17.02.2020, 18:05
Оқылды: 15

Малды ауылдың бас қайғысы – мал ұрлығы

Бөкей ордасы ауданының Хан ордасы ауылында мал ұрлығының алдын алу, ауыл тұрғындарының мал бағымын ұйымдастыру мәселесіне арналған жиын өтті.

orda

Жыл басынан бері он қылмыстық іс тіркелгенін айтқан ауылдық округтің учаскелік полиция инспекторы Жеңіс Төлеуов:

«Жоғалған малдың бәрі ұрланды. Атырау, Ақтау асып кетті деген сөз дұрыс емес. Бағымсыз жүрген малдың орға түсіп, арам өлуі, қасқырға жем болуы, немесе ауылдан ұзап, көрші қыстақтардың малына қосылып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан «малым жоғалды» деп байбалам салғанша, алдымен малымызға ен салып, тіркетейік. Егер ен-таңбасыз бөтен мал қосылса, суретке түсіріп, маған жіберіңіз. Бірлесе атқарған істе береке болатыны түсінікті ғой», - десе, ауыл әкімі өнертапқыштығымен көпті мойындатып, арнайы демеуқаржыға ие болған жерлесіміз Саян Баетовтің қосымшасын кәдемізге жаратайық деген пікірін айтты.

Өз кезегінде Саян Баетов ветеринариялық дәріхана мен ауыл тұрғындарына ортақ сайт ашу бағытында жұмыстанып жүргенін жеткізді. Ал малға салынатын сырғалар 500 теңге болса, таңба (табыра), татуировка, чип сатылымда 1000 теңге көрінеді. Таңбалы мал сайтқа да тіркеледі екен. Сондай-ақ аудандық ветеринария станциясының басшысы Алмабек Құрмашев та мал ұрлау фактісін тіркеуде малдың сырғаланған-сырғаланбағандығы, тіркеуде бар-жоғы сұралатынын айтты. Қазіргі күні аудан бойынша 7063 бас жылқының 3406-сына ғана чип орнатылыпты.

Ауыл тұрғыны Маржан Махметова: «Малды тіркетіп, таңбаласаң да, ұрлықтың алдын ала алмайсың. Осы кезге дейін жиырмаға жуық малым жоғалды. Тіркеуде бары да, жоғы да бар. Іздестіру жұмыстарының нәтижесі көңіл көншітпейді» десе, округ  әкімі Медет Сисенов болса: «Малды көлікке тиеп болғаннан кейін ғана оның сырғасы жоқтығы еске түсетін жайттарға жиі кездесіп жүрміз.  Сырғасы жоқ малға анықтама беру, сол анықтаманы алып беруге жәрдемдесу арқылы да мал ұрлығына жол ашып жүргенімізді өзіміз кейде түсінбейтініміз өкінішті», - деді.

Он бес күнде төрт бірдей түйесі жоғалған ауыл тұрғыны Асқар Ғабдушев мал таситын көліктердің түн қатып суыт жүру себептерін анықтауды ұсынды.

«Анада әдейілеп, бақылап қарағанымда бір түнде ауылға жылқы тиейтін тоғыз көлік кірді. Түн жамылып жүретін көлік үстінде талай жоғалған малымыз кеткен шығар. Осыған бір тыйым болса»,-деген ұсынысын айтты. Ал ауыл тұрғындары Майдан Батыров пен Бейбіт Қасымов «Мал ұрлайтын адамдар сырттан келмейді. Ауылдастың адал асын аузынан жырып жүрген пысақайлар қолға түссе, жазаны еш жеңілдетпеу керек. Аттарын ашық айтып, газетке жариялап, тіпті жер аудару керек. Сонда ғана ұяты бар адам аяғын аңдып басар» деген ұсыныстарын ортаға салды.

– Мал дайындаушының да, малды тасымалдаушының да патенті болу керек. Патенті бар адам салық төлейді. Үкімет қазынасына қаржы түседі. Ал патентсіз мал тасымалымен айналысып жүргендерді ұры деп тануға болады. Ұры алыстан келмейді. Менің де малым жоғалып жатыр. Арнайы барып, тіркеткем жоқ. Бәрібір табылмайды. Сырға, таңбаның болғаны дұрыс. 2017 жылы Елқондыдан он жеті бас саяқ айдап әкелдім. Өзімнің малымнан басқа мал да бар екен. Таңба, белгісін айтып, қожайындары алып кетті. Екі бас саяқ иесіз қалды. Малшылардың болжамымен малды азаматтарға хабар жіберіп едік. Екі күннен соң біздікі деп тиеп кетті. Бір айдан соң Өтеген Әдешев келіп тұр. Мал белгілері бойынша анадағы иесіз қалған екеу соныкі болып шықты. «Біздікі» деп малды алып кеткендерге барса, «Шымкенттік коммерсанттарға тиетіп жібердік» деп қарап тұр дейді. Бұл іс те сол жабулы күйінде қалды. Тағы бір айтпағым, мал дәрілеріне тапсырыс уақтылы берілмейді. Дәрілердің мерзімі өтіп кеткен. Мал басын ақпараттық бірегей қорға  тіркейтін мамандардың да жұмысын ширату керек. Ветеринария мамандарын аттестациядан өткізу керек. Кей мамандарымыз дәрінің атын білмейді. Сосын үлкен округке бір ғана инспектор бар. Келімді-кетімді қонағы көп, үлкен ауылға бір инспектордың қадағалауы аздық етеді»,- деді шаруа қожалығының иесі Еркін Жабасов.

Учаскелік инспектор Жеңіс Төлеуов мал ұрлығының алдын алу, заңсыз мал тасымалын болдырмау үшін полиция мен мал дәрігерлеріекіжақты байланыс орнатып, ортақ шаралар қолға алу керектігін, мал тиелген көліктерге тексеру жүргізу үшін полиция қызметкерлері чип қарайтын сканермен қамтамасыз етілуі керектігін жеткізді.

Өз тілшіміз

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале