Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевтің тұрғындармен есептік кездесуінде еңбек ардагері Ғазиз Хаймулдин шаруашылық жерлерін суландыру мәселесі мен Шалқар көлінің экологиялық ахуалына назар аударуды сұрады.
Ауыл шаруашылығына қатысты мәселелердің шешімі табылып жатқанына көз жеткізудеміз. Әсіресе, жерді тиімді пайдалануға байланысты орнықты шешімдер қабылдануда. Шаруашылығын дамытуға көңіл бөлмейтін қожалық иелерінен жер телімдерін қайтаруды құптаймыз. Шетелдік компаниялардағы жергілікті жұмысшылардың үлесін көбейту, еңбекақысын шетелдік мамандардыкімен теңестіруге қатысты тиісті шаралар қабылдануда. Енді су шаруашылығын дамытуға байланысты алаңдарлық мәселелер бар екенін айтқым келеді. Облыс аумағында ірі су магистралы пайдалануға берілді. Бірақ сол каналға су жібереміз деп, Ақжайық пен Жаңақала ауданы бойынша магистраль аумағынан тыс жердегі көлтабандарға су мөлшері жеткілікті деңгейде жіберілмей жатқан сынды. Оған Жайық өзені деңгейінің төмендеуі де әсер еткен шығар. Бірақ осы мәселені зерделеу керек. Оған қоса, Шалқар көлінің экологиялық ахуалы қиындай түсуде. Соған байланысты су ресурстарын зерттеу жобасы қолға алынды. Зерттеу жүргізіп жатқан жұмыс тобында ғалымдармен бірге мен де бармын. Көлдің маңына аяқтай барып зерттеген ғылыми экспедицияға алғыс айтамын. Зерттеу қорытындысы Шалқар суының тұздылығы артқанын көрсетті. Су айдынында бұрын балықтың 18 түрі болса, қазіргі уақытта жетеуі ғана қалған. Көлдің бұрынғы келбетін бірден қалпына келтіру мүмкін емес. Бірақ мәселенің шешімін табуға болады. Шалқар айналасындағы бұлақ көздерін аршу қажет. Табиғи су арналарын қолдан бөгеп тастағанын да көрдік. Көлдің жағалауындағы жабайы турзимге тыйым салу қажет. Шалқардың болашағынан күдер үзбей, көлдегі тіршілікті жандандыруға күш салуыңызды сұраймын, - деді еңбек ардагері.
Шалқар көліне қатысты былтыр ғылыми зерттеу жүргізілді. Зерттеу қорытындысына сәйкес көлді сақтап қалу жұмысын бастаймыз. Әрине, табиғатты сақтау – ұзақмерзімді жұмыс. Облыста су тапшылығы сезілуде. Бірақ аудандарға барғанда, суды үнемді пайдалануға көңіл бөлінбейтінін аңғардық. Жайықтың арнасы суға толатыны-толмайтыны әлі белгісіз. Көлтабандарды сақтауға байланысты Казталовка ауданы бойынша жақсы мысал келтірейін. Осы аудандағы бір көлтабанды жөндеуге 130 миллион теңге қаражат бөлінді. Кәсіпкер жөндеу жұмысын аяқтауға өз қаражатын бөлуге келісім берді. Қазіргі уақытта Талдыапан ауылы аумағындағы 3 мың гектар жерді суландырып отыр. Ауылшаруашылық жерлерді суландыру жүйесін дамытуға ниетті инвесторлар табылса, біз көмектесуге дайынбыз. Ал барлық су тоғаны мен көлтабанды жөндеуге қаражат тапшы. Сондықтан аудандарға барғанда, бұл бағытта бизнес иелеріне бірлесе жұмыс істеуді ұсынудамыз, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.
Нұртай Алтайұлы,
zhaikpress.kz