«Volunteers aksay» орталығының еріктілері әлемдік індеттің таралуын орай халыққа тегін бетперде тігіп, тарату жұмыстарын қарқынды жүргізуде.
Орталық волонтерлары қарапайым халыққа, соның ішінде жағдайы төмен, жалғызбасты, отбасында ерекше күтімді қажет ететін мүшелері бар отбасыларға тегін бетперде (маска) таратуда.
«Бетперде тапшылығын халық сезінді. Дәріханадан таппай сенделген жұрт көп болды. Тіпті бағасы аспандап кетті. Мұны байқаған ерікті жастар дереу іске кірісті. Медициналық бетперде дәкемен қатар мақта-матадан тігіліп жатыр. Бұл маскаларды жуып, үтіктеп, қайта қолдануға болады. Әзірге 500-дей бетперде тігіп таратылды. Әлі де тігудеміз. Бетпердемен бірге бір реттік медициналық қолғаптар және індеттен сақтану жолдары жазылған нұсқаулықтар үлестірілуде.
Бүгінде «үйде отырыңыз» деп ескерту жасағанмен, жұмыс бабымен сыртта жүргендер кездеседі. Сол үшін бетперде киіп жүру міндетті. «Сақтықта қорлық жоқ» дегендей, әлемді дүр сілкіндірген індетпен бірге күресуге тиістіміз. Ол үшін ең абзалы сақтық шараларын міндетті түрде сақтау. Қажет болса үйде отыру.
Қайырымды жандар арамызда әлі де көп екендігі осындай қысылтаяң шақта байқалады. Сол себепті қатарымызға қосылып, қолдау көрсетемін деген еріктілерді күтеміз»,- дейді «Volunteers aksay» орталығының жетекшісі Руслан Азаматов.
Сәнім Меңдібай
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz