13.03.2020, 17:13
Оқылды: 276

Жеті атаңды білесің бе, жеткіншек?

Жеті атаны білу – ұлыстың ғұмырнамасы, қазақы салт пен сананың сары сандығы, жөн-жоралғының бұлжымас ережесі, қан мен тек тазалығының кепілі. Бұл – халық дәстүріндегі ата тек таралуының нақты жүйесі. Ал жаһандану заманындағы бүгінгі ұрпақ аталмыш ұғым туралы не біледі? Руға бөлінудің астарында айтарлықтай мәселе бар ма, өзі?

7 ата

Жоғарыда қойылған сауалға жауап берудің маңызы қандай дегенге өзіңіз де бір ойланып көрерсіз. Себебі әр қазақ шаңырағында өскен бала кішкентайынан-ақ өзінен бастап тура жеті атасының нақты есімдерін жаттайды. Бұрынғылардың жөн сұрасқанда «Ата-тегің кім?» деуі де осыдан шыққан болса керек.

Ен даланы еркін мекендеген ата-бабамыздың осы тақырыпқа келгенде ерекше талап пен қаталдық танытуының сыры неде? Сөзімізге мысал ретінде, ХVІІІ ғасырдағы оқиғаны қағазға түсірген Шәкәрім ақынның «Қалқаман-Мамыр» дастанын алсақ. Екі жастың көңіл жарастырып, сөз байласса да жетінші атадан туыс болып келетіні бар жағдайды өзгертпейді ме? Сезіміне тоқтау сала алмаған Мамыр қыз атаулыға кір келтірді деп танылып оққа ұшса, Қалқаман елінен безіп нағашы жұртын пана тұтқан. Ал 1926 жылы сахналанған М.Әуезовтің «Қаракөз» драмасы да осы тақырыптың қазақ үшін қаншалықты қымбат екенін дәлелдейді. Онда немере ағасы Сырымға ғашық болған бойжеткен махаббат дертіне құса боп есінен адасса, сүйгенінен тірілей айырылған сері жігіт сергелдең өмірге түседі. Ал кейбір тарихшылардың пікіріне мән берсек, жеті атаға жетпей қосылған ғашықтарға Тәуке ханның «Жеті жарғысында» өлім жазасы кесілген. Ұрпағын осындай қиянатқа ұшыратып жүрегін қан жылатса да, ру дәстүрін сақтаған халықтың ойлағаны не?

«Бала. Әке. Ата. Арғы ата. Баба. Түп ата. Тек ата». Өзімізге дейінгі ата-бабадан бастап таратылатын шежіре осылайша жіктеледі екен. Бұл атаулардың басқаша айтылуы да мүмкін. Дегенмен жеті ата жолының жоғарыдағыдай таратылатынын шежіре кітаптардан анық көруге болады. Бұл жөнінде тасқалалық Арон Жұбанышев әңгімелеп берді.

Арон

– Қазақтың қай дәстүрін алып қарасаң да үлкен даналық пен тұнық тәрбиеден тұрады. Әсіресе халқымыздың ұрпақ тәрбиесіне аса мән бергенін, жас буынды өсіруде ерекше талап көрсеткенін байқаймыз. Неге? Себебі қазақ ұғымында «шаңырақтың киесі» деген бар. Бұл – отбасының берекелі, ынтымақты болуын қадағалағаннан туған дүние. Сол отбасының бар ырысы сәбиде деп түсінген. Осы орайда баланың тілі шығып, ес біліп қалған шағында оған жеті атасын жаттатқан. Бұл баланың өзінен бастап әкесіне, одан атасына қарай көшіп отырған, – дейді ауыл ақсақалы.

Сексеннің сеңгіріне жеткен Арон атаның айтуынша, адамның жеті атасымен бірге олардың туыстық жағы жалғасады. «Тек атадан» асқан адамдарға қыз алысып, құдалық қатынасқа көшуге жол ашылады. Сегізінші атаға келгенде бұрынғының ақсақалдары айналадағы ел-жұртқа хабар беріп, жастарды қосатын болған. Осылайша тек бір әулеттің емес, жаңа рудың өмірге келуіне мүмкіндік берген.

Жеті ата тақырыбында өз ойын ортаға салған Арон Жұбанышев бүгіндері өзі де шежіре жинаумен айналысып жүр.

– Шежіре жинағаныма он жылдай уақыт болып қалыпты. Тек өзімнің руымды емес, өзге ру шежірелерін де жинап жүрем. Негізі көбі ата-тегін сұрай қалсаң құжат бойынша айтады. Алайда құжатта қате көп кеткен. Оның үстіне өткен замандарда болған қуғын-сүргін кездерінде көп адам есімдерін өзгерткен ғой. Мысалы, менің өзімнің тегім Жұбанышев. Ал ата-тегімді түгендесем, Жұбаныш деген адам болмаған. Ол сол кездегі есімдерін өзгерткеннің себебі. Қазір қыздарым Жұбанышева болып жүр. Немерем, Аронов деп менің атымды алды. Сол секілді сұрақ тудыратын мәселелер көп. Ата-тегін білу арқылы, адам өзінің шыққан тегінің тарихын біліп отырады. Жай ғана руын айтып қарап отырғаннан, оның шыққан тарихын біліп отыру әлдеқайда жақсы емес пе? –  дейді ақсақал.

Халқымыз ру дәстүрін ұстанған отбасылардан саналы ұрпақ тарайды деп болжаған. Себебі қан тазалығы сақталған жерде адамның денсаулығы да жақсарады екен. Ғалымдардың айтуынша, өзге ұлт өкілінің жігіті мен бойжеткені шаңырақ көтерсе олардан туған бала әдемі болатын көрінеді. Өйткені ешқандай туыстық қатынас бұл жерде жоқ. Сол секілді жеті атадан асқан қазақ азаматы мен сұлуы неке қидырса олардың ұрпағы сымбатты ғана емес, саналы, әрі ойлау қабілеті де жоғары болмақ. Бір қызығы, бұл айтылғандар қазіргі медицина тұрғысынан дәлелденген.

Жеті ата мәселесін бір мақаламен айтып шығу мүмкін емес. Себебі қазақ елімен бірге пайда болған ұғымның біз білмейтін қыры әлі көп. Алайда бір түйгенім, алыстан қыз алысып құда болу, ел өрісін кеңейткенмен тең. Ойланып көрейікші, Мамыр өлгенде Қалқаман қайда барар еді, нағашы жұрты болмаса? Өріс дегеннің өзі осы емес пе?

Әсемгүл Аманова

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале