Қазақстанда аккредитацияланған дипломатиялық өкілдіктер мен халықаралық қаржылық ұйымдардың басшыларымен бірлескен отырыста БҚО-ға инвестиция тарту мәселелері талқыланды. Бұл БҚО басшылығының бастамасымен ұйымдастырылған осындай алғашқы ресми жиын.
Кездесуге дипломатиялық өкілдіктердің 50 шақты басшысы мен ҚР Сыртқы істер министрлігінің басшылығы, «Kazakh Invest» АҚ, Азиялық даму банкі, Еуразиялық даму банкі, Бүкіләлемдік банк, Al Hilal Ислам банкі, БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдері қатысты.
БҚО әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев облыстың инвестициялық әлеуетімен, ірі инвестжобалармен таныстырып, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізген саясаты арқасында елімізде қолайлы инвестициялық климат орнағанын баяндады.
-БҚО-да инвесторларға жан-жақты қолдау бар. Соның ішінде жер телімдерін ұсыну, инженерлік инфрақұрылымды жүргізіп, құрал-жабдықтың импортына кедендік салықтардан босату, мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетінген несие беру, инвестициялық субсидиялар, шетелдік жұмыс күшін тарту құқығы сияқты көпвекторлы қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ инвестор СПК «Аqjaiyq» АҚ арқылы «бір терезе» арқылы толық қолдаумен қамтылады.
2019 жылдың қорытындысын келтірсек, негізгі капиталға инвестицияның үлесі 24,5 пайызды, яғни 584 млрд.теңгені құрады. Соның ішінде ішкі инвестиция 42,7 пайызға артып, 440,3 млрд.теңгені құрады. Батыс Қазақстан облысы ішкі инвестиция үлесі жөнінен республика бойынша 1-орында. Бүгінде облыста жалпы соммасы 1 трлн. теңгеден асатын 42 жаңа инвестициялық жоба іске асуда. Сол арқылы 5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Олардың ішінде 8 жобаға шетелдік инвесторлар қатысуда,- деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Оның айтуынша, ірі жобаларды іске асырып, инвестиция тарту үшін БҚО-да индустриалды аймақ салынуда. Ол үшін облыс орталығына жақын жерден 281 гектар жер бөлінді. Қазір ол жерге инженерлік желілер тартылуда. Сондай-ақ темір жол арқылы жүк жеткізу мүмкіндігі қарастырылған. Индустриалды аймаққа инвесторлар қызығушылық танытуда. Мәселен, нидерландылық инвесторлар 55 гектар жерге жылыжай салуға ниет білдіріп отыр.
БҚО Ақтөбе, Атырау және көршілес Ресейдің бес облысымен шектеседі. Ол аймақтардың бәрін қоса есептегенде облысқа көршілес болып 20 млн.адам тұрады. БҚО-ның географиялық орны транзиттік дәліздердің қиылысында, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолына қосылады.
Облыста өндіріс, машина жасау, құрылыс пен кеме жасау салалары, ауыл шаруашылығы дамып келеді. Қазір модернизациядан өтіп жатқан «Орал» халықаралық әуежайынан Франкфурт (Германия) пен Мәскеуге (Ресей Федерациясы) апта сайын рейстер бар.
Бұл кездесуге жиналғандар шетелдік бизнес қауымдастықтың мәселелерін жан-жақты талқылады.
Жиын соңында Мұхтар Манкеев қатысушыларды мамыр мен қыркүйек айлары аралығында БҚО-да өтетін түрлі елдердің экономика және мәдениет күндеріне белсенді қатысуға шақырды.
Н.Нұрланұлы
zhaikpress.kz