызың қатарын қуып жетеді. Тек тұрақты түрде әкеліп тұрсаң болды» деген. Айтқандай болды. Әйтпесе, Алланың берген екі баласының екеуі бірдей санадан кем бе деп уайым қылып жүрген едім. Қазір шүкірміз,-дейді З. деген апайымыз.

Аудандық психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті тек ақыл-ой дамуында тежеліс барлармен жұмыстанбайды. Бұл арнаулы кабинетке келушілер қатарында Даун синдромы бар балалар да, балалар церебралды параличіне шалдыққандар да, аутизм диагнозы, түрлі психологиялық ауытқушылығы бар балалар да бар.

Аудандық психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің меңгерушісі Айнаш Атаева:

– Көріп отырғаныңыздай, мекемемізге ерекше балалар келеді. Тоғыз ай күткен перзентіңнің қандай ма бір ауытқушылықпен тууы кім-кімге де оңай емес. Осы  жайтты саналы түрде қабылдап, «жұрт мүсіркейді» деген ойдан арылып, баласын сол күйде қабылдап, керекті шараларды дер кезінде алу екі ананың бірінің қолынан келе бермейді. Осы мекемеге келгенге дейін «неге мен?», «неге басқа емес, менің балам осындай болды?» деген сауалдарға жауап іздеп, анда-санда болса да ұрттап қоятын күйеуін кінәлап, дұрыс қарамады деп дәрігерлерді, «дұрыс оқытпады» деп мұғалімдерді кінәлап, біраз жүріп аламыз. Сақау, кекіш болса да, сақаулықтың себебін жеті атасынан бастап іздеп, «ә, ана ағатайы төртке келгенше сөйлемепті, нағашысы, менің ағамның өзі беске келгенше сөйлем құрап, айтпапты» деп үмітпен жүре береміз. Қазақта «шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген мақал бар ғой. Айтса, айтқандай, кәсіби маман араласқаннан кейін нәтиже көріне бастайды. Мүмкіндігінше, керекті құрал-жабдықтармен, дамытушы ойыншықтармен қамтамасыз етілген. Бастысы, әр маманымыз өз жұмысын үлкен сүйіспеншілікпен атқарады. Сүйіспеншілік болмаса, немқұрайлы қарап, уақыт өлтіріп отырса, алдымызға келген ешбір балада жетістік болмас еді, - дейді кабинет жұмыстары тұрғысында.

Осы орайда арнаулы мамандардың жұмысымен танысып, сөзге тартып көрдік. Логопед Айтолқын психикалық дамуы тежелген балалардың дұрыс сөйлеу дағдысын дамытумен айналысады екен.

– Психикалық дамуында тежеліс бар балалардың сөйлеу тілінде де кемшіндік болады. Ол бұзылыстар барлық компоненттерде (дыбыс жағы, лексикалық, сөйлеу тілінің грамматикалық жағы) кездеседі. Мұндай балалардың сөйлеу моторикасы жеткіліксіз, әсіресе тілдің қимылдарында анық көрінеді. Кей дыбыстарды айта алмайды. Сөздік қорында көбінесе зат есім, етістіктер бар. Сын есімдерді меңгеруі қиын. Заттарды сипаттағанда орта есеппен екі-үш сын есімді қолданады. Логикалық құрылымы бұзылған. Тиімді және арнайы әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, осы кемшіліктерді жоюға жұмыстанамын,- дейді логопед Айтолқын Бисембаева.

– Мұндай балалармен жұмыс бірден өз нәтижесін көрсете қоймайды. «ОЖЖ резидуалды-органикалық бұзылысы. Психикалық дамуының тежелуі мінез-құлықтарының бұзылысымен. Жалпы тіл кемістігінің ІІІ деңгейі. Көз торларының ангиопатиясы» диагнозымен психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінде үш жыл бойы ер бала есепте тұрды. Алғашында бұл оқушы өте тұйық, өзге балалармен қарым-қатынасқа жай түсетін, ойын барысында балалармен көп келісе алмайтын. Сонымен қатар зейіні тұрақсыз, логикалық ойлауы, есте сақтау қабілеті төмен болды. Сабақтарға ешқандай назар аударып, қазығушылық танытпады. Кейін оқушының түзете-дамыту сабақтарына қатысу арқылы мінезі ашылып, басқа балалармен, ұстаздармен, үлкендермен қарым-қатынасқа түсуі жақсарды. Танымдық процестері қалыптасты. Өз ісіне жауапкершілігі пайда болды, зейіні тұрақталды, сабақтарда белсенділік көрсете бастады. Бұл түзету жұмысы осы үш жыл бойы жүрді. Одан әрі оқушының  дамуы жас ерекшелігіне сай келіп, облыстық психологиялық-дәрігерлік-педагогикалық кеңес беру мекемесінің шешімімен есептен шығарылды. Қазіргі таңда оқушы мектепте оқиды, сабағы жақсы, - деп әңгімені ІІ санатты педагог-психолог Шынар Мұхтарова жалғастырды.

Психикалық дамуында тежелуі бар балалар әлсіз, әлжуаз және тұлғалық қарым-қатынас жағынан шектеулі болып келеді. Алайда, науқасынан  сауыққан балалар өз қатарын қуып жете алады екен.

– Біздің кабинетіміздегі психикалық дамуы тежелген балалар саны - 11. Жыл сайын кабинет мамандарының бірлескен жұмыстардың арқасында осындай диагнозы бар балалар тізімнен сауығып, шығып тұрады. 2016-2017 оқу жылында 2 бала, 2017-2018 оқу жылында 3 бала, 2018-2019 оқу жылында 3 бала тізімнен шықты. 2016-2017 оқу жылында кабинетімізге осындай диагнозбен қыз бала келген. Алғашқыда баланың ортамен қарым-қатынасқа түсуі өте нашар болды. Баланы зерттеу кезінде танымдық процестері толық қалыптаспаған, ұсақ қол моторикасы нашар, логикалық ойлау қабілеті төмен, сенсорлық түсінігі мүлдем болмады. Түзеу сабақтарынан соң баланың таным процестері, есте сақтау қабілеті жақсарды. Қағаз бетінің кеңістігін бағдарлауы, жазу құралдарын еркін ұстай білу дағдысы қалыптасты. Ойын кезінде ашылып, қарым-қатынасқа жақсы түсе бастады. Бала кабинеттің тізімінен сауығып шығып, қазіргі уақытта жалпыға ортақ мектепке барды. Мектепте мектепшілік шараларға белсене қатысуда. Осындай балалардың түзеліп шығуы – біздің жұмысымыздың алға жүргені. Көрнекті педагог В.Сухомлинский «Егер  балаға қуаныш пен бақыт бере білсек, ол бала сондай бола алады» деген екен. Бұл топтағы балалар арнайы мамандардан  қолдауды, қамқорлықты күтеді. Демек, осындай ерекше білімді қажет ететін балалардың дамуына үлес қоссақ, жүрегіне адамгершілікті үздіксіз ұялата білсек, қоғамда  жеке тұлға  қалыптасуына өз үлесімізді қосқанымыз, - дейді ІІ санатты олигофренопедагог Данагүл Қитешова.

Мекеменің келесі бір олигофренопедагогы Ұлболсын Хасенова Даун синдромы бар балалармен жұмыс жасайды екен. Қазіргі таңда кабинет тізімінде Даун синдромы бар балалардың саны - 4. Оның ішінде 2 бала мектепке дейінгі жаста болса, 2 бала денсаулығына байланысты оқуға жарамсыз.

– Дертінен құлан-таза айықтырмасақ та, ортаға бейімдейміз. Өз-өзіне қызмет етуге жеткізсек, біздің мақсаттың орындалғаны, - дейді Ұлболсын өз жұмысы туралы.

Медет Сисенов те осы мекемедегі жанкешті маманның бірі. Жыл басынан бері «БЦП диагнозы бар балалардың салауатты өмір салтын сақтану» атты жоба  құрып, сонымен айналысуда.

– Балалар церебралді  параличі - бұл балаларды көбіне мүгедектікке соқтыратын жүйке жүйесінің күрделі ауруы. Соңғы жылдары көп таралған аурудың бірі. Церебралді параличі бар балалар басын көпке дейін ұстамайды, отыру, тұру және жүру дағдысы да кешігіп қалыптасады. Қимыл-қозғалыстың бұзылуы ақыл-ойы мен сөйлеу тілінің қалыптасуына кері әсерін тигізеді. Балалар церебралдік параличі кезінде бұлшықет тонусының бұзылуының түрлері көп кездеседі. Церебралді параличпен ауыратын балаларда көбіне спастикалық бұлшықет тонусының көбейуі байқалады. Бұл жағдайда бұлшықеттерге күш түседі. Церебралді параличпен ауыратын балалардың аяқтары тізе буынының тұсынан бүгіліп тұрады, қолдары шынтақ буынынан бүгіліп дене тұсында тұрады, ал саусақтары жұмылған күйде болады. Қазіргі уақытта кабинет тізімінде үш бала осы сал ауруының күрделі түрімен тұрса, екі бала орташа түрімен тұр, бір бала жеңіл түрімен тіркелген.

Емдік дене тәрбиесі нұсқаушысы ретіндегі міндетім – сол ауруы бар балалардың бұлшықет тонусын арттыру, аяқ-қол қимылдарын дамыту, жүру кезінде тепе-теңдігін сақтау мақсатында түрлі құралдарды қолдану, жаңашыл әдіс-тәсілдерді пайдалану арқылы көмек беру, түзеу сабақтарын өткізу. БЦП ауруына шалдыққан әр бала дене қимылын өздігінен жасап, екі қолын бір бағытқа созса да, денесін тіктеп, басын ұзақ ұстап тұрса да, жеңілдеу түріне шалдыққан баламыз еркін тұрып, қадам басса да, біз үшін үлкен қуаныш. Ата-анасынан артық қуанбасақ, кем қуанбаймыз, - дейді Медет Өтегенұлы.

– Мекемеміздің педагогтері білікті, өз ісінің шын шеберлері. Ең бастысы, алдарына келген балаларды үлкен қамқорлықпен қабылдап, риясыз ақ ниетпен қарай алады. Мекемеміздің тарлығы болмаса, мамандарымыздың пейілі ақ, құшағы кең, - дейді мекеме меңгерушісі Айнаш Қайсарқызы.

Шынында да, мекеме аядай жерде отырса да, үлкен шаруа тындырып отыр. Айтпақшы, бұл мекемеге барғанда сырттан шешініп, аяқ киіміңді тысқа қалдырып кіресің. Кәдімгі үйге кіргендей. Ыстық ұяңа кіргендей. Байқағанымыз балалар да мекемеге шын қуанышпен, аналарының үмітін арқалап, еш жатырқаусыз келеді екен.

Ұлпан Әнуарқызы

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале