7.02.2020, 15:37
Оқылды: 63

Ананың жылы ошағы...

«Алып анадан туады» дейді біздің халық. Қадыр деген алып ақын да анадан туды. «Бәрі де ана бір өзіңнен басталды, Сен деп жаздым алғаш өлең, дастанды!» деп оны ақынның өзі де мойындады. Қадырдың Жымпитыда дүниеге келіп, жыр арқылы қалың қазақтың Қадырына айналғаны біз айтып, біз жазбасақ та белгілі нәрсе. Ал Қадырдай ақынды туған Мағыраш ана жайлы оқырман не біледі? Ол кісі Жымпитының қай жерінде тұрды? Қадырдың анасының жылы ошағы болған үйдің тарихи қадыр-құнын біліп жүрміз бе? Осы сауалдарға жауап іздеп көрдік.

syrym (2)

Ақынның нағашы жұрты жайлы, анасы Мағыраш Мырза-Әли келіні туралы Қадыр Мырза Әлидің рулас інісі әрі рухани бауырлықта болған Құсайын Бахтияров 2015 жылы «Арыс» баспасынан жарық көрген «Аңыз ақын! Абыз ақын!» атты кітапта былай деп жазады:

-Қадекеңнің әкесі Ғинаят Мырзаәліұлы соғыстан бұрын да, соғыс кезінде де, соғыстан кейін де маңдайына жазылған тағдыр тауқыметін молынан көріп, кезі келгенде жанын жаратушыға тапсырды ғой. Енді Қадыр ағамның нағашы жұртына келсек, Байбақты руы, Ақберлі тайпасы, Үмбет бөлімі болып келеді. Шағат балалары ағалы-інілі Қожас, Кенжес деген нағашылары болды. Олардың ұрпақтары Сырым ауданында ғұмыр кешіп жатыр. Ағамның елібі Қожас нағашысына келіңкірейді деп отыратын біздің шалдар. Ал Қадыр ағамның анасы – Мағыраш әжеміз 1914 жылы дүниеге келіп, өмірдің ыстық-суығын көріп, баласы қалың қазақ елін ауызына қаратқан атышулы ақын атанғанына куә болып, бертініректе өмірден өткені белгілі. Әжеміз фәниден бақи көшкенше екі үйдің бірі болып араласып тұрдық. Ауылдастарының айтуынша, Мағыраш анамыз әуелі Жымпитыдағы керосин дүкенінің маңындағы үйде тұрған. Қадыр үлкен өмір жолына, өлең өлкесіне сол үйден аттанған. Кейінірек ақынның анасына Жымпитыдағы жаңа құрылыстардан баспана берілген.

 

Мағыраш апай мені «Қадырдың інісі!» - дейтін

 

Белгілі ақын, журналист Махмет Қажиахметов Жымпитыдағы сол кездегі Гагарин көшесі №1 үйде Мағыраш анамен біраз жыл көрші болған.

-Мағраш анамыз әуелі Жымпитыдағы керосин дүкенінің маңындағы үйде тұрды. Өзі сол дүкенде жұмыс жасады. Анамыздың: «Қадыр ол уақытта қамыс жағып жылытылатын Жымпитының қызыл мектебінде оқыды. Өзім жұмыста жүрдім. Қолым босамағасын, нанға Қадырды жұмсаймын. Оны баласынып, үлкендер кезектен шығарып тастаушы еді», - дейтіні сол кез.

1978 жылы жас жанұя ретінде бізге Жымпитыдағы Гагарин көшесіндегі №1 үйден пәтер берілді. Көп қабатты үйдің екінші қабатында №3 пәтерде мен, ал астыңғы қабаттағы 2 пәтерде Мағыраш апай тұрды. Апайдың айтуынша, Қадырдың бар ынта-ықыласы білімде болған. Анасы да ұлының оқығанын қалаған. Баласы үшін ағайыннан, көрші-көлемнен тары жинап, қуырып беріпті. Қадыр оқуға анасының бір дорба тарысымен аттанды.

dav

Мағраш апай шағындау кісі болды. Қадырдың шағындығы анасына тартқан деуге болады. Апай өткір сөйлейтін, пысық, таза кісі еді. Біздің көп қабатты үйде сол кездегі «Самал» кинотеатрының басшысы Орынғали Тажкенов, Талғат Қобдабаев, Гүлшат Сәлімгерей, Кеңес Берқалиев, комсомол хатшысы Баянбек Ғұмаров сияқты зиялы қауым өкілдері тұрды. Апай мені «Қадырдың інісі» деп атайтын. Өлең жазатыныма бола емес, өзіне жақын тартқаннан солай айтатынын сезетінмін. Талай төрімде отырып, дастарханымнан дәм татты. Шанасын сүйреп, апаймен бірге базарға да бардым.

Бір жылы күз айында Қадыр ағамыз анасының үйіне жазушы Бақтығұл Ойшыбаевты, ақындар Жұбан Молдағалиев пен Сағынғали Сейітовті ертіп келді. Ақынның анасының үйі – осындай мүйізі қарағайдай қаламгерлер дәм татқан үй. Ананың үйі – Қадыр үшін қасиетті мекен, құтты шаңырақ еді, - деді Махмет Қажиахметов әңгіме арасында.

 

«Ол кісіде ақылды мінез болды»

Жоғарыда Құсайын Бақтияров айтқан Қадырдың Қожас деген нағашысының ұрпағы Амантай Қожасов Жымпитыда тұрады.

-Иә, апам мінезді болды. Бірақ ол кісіде ақылды мінез еді. Қадырдың түр-келбеті, әсіресе, мұрыны нағашыларына тартқан, - деп күледі Амантай аға.

Амантай ағаның жары Ендіғой апамыз Мағыраш анамыздың жанында көп жүріп, үйіне келген талай қонақты қарсылап, келіндік міндетін адал атқарыпты. Әрі анасының Қадырдың туған күнін асыға күтетіні есінде қалыпты.

-Ақынның туған күні, яғни, 5 қаңтарда апамның үйінде бай дастархан жайылушы еді. Жыл да солай. Апам үшін баласының туған күнінен асқан мейрам, баласының жетістігінінен асқан мәртебе болған жоқ, -  дейді Ендіғой апай.

«Баламның терін сүртіп жүріңдер!»

Мағраш анамыз 80- жылдардың ортасынан аса бере Гагарин көшесіндегі үйден қазіргі Х.Есенжанов көшесіндегі №21 үйге көшті. Бірақ бұл үйде көп тұрмай, Жымпитыдағы Ә.Молдағұлова көшесіндегі жаңа көп қабатты үйге қоныс аударған. Қазір де сол үйде тұратын Қанат Рамазанов ақынның анасымен көрші емес, ағайындай болып араласқанын айтады.

-Мен Ә.Молдағұлова көшесіндегі №2 үйдің 12 пәтерінде тұрдым. Ол кісі 10 пәтерде тұрды. Өте жақсы араластық, сыйластық. Қадыр анасының үйіне шама келгенше жалғыз келетін. Өз үйінде бауырын жазып демалып, сағыныш мауқын басып жатқан сәтін талай көрдім. Ол ауылдағы үйіне жанына тыныштық іздеп келетін. Айта кетейін, ұлымның есімін ақынның құрметіне Қадыр деп қойдым. Бесікке Мағыраш анамыздың өзі салды. Ұлым үшке толғанда, Қадыр ағамызға сәлем беруге апардық. «Баламның терін сүртіп жүріңдер!», - деп ақын  ұлыма өзінің тер орамалын бергені есімде,- дейді Қанат Рамазанов.

Иә, арқалы ақынның анасының сүйегі де сол үйден шығыпты. 1997 жылдың 12 ақпаны күні жамбасы жерге тиіпті марқұмның.

 

«Құтты мекен, қасиетті шаңырақ!»

 Жымпитыдағы Гагарин көшесі қазір Ж.Досмұхамедов көшесі болып ауысты. Ақынның анасы тұрған үйдің қазіргі мекенжайы - Ж.Досмұхамедов көшесіндегі №15 үй. Үй бір маңдайын Қ.Мырзалиев атындағы мектепке беріп тұр. Мағыраш ана тұрған Ә.Молдағұлова көшесіндегі үйде дін аман тұр. Естуімізше, пәтер бос тұрған көрінеді.

Әрине, бұл үйлер жымпитылықтар үшін қарапайым үйлердің бірі болып көрінуі мүмкін. Бірақ тарихтың биігінен, әдебиет әлемінің терезесінен қарасақ, Мағыраш ананың үйі біз үшін - құтты шаңырақ, қасиетті мекен болып көрінеді. Бұл үйлерді ақын Қадырдың өзі де солай көрген. Алып Алатаудың құшағынан таппаған жылылықты ақын осы жерден тапқан.

Жасыратыны жоқ, уақыт кей құндылықтың бағасын жояды, кейбірінің қадірін арттырады. Сол уақыт бізге Қадырдың анасы өмір сүрген, ақынның бас тірер ұясы болған үйлерге құрметпен қарауды міндеттеп тұрғандай. Биыл – Қазақстанның Халық Жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлидің туғанына 85 жыл толады. Осы тарихи оқиға қарсаңында тарихи үйлерге ескерткіш тақта қойылса дұрыс болар еді.

 

Айтайын дегенім: «Қадыр оқуларын да халықаралық деңгейге көтеру керек!»

Сырым ауданының қадыртану ісіне қосқан бір үлесі болса – ол Қадыр оқулары. Кейінгі жылдары республикалық деңгейге көтерілген бұл әдеби шара жыл өткен сайын өзінің мән-маңызын арттырып келеді. Біріншіден, Жымпиты – өлең сүйетін жас өскіндердің жиналатын сүйікті мекеніне, яғни, жыр жәрмеңкесіне айналуда. Екіншіден, ақын оқулары Қадыр ақын туралы жаңа өлеңдердің, ақынның өлеңдеріне жазылған әндердің дүниеге келуіне себеп болуда.

Қадыр – қазақтың ғана емес, әлемнің ақыны болуға лайық тұлға. Ол әлемнің есігін ашты. Әлем енді сол есіктен Қадырдың жан сарайына, өлең хандығына енуі керек. Сырым ауданы ол іске де бастамашы болуы керек. Сондықтан Қадыр оқуларын халықаралық деңгейге көтеретін уақыт жетті. Қазақтың ғана емес, орыс, қырғыз, өзбектің балалары Жымпитыға келіп, Қадырдың өлеңін оқып, әнін шырқаса, нағыз ғажап сол болмай ма?!

Бауыржан Ширмединұлы

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале