28.02.2020, 17:15
Оқылды: 97

«Мен» спектакліндегі заман үні

Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры поляк драматургі Словамир Мрожектің «Шекарадағы үй» («Дом на границе», аударған Құжырғали Төлеуішов) атты пьесасын  8-9 ақпан күндері «Мен» деген атпен сахнаға шығарды.

Men (3)

Соңғы жылдары аталмыш ұжымның өз қазанында өзі қайнап, ешбір театр фестивальдеріне қатыспай, дара өмір сүріп жатқан театрлардың бірі екенін жасырмаймыз. Егер соңғы бес жылдағы репертуарына мұқият үңілетін болсақ, әлемдік және ұлттық классикалық туындылардың қойылмағанын байқау қиын емес. Шынын айту керек, комедия және трагедия жанрындағы спектакльдердің саны бар да, сапасына келген кезде ауыз толтырып айтатын, көркем-идеялық тұтастығымен елең еткізетін спектакль таппайсыз. Осындай шығармашылық тұрғыдан тығырыққа тірелген театрдың жұмысын жандандыруға өткен жылдың соңында театр директоры болып тағайындалған Салтанат Абулгазиева бірден кірісіп кетті. Бұған жоғарыда аталған спектакльді қоюға режиссер Данияр Базарқұлов пен суретші Тамара Охикянды (Грузия) шақырғаны дәлел.  Бұл бастаманы қуана құптаған ұжым мүшелері жұмыла жұмыс жасап, спектакльдің сәтті шығуына бар күштерін салды. Сонымен бірге театр басшылығы  бұдан былай әрбір жаңа премьераға театр сыншылары мен өнер адамдарын шақырып, шығармашылық байланыстарды күшейтуді қолға алып отыр.

Men (2)

Сонымен екі күн қатарынан аншлагпен жүрген «Мен» қойылымы Орал қаласының өнерсүйер қауымына өзгеше тарту болды. Облыс әкімі Ғали Есқалиев пен облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев, қала әкімі Абат Шыныбеков спектакль премьерасын көріп жылы лебіздерін білдірді. Алдағы уақытта да театр жұмысын жандандыруға қатысты ұсыныстарға қолдау көрсететіндерін айтып ерекше ықыластарын танытты.

Men (6)

Енді спектакльдің көркемдік деңгейі туралы әңгіме қозғайтын болсақ, Д.Базарқұлов таңдап алған туындының басты идеясын бүгінгі күннің өзекті мәселелерімен ұштастыра алған. Абсурд жанрындағы пьесалардың басты назарында әрекет пен шарпысудың бірінші кезекте тұрмайтындығы драма теориясынан жақсы мәлім. Мұнда автор белгілі бір мәселе төңірегінде ақылға сыймайтын жеке ой-толғаныстарын алға шығарады. Сондықтан сахнада көрсетіліп жатқан әрекеттер логикалық тұрғыда сабақтаспайды. Мұның басты себебі көрермендер дағдыға айналған әдеттерден бір сәтке босап, өздерінің ой-қиялдарын әртарапқа шарықтатып, өмір құбылыстарына басқа қырынан қарауға мүмкіндік алады. Мұндай пьесаларда оқиғаның орны мен уақыты нақты емес, ойсыз әрі бей-берекет деректер, түсініксіз мінездер, әрекеттер мен сөздер жиынтығы болып көрінеді. Алайда абсурд драмаларына мұқият үңілетін болсақ, осы элементтердің арасында логикалық байланыстың барын аталған жанрдың көрнекті өкілдері Ж.Жене, Э.Ионеско, С.Беккет тағы басқа өздерінің шығармаларында анық көрсетіп берген еді. Осы драматургтермен қатар абсурд жанрында батыл қалам тербеген С.Мрожектің кез келген туындысы  режиссерлік қиялдың шарықтауына мол мүмкіндік беретінін әлемдік театрлардың мысалынан жақсы білеміз. Ал қазақ театр сахнасында алғаш рет қойылып отырған аталмыш шығарма Д.Базарқұлов режиссурасында өзінше өрнектелді. Пьесадағы көріністер желісі Меннің атынан баяндалатындықтан ғана емес, ондағы ойлардың тереңдігін жеткізу мақсатында режиссер спектакльді «Мен» деп атап, оның тағдыры арқылы өзгелердің санасына сілкініс жасауды көздеген. Сахнада бір отбасының өмірі көрсетілгенімен де режиссер қарапайым халық пен мемлекет билігі арасындағы алшақтықты өткір әжуамен бейнелей отырып, әр адамның өзіндік «Мені» қандай жағдайда өзгеретіндігіне ой жүгірткен.

Спектакль тұтасымен Мен – Ербол Есендосовтың басынан кешкен оқиғаларға құрылған. Әйелі, екі баласы, қайын атасы, қайын енесімен бір шаңырақ астында тату-тәтті  өмір сүріп жатқан Меннің бақытты өмірі аяқ-астынан күл-талқан болып бұзылады. Мемлекеттің тапсырмасымен баса-көктеп кірген төрт дипломат оның үйін екіге қақ бөліп, шекара жүргізіп тастайды.

Актер Меннің жан-күйін, психологиялық толғанысын иланымды жеткізді. Спектакльдің алғашқы сахналарында Е.Есендосовтың әрбір тіл қатуы ойнақы әзіл мен қағытпа қалжыңға құрылып, өз кейіпкерінің жаны жайсаң, мейірімді адам екеніне сендіре алды. Одан кейінгі көріністерде  айналасында өтіп жатқан саяси оқиғалардың шиеленісуі Меннің жанын жаралап,  еңсесін езе бастағанын актер баяу қимылдармен жеткізеді. Өзінің төсегінің үстінен өтетін, яғни шекарадан бөтен адамдардың жер ауып бара жатқанына үнсіз көнеді. Бірде жүресінен отырып алып күйзелсе, енді бірде орнында тұрған қалпы ойға шомады. Режиссер  Меннің  осы сахнадағы көңіл күйін, дәрменсіздігін оның экрандағы бейнесі арқылы әсерлі бедерлеген. Мойнына дейін суға батқан Мен – Е.Есендосовтың көздері мұңға батқан. Бәрін көріп тұрса да үн шығара алмайтын ол қорлық пен зорлыққа еті өліп кеткенін су ішінде есінеу арқылы сездіреді. Оның суға батып тұруы да символдық ойды меңзейді. Яғни белшесінен батқан пенденің сол судан шығу-шықпауы екіталай. Меннің сахнадағы бейнесі бір адамның тағдырын ғана емес, осындай күйді кешіп жатқан көптеген мемлекеттің жағдайын  аңғаруға болады. Демек, өз елінде отырып, басқа мемлекеттердің құрсауынан шыға алмайтын бейшара халді режиссер метафоралық астармен жеткізген.

Спектакльде бір отбасының мүшелері арқылы үш буын ұрпақтың өмір тынысы контрасті бояулармен көрсетілген.  Қойылым басталған кезде ұл мен қыз баланың компьютермен ойнап отырған ойындары үлкен экран арқылы көрсетіліп тұрады. Атыс-шабысқа, қантөгіске, жантүршігерлік қатыгездікке құрылған ойынға құнығып, бастарымен кіріп кеткен екеуі компьютер өшіп қалған кезде ойын әсерінен шыға алмай өздеріне қарай келе жатқан әкелерін «атып» ойындарын жалғастыра жөнеледі. Олардың қолына түсіп қалған әкесі «өліп» құтылады. Оның жығылғанына мәз болған балалары (Заманбек Әшім, Нұржиян Хасанова) масайрап жүгіріп кетеді. Бұл жерде режиссер спектакль прологінен бастап бүгінгі жас жеткіншектердің ата-аналарының бақылауынан кетіп, компьютер құрсауында өз беттерінше өсіп жатқанын көрсетіп өткен. Сол сияқты отбасы мүшелері жиналып, теледидар көруге отырған кезде бірнеше арналарды қосады, ал онда тек жағымсыз жаңалықтар айтылып жатыр. Әйтеуір бір арнадан түрік мелодрамасы жылт еткенде барлығы бірдей сүйсініп қарап қалады. Залдағы көрермен күліп қабылдаған бұл көріністен дәл бүгінгі қазақ телевизиясын түрік сериалдары жайлап алғанын аңғару қиын емес.

Қайын ата – Теміржан Матаев пен Қайын ене – Эльмира Мақашеваның қимыл-қозғалыстарынан, сөздерінен  белгілі бір заңдылықтармен өмір сүруге әбден бейімделіп кеткен адамдарды көруге болады. Әсіресе қайын ененің әр сөзді созып сөйлеуі, тасбақаның жүрісіндей баяу қимылдауы, қайта-қайта сағаттың неше болғанын анықтап айтып отыруына режиссер терең мағына сыйғызған. Дегенмен бұл рольдегі актрисаның дауыс екпінінде жасандылық бар. Орындаушы керісінше, өмірдегідей қарапайым дауыспен сөйлесе нанымдырақ болар еді.

Д.Базарқұлов драматург мәтінін бұрмаламаған, бірақ кейіпкерлердің  диалогтеріне өз тарапынан  қыстырма сөздер қосқан. Айталық, қайын ене – Э.Мақашева әр күн сайын қызына түшпара пісіріп беруді талап етеді. Басқа тамақ жемейтінін айтып жанжал шығарады. Бұл арқылы заманы өтіп бара жатқан адамдардың жаңалықты қаламайтынын ұғамыз. Сол сияқты тамақты көбірек ішкісі келетін қайын атаны кескіндеген Т.Матаев қатып-семіп қартайған адамның өмір бойы тойымсыздық пен ашкөздік қасиеттерін жеңе алмағанын сөздерінен, бет-жүзінен, ишараларымен танытып отырды.

Меннің әйелін сомдаған Тоғжан Габдуловаға абсурд жанрындағы шығармада ойнау қиындық тигізгені бірден байқалды. Ол спектакльдің басынан соңына дейін бір сарынды қалпынан өзгермеді. Тығырыққа тірелген, тұйыққа қамалған, тосқауылға тап болған әйелдің психологиялық өзгерістері оның ойынында мүлде айқындалмаған. Кейіпкердің сөздері бір бояумен, бір эмоциямен айтылды. Тіпті, күйеуімен сөйлесетін соңғы сахнадағы әйелдің жан арпалыстарын жеткізуде де актрисаның  шеберлігі жетпей қалды.

Спектакль оқиғасының ерекше екпін-ырғақпен өрбуіне төрт дипломаттың әрекеті айрықша ықпал етті. Режиссер бұларға бірдей қара костюм кигізіп, көйлектерінің жағасын мойындарына іліп, қалған бөлігін алдарына бос жіберген. Сырт қарағанда мемлекет ісін жүзеге асырып жүрген қызметкерлер болып көрінгенімен олардың жасаған әрекеттерінен бүгінгі күннің «шаш ал десе, бас алатын» шолақ белсенділерін көресіз.

Бұл рольдердегі Жасқайрат Валиуллиев, Азат Мыңбаев, Ақжол Ихсан, Аманжол Сатқанбаев әдемі актерлік ансамбль түзді. Олардың сахнадағы пластикалық икемділіктері, бет-жүздерінің тез құбыла қалуы өз кейіпкерлерінің  жан-жақты ашылуына жақсы көмектескен. Актерлердің ширақ қимыл-қозғалыстары мен сөздері көз ілеспес жылдамдықта, өте жоғары қарқынмен өрістеді.  Халықтың алдында уәде беріп, сырт айнала бере бір-бірінің жағасынан алып салғыласып кететін дипломаттардың  әрекеттерін әжуа-мысқылмен көмкерген. Ал қарапайым халықтың басқан қадамын аңдып, үндерін шығармай, тіпті шекараны сылтауратып бейкүнә кемпірді (қайын ене) атып тастаулары олардың жауыздықтарын паш етеді. Мұндай адамдардың ой-пиғылдары мен өмірлік философиялары актерлердің ойынында театрлық тілмен айшықты бейнеленді. Жалпы қазіргі кезде дәл осындай адамдардың дәуірі үстемдік құрып тұрғанын залдағы көрермен еш қиындықсыз ұғып отырады.

Спектакльдің көркемдік идеясының ашылуына және  мизансценалардың дұрыс құрылуына режиссер мен суретші ойларының бір жерде тоғысуы ықпал еткен. Сахнаның екі жағындағы аппақ қабырғаларға біте орналасқан бірнеше үлкен құлақтар жанды кейіпкерлердің ролін атқарады. Меннің үйіне келген дипломаттардың қандай шешімге тоқталатынын білгісі келген отбасы мүшелері бір-бір құлаққа жабысып, тың тыңдайды. Сахна сыртындағы дипломаттардың сыбырласқан дауыстары ішке бірде естіліп, бірде естілмей тұрса, іштегілердің сөздері  сырт жақтағыларға анық естіледі. Негізінен құлақтарда бірнеше символдық мән бар. Яғни, бұл жеке адамдардың ғана емес, мемлекеттердің де құлақ түріп, бірін-бірі аңдып отырғанын анық байқатады. Шартты түрде Меннің үйіндегі бөлмелер мен  жиһаздардың қызметін атқаратын сахна ортасында орналасқан ұзын тақтайлар алыстан қарағанда шекараның сызығын аңғартады.

Спектакль соңында күш-қуаты сарқылған Мен - Е.Есендосов әбден шаршаған кейіпте көрінеді. Ол шекара асып жатқан адамдарға дел-сал күйде  қарап қалған. Осы сахнадағы режиссерлік ой түсінікті болса да актер ұзақ пауза жасап жіберген. Төбеден түсірілген маскалар шекара асқан адамдардың беймәлім тұңғиыққа сүңгіп, тағдырларының қалай біткенінен хабардар етеді. Ең соңғы сәтте теледидардан «Том мен Джерри» мультфильмін тамашалай отырып, қарқылдап күлген Мен жерге құлайды. Бұл режиссерлік шешім мультфильмде көрсетілгендей әлділердің әлсіздерге жасаған қысымын немесе әлсіз болса да қулығы мен сұмдығы бірінші жүретін адамдардың қайсысы жеңетінін көрерменге жүктейді.

Сонымен Д.Базарқұлов бұл спектаклінде  де әлеуметтік тақырыптарды батыл қозғаудағы ізденісін жалғастырып жатқанын көрсетті. Сахна кеңістігінде өзгеше қозғалып, өзгеше ойлауға және ойнауға болатынына актерлерді тарта алған. Ендеше мұны кез келген театр фестиваліне еркін қатыса алатын  спектакльдердің бірі демекпіз.

Бақыт Нұрпейіс

 өнертану докторы

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық

өнер академиясының профессоры

zhaikpress.kz

 Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале