20.03.2020, 14:46
Оқылды: 85

Мал бағымына ауыл тұрғындарының қолдауы қажет

Мал өсіру – біздің басты тұрмысымыздың кілті болып табылады. Ерте кезде халқымыз ен даланы малға толтырып, қыста қыстаққа, жазда жайлауға көшіп отырған. Бұл нені көрсетеді? Бұның себебі – алты ай қыстақтың орнын демалдыру, яғни сол ортаны сауықтыру болған. Осындай алма-кезек орын ауыстырып, мал баққан соң халқымыздың мекендерінің айналасы да, ауасы да, қазіргі тілмен айтқанда, экологиясы да таза күйінде сақталған.

83697FB7-F665-4990-B262-9347382B992C

«Nur Otan» партиясы Казталов аудандық филиалының мәжіліс залында аудан әкімдерінің орынбасарлары мен мекеме басшыларының қатысуымен өткен жиында мал бағымын ұйымдастыру жұмыстары туралы бірқатар мәселелер айтылды.

Мал бағу мәселесі бойынша жуырда ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтің төрағаларымен және мал бағатын азаматтармен кездескен болатынбыз. Бақташылардың ұсыныстары бойынша 1 сәуірден бастап мал бағу басталады. Орталықта 5 бағыт бойынша және 3 елді мекенде мал бағылады. Соның сыртында 2 бағытта жеке тұрғындардың бойдақ малдары бағылатын болады. Ұсақ малды шығаруға әлі жұмыстанып жатырмыз.  Әрбір көшеден қойы бар адамдардың тізімін шығарып қойып отырмыз. Аудан орталығында 375 тұрғынның қой-ешкілері бар. Бүгінгі таңда санақтың қорытындысы бойынша 8472 бас қой-ешкі бар, өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көбейіп отыр. Бұл мәселе қауымдастықтың отырысында талқыға салынды. Малды аудан орталығының ішінде емес, ауыл шетінде бағуды ұйымдастыру түйткілдері шешіліңкіремей тұр. Екі СПК арқылы бағуды ұйымдастыруды және жеке тұрғындарға салмақ түсірмес үшін 1000 ірі қараға қоршау жасауды қолға алып отырмыз. Күні кеше мамандармен бірге рейд жұмыстары жүргізілді. Өкінішке орай малдың жол және тротуардың үстімен жүрулері тыйылмай тұр, - деді өз сөзінде округ әкімі Жүсіп Шакуов.

Казталов ауылында 5 мыңның үстінде тұрғын бар. Шарбақ саны - 1274. Енді осы шарбақтан қаншама мал шығатыны бізге беймәлім. Бір сөзбен айтқанда, ауыл тұрғындарының тұрмыстары жақсарып келеді. Жылқы далада жүретіні сөзсіз. Ол 5 бағытта жайылымға шығады. Ал жаңағы айтқан ірі қара мен қой-ешкі таңертең қорадан шығып, кешке қарай ауылға келеді. Яғни таңертеңгі және кешкі мезгілдегі өрістен малдың келген уақытында ауылдың ішін қалың шаң басады. Бұл онсыз да шөлейтті аймаққа орналасқан ауылымыздың экологиясын одан сайын бүлдіре түсуде.

Енді не істеу керек? Қазіргі күнде өңіріміздің кей аудандарында халық көп қоныстанған ауылдардың малдарын жаз айында ауылдың шетінде ұстауға жағдай жасалуда. Мәселен, осындай шаруа Шыңғырлау ауданында біраз жыл бұрын қолға алынып, іске асырылып келеді. Сол ауданда болып, көзімен көргендер Шыңғырлау ауданының орталығы тап-таза, экологиясының да қалыпты екенін айтып жүр. Біздің аудан орталығында да осындай істі неге қолға алмасқа? Қауымдастық және қоғамдық ұйым мүшелері белсенді жұмыс жасаулары тиіс. Әрине, қоғам мүшелеріне ауыл тұрғындарының қолдауы аса маңызды. Халық болып бір пәтуаға келсе, бұл шаруа іске асары сөзсіз.

Жұлдыз Асқар

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале