Пандемиялық індетке байланысты еліміздің шекаралары жабылғаны белгілі. Соған орай«Алматы – Саратов» пойызы «Алматы – Орал» деген атау аталған еді. Алматы қаласы карантинге жабылуына байланысты бұл пойыз да уақытша тоқтады. Алатау баурайынан шыққан «соңғы» рейс наурыздың 22-сінен 23-іне қараған түні Оралға келді.
Құзырлы құрылым өкілдері берген мәлімет бойынша аталмыш пойызбен БҚО аумағына 309 жолаушы келсе, оның 237-сі Орал вокзалынан түсті.
Барлығы ҚР азаматы болып табылатын жолаушылардың дені - студенттер. Алматыдан ем-дом алып келе жатқандар да бар. Алматыдан Оралға билет болмауына байланысты біразы Шымкент арқылы келген.
Сауалнама парағын толтырту тәртібінің енуіне байланысты вокзалда біраз әбігер туғаны рас. Яғни жерасты жолымен келген жолаушыларға бірден вокзалға кіруге шектеу қойылды. Полиция қызметкерлері 10-15 адамды кезекпен кіргізіп тұрды. Каратиннен 'қашып', туған жеріне келе жатқан Артем есімді жас жігіт мұндай шараны дұрыс ұйымдастырмаған деп санайды. Ол Алматыдан бері 4-5 рет осындай сауалнама толтырып, жолсерікке берген көрінеді. Сондай сауалнамаға байланысты біраз уақыт жерасты жолында тұруға мәжбүр болған. Әсіресе ота жасатып келе жатқан, егде тартқан адамдарға қиындау түскен.
Ал Қызылорда облысынан оралған оралдық Гүлсара Нәжімова бұл шараны дұрыс деп санайды. 'Мен де 30 минуттай күтіп қалдым. Қазіргі жағдайға байланысты талап сондай. Сабыр сақтап, әр нәрсеге түсіністікпен қараған жөн. Негізі дүрбелең туғызып жатқан жолаушылардың өздері", - дейді ол.
- ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бойынша 19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан келетін жолаушылардың бәрі сауалнама парағын толтыруда. Бұл пойыз, ұшақ сынды көліктермен келген адамдар тобына арналған мәліметтер базасын жасауға мүмкіндік береді. "Жаман айтпай, жақсы жоқ" ертең біреуден ауру белгісі табылып жатса, біз оның қандай пойызбен, қашан келгенін, вагонда, купеде кімдермен болғанын бірден анықтаймыз. Егер бұлай жасамасақ, ол кісімен бірге келген адамдарды анықтау үшін көп уақыт жоғалтуымыз мүмкін.
Бастапқы кезде жолаушылардың уақытын алмау үшін бұл парақты пойызда толтыртып, жолсеріктер арқылы алып жүрдік. Артынан парақтағы мәліметтерді қарасақ, жолаушылардың біразы дұрыс жазбағанын анықтадық. Бірі аты-жөнін, ЖСН (ИИН), телефондарын жалған көрсетсе, келесілері шетелге шығып, шықпағанын, аурумен байланыста болып, болмағанын жазбаған. Сол себепті осындай шараға көштік, - дейді ҚР ДСМ Көліктегі тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті Орал бөлімшесінің басшысы Айтқали Батыров.
Сауалнама парағы тапсырылған соң, тепловизор арқылы жолаушылардың дене температурасы қаралды. Әйтеуір жолаушылардың баршасының температурасы қалыпты болып шықты.
Бір сағатқа созылған осы шара барысында тауарлар мен қызметтер сапасын бақылау құрылымдары мамандарының, әсіресе нәзік жандылардың уақытпен санаспастан еңбек етіп жатқанын көріп риза болдық. "19 науырыздан бері осындай режимде еңбек етіп келеміз. Бүкіл әлемге, соның ішінде елімізге қауіп төндірген СОVID-19 дертін тек бірігіп және жеке бас гигиенасын ұстанып, тиісті тәртіпке бағынып жеңе аламыз. Бізді түсініп, күн демей, түн демей балаларымызды алып қалып, барынша жағдай жасап отырған ата-анамызға, жұбайларымызға, қолдап жатқан барша жұртшылыққа рахмет" дейді олар.
Айта кетейік, бұрын Орал темір жол вокзалынан 8 жұп пойыз жүрсе, енді тек екеу жүрмекші. Яғни «Орал-Бурабай» («Бурабай-Орал») және «Орал-Семиглавый Мар» («Семиглавый Мар – Орал»).
Сәкен Мұратұлы
Суреттерді түсірген Эльвира Меңдіғали
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер