27.12.2019, 10:18
Оқылды: 38

Межесі биік, мерейі үстем орталық  

Орал тауларынан Алтайға дейінгі кең-байтақ жер, таулы шыңдары аспанмен таласқан, жазық даласы көкжиекпен сырласқан Жерұйық – біздің Отан. Осы баға жетпес байлығымызды дәріптеу арқылы ішкі туризмді жандандыру – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындайтын мақсат-мүдделермен астасқандай. Себебі осының бәрі бүгінгі ұрпақ – жас жеткіншектердің бойында шынайы патриотизмді баулудың, туристік тәрбие берудің көмегімен жүзеге аспақ.

Ақжайық ауданының іргелі мекемесі – туризм және экология орталығының жұмысына да негіз болған осы қағида. Қосымша білім орталығы экология, туризм, өлкетану үйірмелерінде тәлім алатын оқушылар мен жасөспірімдерге туған жерінің табиғатын қорғап, тарихын зерделеуді үйретіп, сонымен қатар олардың жазғы бос уақытын тиімді ұйымдастырып, түрлі зерттеу жұмыстарымен шұғылдануға жан-жақты жағдай қалыптастырды. Осында ашылған 175 үйірмеде биылғы оқу жылында 2400 оқушы қосымша білім алуда, бұл барлық оқушылардың 37,3 пайызы, орталық аудандағы 23 орта, 4 негізгі мектеппен қоян-қолтық жұмыс істейді.

Aqjaiyq

Сапалы білім  ұстаз біліктілігі оның шығармашылық бағытта тынбай ізденіспен жұмыс істеуіне байланысты. Оқушыларға білім беретін педагогтар саны 72 болса, олардың дені, нақтылап айтсақ, 57-сі жоғары білімді мамандар. Олардың біліктілігін арттыру мақсатында орталық тарапынан қызмет ететін әдістемелік кабинет барынша қолдау көрсетуде. Соның арқасында мамандардың жыл санап санаттары көтеріліп, кәсіби шеберлігі де шыңдалуда. Айталық, ҚР туризмінің 3 құрметті қызметкері, республикамызға еңбегі сіңген 2 туризм нұсқаушысы қызмет етеді.

Туризм үйірмелеріне қатысатын  ұл-қыздарға жанға жайлы салқын самал табиғат аясында жорықтарға шыққан ұнайды. Олар  туған өлке табиғатын тамашалап,  денелерін шынықтырады, ұйымшылдыққа тәрбиеленіп, қоршаған ортаны танып біледі. Су туризмі, велосипед техникасы, жаяу туризм техникасымен жазғы маусымда айналысса, қыс кезеңінде қытымыр аяздарға қарамастан шаңғыға мінеді. Үйірме жетекшілерінің ұйымдастыруымен өткен аудан, облыс, республика аумағына аттанған түрлі туристік жорықтарға ұл-қыздар ерекше белсенділікпен қатысуда. Тек  ағымдағы оқу жылында ұйымдастырылған шаралардың қай-қайсысынан да оқушыларымыз бен педагогтарымыз жүлдесіз оралған емес. Мысалы, Алматы облысында В.Чепелді еске алуға арналған республикалық спорттық туризм техникасы жарысында облыс құрамасының қатарында өнер көрсеткен Еділ Героев жекелей сында жеңіс тұғырынан көрінсе, облыстық туризм орталықтары қызметкерлерінің арасындағы «Еуропа-Азия  – 2019» шаңғы туризмі техникасының ашық чемпионатында аудан командасы облыс чемпионы атанды. Облыстық «Жайық-Орал  – 2019» туристік экологиялық экспедициялар слетінде оқушылар мен педагогтар және «Көктемгі бағдарлау – 2019» спорттық бағдарлау жарысында үйірме қатысушылары жалпы командалық 2-орынға қол жеткізді.

Су туризмінен де алдына жан салмаған ақжайықтықтардың осы жылда еншілеген олжалары аз емес. Айталық, Түркістен облысында өткен республикалық «Арыс» су туризмі техникасы бойынша жарыста туризм орталығының командасы жалпыкомандалық есепте 2-орынға ие болды.

Осындай турнирлерді ауданда өткізу – игі үрдіс. Оған облыс, республикадан туризм саңлақтары, сала майталмандары қатысып, оң бағаларын бергеніне көп куә. Бұл ретте осындай маңызды шаралардың тек аудан орталығында ғана емес, ауыл-елді мекендерде де ұйымдастырылып, соның арқасында сол жерлерде туризмді өркендетуге мүмкіндік аясының кеңейетінін айта кету керек. Мысалы, биыл жаяу туризм, тау туризмі, велотуризм, спорттық, экскурсиялық бағдарлаудан іргелі 14 шара ұйымдастырылса, олардың басым бөлігі Есенсай, Бударин, Мерген, Краснояр, Ораз Исаев атындағы мектепте өткізілді.

Орталықтың теңгеріміндегі «Ақжайық» саяхат кешені аумағында және 2 мектепте орналасқан жасанды құз, өзге де құрал-жабдықтар арқылы үйірмеге қатысушылар өлкеміздің табиғатына жатпайтын жағдайларда саяхаттауға, яғни тау туризміне  жаттығуда. Биыл ауданымыздың ұл-қыздары төтенше жағдайлар кезіндегі білімін, іс-әрекетін, қызмет дағдыларын қалыптастыру, сонымен қатар туристік жорықтар мен саяхаттардың қауіпсіздігін күшейту мақсатында өткізілген бірнеше додадан жеңіспен оралды. Атап айтсақ, даңқты жерлесіміз Мақсот Жұмаевтың арнайы жүлдесі үшін ұйымдастырылған тау туризмі және спорттық шыңға өрмелеуден облыстық ашық жарыста Краснояр, Тайпақ және Сұлтан Ошанов атындағы мектептің үйірме шәкірттері үш жыл қатарынан жеңімпаз атанып, нәтижесінде абсолютті чемпион деп танылды. Алдына мақсат қойған балаға өміріне үлгі болатын жан жетерлік бізде. Мақсот ағасынан үлгі алып, әлемнің алып шыңдарын бағындырамын деп армандаған Аманер Темірбаевтың тілегі орындалды. Туризм орталығынан түлеген ол әлемдегі ең биік шыңдардың бірі – К-2 тауына қыс мезгілінде көтеріліп, көп адамның жүрегі дауаламаған батылдыққа барғанын жерлестері мақтан етеді.

Патриоттық сезімнің қайнар көзі – Отан десек, оның мазмұны: туған жер, табиғат, кен-байлығы, тіл, дәстүр, тарихи ескерткіштер, туған өлкедегі киелі орындар. Өлкетану бағытындағы үйірмеге қатысушылардың туған жерінің шежіресін тізіп, құжаттамалық-жәдігерлік қордың түзілуіне үлесі зор. Үйірме негізінде 24 мектепте мұражай бөлмелері мен бұрыштары ашылды. Қазірдің өзінде мектеп мұражайларының 20-сына арнайы паспорт берілген. Осы тұста Алмалы ауылдық округіне қарасты Жәнібек Әбілпейісов жетекшілік ететін «Жерұйық» мұражайын ерекше атап өту керек. Аталмыш ұстаз өз шәкірттерімен бірге батыр бабаларымыздың бес қаруының бірі – сауытты қолдан жасап, көптің назарына ұсынды.

Туған жерінің тарихын зерделеуге, ақтаңдақ сырларын зерттеуге тартылған оқушылар танымдық жорыққа шығып, археологиялық жұмыстардың нәтижесінде 18-20-ғасырларда жергілікті тұрғындар қолданған бұйымдар, қару, құрал-саймандарды тауып, мұражайға тапсырды.

Үйірме жетекшілері мен жас өлкетанушылардың ізденісі деп білеміз – дәстүрлі «Өз өлкеңді танып біл» атты ғылыми зерттеу экспедициясы барысында ауданның тарихи орындарының GPS координаттары анықталып, картаға түсірілді.

Экология саласындағы үйірмеге қатысушылар туған жер табиғатының түрлі проблемаларын жан-жақты зерттеп, жасыл энергия өндіру тарапындағы өздерінің балаң тұжырымдарын түрлі конференция кеңестерде ортаға салып жүр. Жыл сайын Жайық өзені, Көшім сынды магистралды канал бойымен өтетін экспедицияларға қатысып, су көздерінің экологиялық ахуалын болжауда. «Шабақтарды қорғайық» акциясы аясында балалар жыл сайын шағын көлдер мен тоғандарда қалып қойған уақ балықтарды Жайық өзеніне жіберіп, құтқарды.

Балаларды жазғы демалыспен қамту мақсатында жыл сайын туризм және экология орталығының ұйымдастыруымен әр кезеңде 30 бала демалатын «Жас қыран» шатырлы лагері 6 кезеңмен жұмыс жасайды. Жайсаң Жайықтың жағасындағы лагерьге келген балалардың көңілі шат, кешқұрым алау жанында жиналып, туристік әндерді әуелетеді. Осында ауданымыздың танымал азаматтарымен де кездесіп, ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңіреді. Ал мұндағы бассейнге шомылып, жадыраған жаздың қызығына бойлаған балалар қаншама?

Жас ұрпақты қиыншылыққа мойымауға, күш-жігерін арттыруға, дос болуға, бір-біріне көмек беруге әзір болуға – бәріне тәрбиелейтін туризм орталығының қызметін қысқаша баяндасақ, осы. Адам табиғаттан жаралған деп жатамыз. Ақпараттық даму заманында балалардың әр күнін табиғатпен үндестіріп, жылды үздік көрсеткішпен қорытындылаған орталықтың жұмысы әлі де толайым табыстармен өрілері анық.

Әлия Серікқызы

суреттерді түсірген Азамат Қанапия

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagr am-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале