Облыс әкімдігі ғимаратында өңір басшысының бірінші орынбасары Мұхтар Манкеевтің төрағалығымен биыл көктемгі далалық жұмыстарды жүргізуге дайындық барысын пысықтаған жиын өтті. Селекторлық режимде өткізілген басқосуға басқарма, кәсіпорын басшылары аудан әкімдері мен ауылшаруашылық тауар өндірушілері қатысты.
– Ауыл шаруашылығын заманауи агротехнологиялар негізінде жүргізу және еңбек өнімділігін көтеру арқылы дамыту қажет. Бұл тапсырмаларды орындалуы саланың экономикалық өсуіне ықпал ететін болады.
Біз тиімділігі жоғары картоп, көкөніс, майлы және мал азықтық дақылдардың егіс алқабын ұлғайтуымыз қажет. Көктемгі далалық жұмыстарды оңтайлы мерзімде жүргізу үшін барлық керекті шараларды қабылдауға тиіспіз.
Өңір агроқұрылымдарының ауыл шаруашылығында маңызы зор дәнді, майлы, көкөніс-бақша және мал азықтық дақылдарды егу науқанына дайындығын талқылау үшін жиналдық. Қыс жұмсақ болды. Ерте көктем келді. Бұл бір жағынан мал азығын сақтап қалуға мүмкіндік берсе, екінші жағынан ылғалдың аздығын туғызды. Су аздығы мәселесін шешу жолдарын қарастыратын боламыз, – деді Мұхтар Наурызбайұлы.
Басқосуда ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жасұлан Халиуллин көктемгі далалық жұмыстарға дайындық барысы қалай өтіп жатқаны жайында баяндады. Айтуынша, биыл егіс алқаптарын әртараптандыру бойынша нақтыланған жаңа меморандумға сәйкес өңіріміздегі барлық ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 513,9 мың гектарды құрауы керек екен. Оның 240,6 мың гектары дәнді дақылдар, 76 мың гектары майлы дақылдар, 9,4 мың гектары картоп, көкөніс және бақша дақылдарына арналған. Сонымен қатар мал азықтық дақылдарды егуге де айтарлықтай көңіл бөлінбек. Негізінен бір және көпжылдық шөптер егілуі тиіс. Мал азықтық дақылдар егуге арналған жердің 20 мың гектарына бір жылдық, 19,4 мың гектарына көп жылдық шөп, 0,9 мың гектарына сүрмелік жүгері егілмек. Ал 147,6 мың гектарына былтыр көпжылдық шөп себіліпті.
– Аудандардың жұмыс жоспарларына сәйкес барлық егіс алқабы облыс бойынша 518,5 мың гектар құрайды деп күтілуде. Жұмыс жоспарына сәйкес жаздық дәнді дақылдар 173,9 мың гектарға, соның ішінде жаздық бидай 120,7 мың гектар жерге егілетін болса, майлы дақылдарды егетін жер көлемі 75,7 мың гектар шамасында болып отыр. Бұл меморандум көрсеткішінен 0,3 мың гектарға кем. Сондай-ақ картоп пен көкөніс-бақша дақылдары 9,3 мың гектарға отырғызылады деп болжануда, бұл меморандум көрсеткішінен 130 гектарға кем.
Биыл меморандумға сәйкес барлық мал азықтық дақылдар егіс алқабы 187,9 мың га құрауы тиіс еді. Алайда аудандардың жұмыс жоспарына сәйкес барлық мал азықтық дақылдар алқабы 178 мың гектарды құрайды деп күтілуде. Бұл да меморандум көрсеткішінен 10,5 мың гектарға аз болып отыр.
Аталған көрсеткіштердің орындалуы Бөрлі және Теректі аудандарында төмен. Осыған байланысты аудандар мен Орал қаласының әкімдері ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен бірлесіп, жерді тиімді пайдалану және мал шаруашылығына қажетті азықпен қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылға арналған меморандумда көзделген көрсеткіштерін орындау бойынша шаралар қабылдау қажет, – деді басқарма басшысының міндетін атқарушы Ж.Халиуллин.
Жасұлан Жолдыбайұлы облыс әкімінің халық алдында есеп беру кездесулерінде көтерілген мал азығының сапасы мен шығымдылығы туралы мәселелердің шешу жолдарына да тоқталды. Ол үшін басқарма тарапынан аудандар мен Орал қаласының әкімдеріне қосымша 1000 гектарға көпжылдық шөптерді егу туралы ұсынысхаттар жолданған.
Бұдан бөлек ол мал азығын сақтау, көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру, шаруаларды егуге қажетті тұқыммен қамтамасыз ету сияқты мәселені де айналып өтпеді. Басқарма басшысы барлық шаруаны мазалаған жанар-жағармай мәселесіне ле тоқталды. Айтуынша, көктемгі далалық жұмыстарды жүргізу үшін облысқа 12 мың тонна дизель отыны қажет екен. Қазіргі таңда жанармай толығымен бөлінген. Жеткізуші оператор «Батыс Арна» ЖШС. Диқандар дизель отынын литріне 179 теңгеге сатып ала алады.
Қарсыз қыс пен ерте көктем салдарынан өңірімізде су тапшылығы сезілетіні белгілі. Десе де өңір басшылығы бұл мәселені шешу үшін бірқатар жұмыстарды атқарған. Нәтиже де жоқ емес. Кеңес барысында табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ринат Шәуенов өңірімізді сумен қамтамасыз ету жайы қалай болып жатқаны жөнінде баяндап өтті. Ол облысымыздағы су деңгейі өткен жылдарға қарағанда айтарлықтай төмен болатынын жасырмады.
– Қазір арнайы құрылымдар солтүстік көршімізбен бірқатар келіссөздер жүргізіп, Жайық өзеніне қажетті су жіберілетін болды. Ресей жағында қар қалың түсіп, жауын-шашынның көп болғаны да біз үшін тиімді болып отыр. Наурыз айының 10-нан бастап көршілеріміз бізге қажетті судың көлемін секундына 30 метр кубқа ұлғайтқан. Сәуір айына қарай бұл көрсеткіш тағы да өсе түспек. Жорамал бойынша алдағы уақытта өзеніміз суға толатын болады, – деді Ринат Сатымұлы.
Мұнан соң 2020 жылдың көктемгі далалық жұмыстарына несие беру мәселесі туралы облыстық «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалы директоры Ерлан Нысанғалиев баяндады.
– Жалпы биыл көктемгі егіс жұмыстарына 1 млрд. 181 млн. теңге қарастырылған. Оның 830 миллионы республикалық бюджет есебінен. Бұл көрсеткіш былтырғы жылғымен салыстырғанда 20 пайызға көп. Қазір шаруалар 1 млрд. 144 млн. теңгеге сұраныс жасап отыр. Ол сомманың 215 млн. теңгесі қожалықтарға аударылған болса, 115 млн. теңге мақұлданған. Ал 649 млн. теңге қаралымда тұр. Аудандар бойынша айтар болсақ, ең көп несиеге сұраныс жасаған Бәйтерек, Тасқала, Теректі, Бөрлі аудандары. Биыл несие алуға 48 шаруа қожалығы сұраныс беріп отыр. Әзірге көрсеткіш былтырғы жылғыдан аз болғанмен, корпорация әлі де несие алушылардың сұраныстарын қарастыратын болады, – деп сөзін түйіндеді Ерлан Беркінұлы.
Кеңес барысында «Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС-нің басшысы Серік Аманжолов көктемгі егіс жұмыстарын жүргізудің ерекшеліктеріне қысқаша шолу жасап, қандай әдістерді көбірек пайдалану керектігі жайында мағлұмат берсе, «Тұлпар LTD» ЖШС басшысы Валерий Голоухов майлы дақылдарды өсіру технологиясы туралы кеңестерімен бөлісті.
Бұдан бөлек аудандардың көктемгі егіс науқанына дайындығы қалай жүріп жатқаны тыңдалды.
– Биыл көктемгі дала жұмыстарының ұйымдастырылуына жағдай жасау үшін облыс басшылығы тарапынан біраз іс атқарылғанын атап өткім келеді. Өсімдік шаруашылығы саласын дамытуға облыстық бюджеттен
923 млн.-ға жуық теңге бөлінді. Биылғы егіс алқаптарының жоспарланған құрылымында жаздық дәнді дақылдарды 105 мың гектарға, майлы дақылдар 76 мың гектарға, мал азықтық дақылдары 40 мың гектарға, картоп және көкөніс-бақша дақылдарының егісін 9,4 мың гектарға дейін ұлғайту қажет. Бұл үшін облыс шаруашылықтарының бар мүмкіндіктерін пайдалануға тиіспіз. Дәнді дақылдардың өнімділігі мен сапасын арттыру біз үшін бірінші кезекті міндет – ылғал үнемдеу технологиясын енгізу және сүрі жерлерді ұлғайту арқылы күздік дәнді дақылдар егісін арттыру болып отыр. Бізде картоп, көкөніс-бақша дақылдарының алқабын ұлғайту үшін мүмкіндіктер мол екенін тағы да естеріңе саламын, – деп кеңесті қорытындылаған облыс әкімінің бірінші орынбасары егуге қажетті дән жетіспейтін аудандарды керекті тұқыммен қамтамасыз ету 1 сәуірге дейін тракторлар мен басқа да техникаларды жөндеу жұмыстарын аяқтау, меморандумда жоспарланған дәнді, майлы, мал азықтық, көкөніс-бақша дақылдары мен картопты себу, шаруашылықтарды дизель отынының қажетті көлемімен уақтылы қамтамасыз етуге қажетті шараларды қабылдау керек екенін де айтты. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы облысты биыл сумен оңтайлы қамтамасыз ету үшін Жайық өзенінен Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесінен механикалық көтеру жолымен су беру мәселелерін пысықтауды тапсырды. Сондай-ақ Мұхтар Наурызбайұлы ауыл шаруашылығы басқармасы, Орал қаласы мен аудан әкімдері былтырғы мал қыстағына дайындалған азықтың ауыспалы қорын алдағы мал қыстауына сақтау бойынша шараларды қабылдап, жайылымдарды суландыру үшін құдықтарды қазу жұмысын жалғастыру керектігін де тапсырды.
Түгелбай Бисен
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер