Еліміздегі орын алған қиын шақта шыңғырлаулық әйелдер қарап отырмай аудан орталығындағы тігін цехымен келісіп, қолдан іс келетіндері тігін машинасына отырды.
Ал бірнеше әйел үйдегі іс машиналарында жұмыс істеді. Бұған жергілікті дәріханаларда, аяқ жетер жерлерде бетперденің жоқтығы, оны тез арада сатып алу мүмкін еместігі себеп болды. Нәтижесінде тұрғындар, соның ішінде көпбалалы отбасылар тегін бетпердеге қол жеткізді.
«Қоғамның бел ортасында жүретін әйел жамағаты қашан да тығырықтан жол табары сөзсіз. Әйелдер әлемді тұқыртқан пандемеяның күн санап өршіп келе жатқанына байланысты сақтық шараларын тұрғындар арасында насихаттап, әрі сабырға шақыруда. Сонымен қатар бетперде тігіп, оны тұрғындар арасында тегін үлестіруге атсалысып жүр.
Аталған игілікті шараны жеке «Марфуға» тігін цехының,«Шыңғырлау әйелдері» қоғамдық бірлестігінің, «Ізге-ай» татар мәдени орталығының қыз - келіншектері мен жастар тобынан құралған еріктілер атқарды. Қолдан тігілген бетперделер үйлерінде отырған, мүгедек жандары бар отбасы мүшелеріне және Ақтөбе-Орал тас жолы маңында орналасқан блокбекеттің қызметкерлеріне үлестірілді.
Келесі тігілген бетперделерді көше жүргіншілеріне, дүкен маңайында үлестіру жоспарлануда.
Бұл шыңғырлаулық әйелдердің қауіпсіздік шарасына қосқан үлестері әрі өзгелерге үлгі болсын деген ниеттен туған іс болды.
Айсұлу Амангелдіқызы
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz