Осыған қуанып отырмыз. Қуанғаннан қолымызға қалам алып, бұл нәтижелі бастаманы басқалардың да білгенін қаладық.
Өйткені мал ұрлығы қай жерде де бар. Жаңақала ауданында да тоқталмай келеді. Ұрылар ойсыратып үйірлеп айдап кетпесе де, жырымдап жымқыруды қоймай-ақ қойған-ды. Оның үстіне ондай сұғанақ қолдарға өзіміз де жағдай туғызып отырғанымыз жалған емес. Себебі мал бағылмайды. Өріске кеткен мал жиі қаралмайды. Көктемде кеткен малды күзде жоқтап, «Ойбай, ұрлап кетті» деп жатамыз. Оның өріс ауыстырып кетуі мүмкін екенін ескермейміз. Ен, таңбасы жоқ малды өзіміз танымаймыз. Ұрланған жағдайда да ұрлықтың ізін суытып аламыз. Бұл жағдайлар ұрыларды әбден еркінсітіп жіберген-ді.
Өткен 2019 жылы Жаңақала ауданы бойынша ішкі істер бөліміне 56 мал ұрлығы тіркеліпті. Бұл тек тіркелгені. Тіркелмеген ұрлықтың бұдан аз емесін ішіміз сезеді. Мәселен, осы жолдардың авторы соңғы бес жылда үш бас жылқы жоғалтты. Әрине, өрістен. Қорадан ұрламағасын «табылар» деген үмітпен жүрміз. Мұндайлар қаншама? Тіркетпеуіміздің тағы бір себебі – ашылуына сенімді емеспіз. Оған дәлеліміз – өткен жылы тіркелген 56 мал ұрлығының 16-сы ғана, яғни 28,5 пайызы ашылды.
– 56 мал ұрлығының бәрі өрістен жоғалғандар. Расымен, ұрланды ма, өріс ауыстырып, аман жүр ме, белгісіз. Бір тұрғын 6 бас малым жоғалды деп келді, бесеуін тапты, өріс ауыстырып кеткен екен. Ұрлық болса да, уақытында хабарламағасын ізі суып, таптыруы қиындап кетеді. Ашылу пайызының аздығы содан, – дейді ішкі істер бөліміндегілер. Ақталу ма, ақиқаты сол ма, кім білсін? Биылға дейін мал ұрлығымен тек ішкі істер қызметкерлері айналысты. Олар іздемеді, жұмыс жасамады деп те айта алмаймыз. Қалай болғанда да мал ұрлығына тосқауыл қойылмағаны ақиқат. Иә, ұрыларды еркінсітетін тағы бір жай – ұрлық ашылып, ұры малдың құнын иесіне екі-үш есе артық төлесе, кешірім бере салатынымыз тағы бар.
Оның үстіне... Айту да, айтпау да қиын. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген, ұрылар мандатпаса, полицияның өзі қосылып ұрлайтынды шығарды. Әбүйір болғанда, азды қанағат етпей, құнығып кеткен, малды атып ұрлайтын бұл ұрылар тобы құрықталды. Қызығын қараңыз, бұрыннан «ұры» деген дардай атағы бары мал иелерінің шығындарын еселеп беріп, кешірім алды да, құтылды. Біреуі ғана тұтылды. Бұл заңымыздың олқылығы еді. Бұдан ұрлықтың жолы кесіле ме?
Осылайша тек полицияның жұмысымен мал ұрлығы тоқтайды дегеннен үміті үзілген жаңақалалық шаруалар ұрылармен күресті өздері қолға алды. Барлығы жиылып, бұл мәселені талқыға салған шаруалар ұрлыққа қатысты біраз мәселенің басын ашты, ортақ ұйғарымға пәтуаласты. Алдымен, заң құрығынан құтылған «атақты ұрыны» ауданнан қуды. Енді мал ұрлығымен ұсталған ұрыға кешірім берілмейтін болды. Айтқандай, шаруалар қазбалай келгенде ұрланған малдың алды Атырау базарына асып, соңы өз облысымыздың орталығына жеткізілетіні мәлім болды. Ұрлық мал еті ешкім күдіктенбеу үшін
Орал қаласына таксилермен жіберілетіні де аян болып қалды.
– Біліп істегені де, білмей істегені де болар, өткен жылғыны көтермей-ақ қояйық. Биылдан бастайық, – деді шаруалар. Бұл білмей істеген аңқаулар текке күйіп кетпесін дегендері ғой.
Расында, таксилер үшін бәрібір, ақысы мен ет анықтамасы болса болды деп ақтауға бола ма? Әрине, жоқ. Ұрыларға жәрдемдесіп, біреудің ақадал малын жоюға араласты ғой. Тиеген еттің анықтамасы бар ма, болса заңды ма? Анықтама басқа жерден алынып, ет басқа жерден тиелген болса неге күдік тудырмайды? Сол сияқты етке анықтама берушілер малдың өзінікі екеніне қалай көз жеткізіп берді? Оның есебінде малы бар ма? Сырға нөмірі сәйкес пе? Айта берсең әңгіме де, заңсыздық та көп. Өткен жыл өтті, болары болып, бояуы сіңді. Енді қыстай ет тасыған таксилер мен етке анықтама беретіндер сақ болсын, заңсыздыққа барса, ұрыларға жәрдемдессе, кешірім болмайтынын білсін, қапы қалмасын деп қаперлеріне бергеніміз.
Қазір мал ұрлығымен белсенді күрес бастаған шаруалар барлық жағдайды бақылауға алып отыр. Ұялы телефондар арқылы ортақ топ ашып, жоғалған мал, бейсауыт жүрген мал, күдікті көлік, тағысын тағылар хабарланып отыр.
2020 жылдың өткен екі айында аудандық ішкі істер бөліміне аудан бойынша он мал ұрлығы тіркеліп, оның біреуі ғана ашылған екен. Әрине, ұрылар ауданға алыстан келген жоқ. Күнде көріп, араласып, арамызда жүрген адамдар. Шаруалар күдікті адамдарды да енді үнемі назарда ұстайтын болды. Ұрлыққа қатысты заңның қатайғаны да құба-құп болды. Енді барлық жағдай қадағаланғасын ұрылар бұрынғыдай еркінси алмайды. Аяғын еріксіз жияды. Бұлайша мал ұрлығымен көп болып күресу көптен айтылса да, қолға алынбай, бастаушы табылмай жүр еді. Ынсапсыз ұрылар халықты еріксіз осыған мәжбүр етті. Енді ұрлық жасап ұсталса, обалы өзіне.
Жалпы, біреудің жан бағып отырған малын ұрлаудың не қажеті бар? «Ұры байымайды...» дейді халық даналығы. Мал ұрлап, байыды деген ұры жоқ. Болмайтын да шығар. «Көп жортқан түлкі терісін алдырады» дейді. Ұсталмаған да ұры аз. Заңнан сытылып, адамды алдағанмен, Алланың жазасынан аман қалған ешкім жоқ. Мұны да еске ұстағаны абзал. Қорыта айтқанда, жаңақалалық шаруа қожалықтары мал ұрлығымен күресті бірігіп және ыждағатты түрде қолға алды. Енді ұрылардың еркінсуіне жол берілмейді.
Өмірзақ АҚБАСОВ
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер